Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Көп дедік қой, сол жолдарды көзі шалған оқырманда «Көп болғанда қанша?» дейтін сауал туатын шығар. Ресми дерекке үңілейік. Ғылым және жоғары білім министрлігінің (2022 жылғы ақпандағы) деректері бойынша елімізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысатын әйел ғалымдардың үлесі 50%-дан асады (10 мыңға жуық әйел). Олардың ішінде: 714 әйел – ғылым докторы, 2 427 – ғылым кандидаты, 992 – PhD, 28 – бейіні бойынша докторлар. «Әйелдер көбіне ғылымның қай салаларында жұмыс істейді?» дегенге келсек, медициналық ғылым саласында – 71%; әлеуметтік ғылымда – 62%; гуманитарлық ғылымда – 59%; жаратылыстану ғылымдары саласында – 53%; ауыл шаруашылығы ғылымдарында – 45%; техника және технология саласында 44%-ды құрайды.
Ғалым әйелдер ғылыми өндірісте де белсенді. Жақында Ғылым қоры ғылыми қызметпен айналысып жүрген әйелдер саны артып келе жатқанын хабарлаған еді. Аталған ұйымның дерегіне қарағанда, қор желісі бойынша коммерцияландыру жобаларында басшылар арасында шамамен үштен бірі – әйелдер. Олар өздерін медицина, ауыл шаруашылығы, экология және тамақ өнеркәсібі сияқты салаларда көрсетіп келеді. Патент бағытында да белсенді. Ғылым қоры патент авторларының 222-сі – әйелдер.
Зерттеуді емдеуге ұштастырған
Ләззат Ералиева – Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, педиатр, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Сонымен қатар ол – 150-ден аса мақаланың, 2 ұлттық нұсқаулықтың, монографиялар мен әдістемелік нұсқаулықтардың, 4 өнертабыс патентінің авторы.
– С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне дәрігер боламын деген арманмен оқуға түсіп, Педиатрия факультетін бітірдім. Университетте үздік оқып көзге түскендіктен, ординатураға түсерде мені әртүрлі факультетке шақырды. Өзім де балалар хирургиясы, балалар онкологиясы секілді бағытпен айналысқым келетін. Бірақ біреуін таңдау керек, сөйтіп, «Балалардағы жұқпалы аурулар» бағытына бет бұрдым, таңдауымның дұрыстығына кейін көзім жетті. Ординатурада ғылыми зерттеулермен айналысып, зерделеу, сараптау, сандармен жұмыс істеу, статистика жүргізу маған ұнайтын. Түнгі ауысымдағы дәрігерлік қызметімді атқара жүріп оқуымды, зерттеу жұмыстарымды аспирантурада жалғастырдым. Аспирантураны уақытынан ерте аяқтап, кандидаттық диссертациямды қорғадым. Ондағы ғылыми зерттеуім сол кездері өте сирек қозғалатын «Балалардың ішек микрофлорасы» тақырыбы еді. Бұл уақытта тіпті дисбактериоз туралы да көп айтылмайтын. Сөйтіп, балалардағы жұқпалы аурулар кезінде ішек микрофлорасы жұмысының қалай өзгеретінін зерттедім, – дейді Л.Ералиева.
Кейіпкеріміз кейін қоғамда қызу талқыланған, балалардың денсаулығына зиян келтірген менингококк қауіпті инфекциясына назар аударды. Осылайша, ол балалар арасындағы менингит инфекциясын зерттеу бағытына келді. Өйткені сол уақытта аталған инфекцияны жұқтырған балалардың өмірімен күні-түні күресіп жүрген дәрігерді бұл мәселе қатты алаңдатып, оның себебін анықтауға, зерттеп, шешімін табуға білек сыбана кіріскен. 2010 жылы докторантурада «Бактериалды менингит» тақырыбында диссертациясын қорғады.
– Қазір Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесінде пневмококк инфекциясына қарсы вакцина бар, бұл пневмококк менингитіне де қарсы қолданылады. Мен докторлық диссертациямды қорғағанда, ол аталған тізімде болған жоқ және балалар бұл инфекциядан қорғалмаған еді. Менің пневмококк менингитіне арналған ғылыми-зерттеу еңбегім оған қарсы вакцинаны Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілуіне негіз болды. Кейін өзім бітірген жоғары оқу орнында Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры ретінде, содан соң сол университетке қарасты Б.Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу институтының директоры ретінде ғылыми жұмыстарға жетекшілік еттім. Бұдан әрі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының ғылыми-клиникалық жұмыстар бойынша директордың орынбасары қызметінде жүріп те ғылыми және емдеу қызметімді қатар алып жүрдім. Өйткені білікті дәрігерлердің еміне мұқтаж пациенттердің әрдайым жанынан табылғым келеді, ал әрбір клиникалық жұмыс ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді, – деді кейіпкеріміз.
Л.Ералиева былтыр Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Өмір және денсаулық» бағытын басқаруға шақырту алды. Еңбек жолын сонау 2000 жылы дәрігер болып бастаған ол академияда жүріп те клиникалық қызметіне қоса ғылыми жұмысын, ғылыми мақала жазып, жариялауды жалғастырып жүр.
– Мұның бәрі қажырлы еңбекті талап етеді, өйткені ғылыммен айналысу үшін ғылыми әдебиеттерді көп оқуға, халықаралық конгрестер мен конференцияларға қатысып, ғылыми қауымдастықпен араласып, отбасы тірлігін қоса атқаруға тура келеді. Көбі ғалым әйелді көзәйнектегі, қартайған адам ретінде елестетеді. Бірақ қазір заман басқа, осы күнгі ғылымда жүрген әйелдер образы әртүрлі, бір типте емес, олар заманауи қажеттілікті меңгерген. Мысалы, мен де қоғамдық қызмет ретінде әлеуметтік желідегі парақшамда ата-аналарға арнап балалар ауруларының алдын алуға бағытталған кеңестерімді ұсынамын. Бұл да қоғам алдындағы жауапкершіліктен туған, – деп түйіндеді ол сөзін.
Ым тілі жүйесін жасаған маман
Нұрзада Амангелді – ІТ маманы, PhD, ерекше қажеттілігі бар жандар үшін бірегей жоба дайындаған ғалым. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде сабақ беріп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Өзекті тақырыпты таңдауы халыққа пайдалы іс болсын деген ниетінен туғанын айтады.
– 2019 жылы докторантураға түстім, сонда кафедра тарапынан жетекшілер мен тақырыптары ұсынылады. Сол кезде елімізде осы мәселемен айналысып жүрген Сәуле Әлжанқызын жетекші ретінде таңдап, ым тілін тануға арналған әдістерді зерттеуге кірістім. Әр жұмыстың нәтижесі де түпкі ниетке байланысты екені белгілі, қазіргі таңда команда құрып, алдағы үлкен мақсатқа бет алдық. Жүйе болашақта ым әліпбиін, ым тілін білетін сурдоаудармашыларды даярлай алады. Мұндай мамандар түрлі мемлекеттік ұйымдарға қажет. Бүгінгі таңда біз мобильді қосымша жасауға кірістік. Оның көмегімен ым тілімен өзара сөйлесуге болады. Сөйлеуді мәтінге, мәтінді ымға және керісінше түрлендіретін жүйе құрылады. Осы жобамның нәтижесінде ерекше қажеттілігі бар жандар мектепте ыңғайлы, еш кедергісіз оқуға, медициналық және мемлекеттік мекемелерде қызмет алуға, сондай-ақ еркін сөйлесуге мүмкіндік алады. Осы тақырыпты түбіне дейін зерттеп, өз үлесімді қосу – азаматтық борышым, дейді Нұрзада.
Кейіпкеріміздің ғылыми жобасы жасанды интеллектіге негізделіп, сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған. Жүйе қазақша ымдау тіліне бейімделген, дәл осы бағыты аталған жүйенің басты бірегейлігі, артықшылығы болып тұр. Жүйені әзірлеу барысында автор бір ымның бірнеше нұсқасын дайындаған екен. Ғалым оларды көрсетілу күрделілігіне сәйкес топтарға бөліп, әрқайсысы үшін жасанды нейронды желі моделін әзірлеген.
– Ғылыми зерттеуді қолдау мақсатында университет тарапынан JANA ASU ішкі грантымен 2022, 2023 жылы екі рет қаржыландырылды. 2023 жылы желтоқсан айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қолдауымен Әлемдік банктен қаржылай қолдау алдық, соның нәтижесінде жұмыс тобы құрылып, жабдықтар алынып жатыр. Аталған грант бір жылға ғана беріледі, жыл ішінде көлемді жұмысты соңына дейін жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Ғылым қоры жариялаған конкурсқа биыл тағы өтініш жібердік. Былтыр өтпей қалған едік. Осындай инновациялық жобалар мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болғандықтан, біз де қатысуға мүдделіміз. «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президентімен кездесуде балаларды оқытуға қатысты түйінді мәселенің барын білдім. Қазақша және басқа тілдерде ымдау тілін үйретуге арналған зияткерлік тренажеріміз есту қабілеті бұзылған балаларға үлкен көмек көрсететін қажеттілік болып тұр. Мұндай оқыту жүйесі балаларға ымдау тілін және қоршаған ортада қарым-қатынас жасауды үйренуге мүмкіндік беретін тиімді қарым-қатынас құралдарымен қамтамасыз ете алады. АҚШ пен Қазақстанның ғалымдар тобы біздің елдегі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін білім беру және оған қолжетімділік саласында бірқатар зерттеуді бастады. Біздің бірлескен жұмысымыз елімізде ғана емес, Орталық Азияда пайдалы болатын үлкен ғылыми жобаға айналады деп сенеміз, – деді ғалым Н.Амангелді.
Осы жасап шыққан жүйесі, яғни ғылыми еңбегі докторлық диссертациясына да арқау болған. Диссертациялық кеңес оның еңбегін өте жоғары, халықаралық деңгейдегі жұмыс ретінде бағалаған. Бірақ кейіпкеріміз түпкі мақсатына жетпейінше тоқтамайтынын жеткізді. Н.Амангелдінің көздегені – бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, өнімін мұқтаж тұтынушыға жеткізу. Біз оның бұл шешімінен қайсарлық пен табандылықты байқадық.
Өсімдік сүтінің авторы
Гүлназым Оспанқұлова – биология ғылымдарының кандидаты, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, өсімдік сүтін ойлап тапқан ғалым.
Кейіпкерімізге өсімдік сүтін өндіру идеясы америкалық химик, ғылым докторы Темур Юнусовпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде келген екен.
– Т.Юнусовтың АҚШ-тағы технологияларды коммерцияландыру саласындағы үздік тәжірибесі осы жобаны елімізде іске қосуға түрткі болды. Лактозаға және жануарлар ақуыздарына аллергиясы бар адамдар қатары кейінгі кезде көбейіп барады. Осыған қоса шетелдік өнімге 100% тәуелділікті, сүтке балама өнімдерге сұраныстың, вегетариандық, дұрыс тамақтануды ұстанатындардың артуын, сондай-ақ отандық шикізат нарығын ескере отырып, зерттеулерімізді бастадық. 2017-2018 жылдары бастамашыл зерттеулер жүргіздік, сол зерттеулеріміз болашақтағы Ғылым қоры қаржыландырған «Өсімдік шикізаты негізінде сиыр сүтін алмастырғыштар өндірісін жолға қою» атты коммерцияландыру жобасының негізі болды. Осы жылдың соңына қарай өнімдердің бірінші партиясын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл бидай, сұлы, күріш және өсімдік сүтінің басқа түрлері алынатын сүт ұнтағы болмақ. Мұндай өнімдердің жануарлар сүтінен айырмашылығы – құрамында, яғни аз мөлшерде қаныққан майға ие, холестериннен толығымен ажыратылған, консервантсыз, адамдардың денсаулығын сақтауға, иммунитетті нығайтуға көмектесетін қоректік заттардың ерекше кешені болуымен байланысты, – дейді Г.Оспанқұлова.
Мәселе жаңа өнімнің әлеуметтік және экономикалық тұрғыда тиімді, яғни нарықта сұранысқа ие болуында ғана емес, жануар сүтін ішкеннен аллергиясы қозатын адамдарға таптырмас көмек екенінде болып тұр. Мұның бәрі – ғалым Г.Оспанқұлованың үздіксіз ізденісі мен белсенділігінің нәтижесі. Себебі ол гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың әртүрлі ғылыми жобасына басшы, кеңесші немесе орындаушы ретінде ұдайы қатысады. Оның жетекшілігімен 20-дан аса жоба іске асырылған.
– Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде биология-география факультетінің 3-курс студенті кезімде микроорганизмдердің генетикасы бойынша зерттеумен айналысқан нағыз ғалымдармен (Гаяне Погосян мен Константин Ли) жұмыс істеу бақыты бұйырды. Микроорганизмдермен алғашқы тәжірибе ғылым әлемін ашқан тақырып болды, кейін аспирантураға түсуге де итермеледі. Бір жыл ізденуші-зерттеуші болып жұмыс істеген соң, 2001 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетке «Микробиология» мамандығы бойынша аспирантураға түстім. С.Сейфуллин университетінің мәжіліс залындағы ғылыми кеңесте болашақ ғылыми жетекшім Зоря Петровна Карамшукпен алғашқы кездесуім әлі есімде. Зоря Петровна – аты үлкен әріппен жазылуға тиіс мықты ғалым. З.Карамшук күн сайын дерлік, таңертеңнен кешке дейін зертханада уақыт өткізіп, менімен Петри табақшаларына отырғызылған микроорганизмдердің нәтижелерін қарап, талқылады. Нәтижесінде, ол кісі менен деректерді талдай алатын, өз ойын дұрыс, нақты жеткізе білетін, болашаққа жоспар құруға қабілетті зерттеушіні шыңдап шығарды, – дейді кейіпкеріміз.
Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін Г.Оспанқұловаға түрлі ғылыми-зерттеу ұйымынан жұмысқа ұсыныс түсе бастады. Соның ішінен таңдап, 2010 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа ауысты. Онда 2011 жылдан бастап өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу зертханасын басқарды.
– Ғылымды дамыту бағытындағы қаржыландыру жұмыстары, Ұлттық ғылым академиясын құрудағы мемлекеттің шешімдері көңіл қуантады. Алайда ғалымдардың жеткіліксіз танылуы, қоғамдағы мәртебесі туралы да айту керек. Меніңше, қоғамның ғалымдарға деген сенімін сақтау, арттыру үшін ғалымдардың ғылыми адалдық пен этика қағидаттарын сақтағаны аса маңызды. Шыны керек, ғылыми этиканы бұзу ғалымдар арасындағы байланысты нығайтуға, қаржыландыруды көбейтуге, ұжымдық жұмыстың тиімділігін арттыруға, қоғамда ғалымдардың еңбегін оң бағалауға кедергісін келтіреді. Ғылыммен айналысқысы келетіндерге қолдау мен тәлімгерліктің болуы үлкен рөл ойнайтынын айтқым келеді. Кезіккен кедергіні жеңу үшін өзіне сенімділік пен табандылық дағдыларын дамыту қажет. Сонымен қатар тәжірибе алмасу, қолдау табу үшін қоғамдастық немесе пікірлес топтар іздегені жөн. Жалпы, әр адам өзіндегі идеяларын белсенді түрде іске асыруға, көшбасшылық рөлдерді қабылдаудан қорықпай, үнемі кәсіби өсуге ұмтылуы керек, – дейді кейіпкеріміз.