Қоғам • 08 Наурыз, 2024

Сыйлар едім сен үшін...

158 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін аналар мен қыз-келіншектердің құшағы гүлге толады. Одан бөлек, сүйіктісіне косметика, аксессуар, тәттілер немесе әр алуан сый-сыяпат ұсынады. Романтикалық кешкі ас ұйымдастырып, спа-орталығына билет алып беріп жататындар да баршылық. Әрине, әйелдерді 8 наурыз күні ғана қуанту керек деген қағида жоқ. Бірақ жылына бір келетін мерекенің жөні бөлек.

Сыйлар едім сен үшін...

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Гүлді қайдан тасимыз?

Мереке қарсаңында гүл саудасы қызады. Осы сауда түрімен айналысатындар гүл бизнесінің үлкен тәуекелі бар екенін айтады. Көзін тапсаң, күтімін жасасаң ғана сырттан алдырған гүл саудасы өзін-өзі ақтайды.

Мамандардың айтуынша, кәсіптің осы түрі дамуы үшін жылыжайды көптеп салған дұрыс. Өнім өзімізден шықса, сыртқа тәуелді болмас едік. Баға да тұрақ­ты болады. Бұл үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар іске асуы керек, өйтпесе алдағы уақытта қайта-қайта импорт «илеуіне» түсетін түріміз бар.

Былтыр елімізге 61,1 млн дол­ларға 149,8 млн дана гүл импортталыпты. Бұл 2022 жылмен салыс­тырғанда (47,3 млн доллар) 29%-ға артық. Сауда және интеграция министрлігі дерегіне сүйенсек, Қазақстан нарығын гүлдермен қамтамасыз ететін негізгі елдер – Эквадор, Нидерланд, Кения және Колумбия. Еліміз былтыр Эквадордан 37,5 миллион долларға гүл сатып алды. Нидерландтан – 13,1, Кениядан – 4,8 және Колумбиядан 3,4 миллион долларға гүл тасыппыз. Импорттың айтар­лықтай төмен көлемі Қытай (592,3 мың долларға), Израиль (467,4 мың долларға), Өзбекстан (393,2 мың долларға) және Ресейден (356,7 мың долларға) жеткен.

Жоғарыда айтқан мемлекеттерден бөлек, Қазақстанға шағын гүл топтамаларын жеткізушілер арасында Эфиопия, Түркия, Италия, Чили, Оңтүстік Африка, Беларусь, Германия, Франция, Малайзия, Испания бар.

 

Қай гүл көп сатылады?

Жалпы, елімізде раушан гүлі үлкен сұранысқа ие. 2023 жылы 40,2 миллион долларға 112 миллион раушан әкелінген. 15,8 миллион хризантема 7,6 миллион долларға сатып алыныпты. Лилия импорты 3,3 миллионнан сәл асып, оның құны шамамен 1,5 миллион долларды құраған. Одан кейінгі орында қалампыр гүлі мен орхидея тұр.

Кейінгі үш жылда Қазақ­стан­нан Ресейге, Қырғызстанға және Өзбекстанға тұрақты түрде гүл жет­кізу қолға алынған еді. Ал был­тыр Қытайға да аздаған көлем­де экспортталды. Өткен жылы Қазақстан көрші елдерге 2,7 миллион долларға гүл жөнелтсе, оның ішінде Ресейге экспорт құны 2,5 миллион доллар болған. Қырғызстанға – 80,8 мың, Өзбекстанға – 55,5, Қытайға 3,3 мың долларға гүл жіберіппіз. Оның ішінде раушан, хризантема, қалампыр, орхидея, лалагүл және тағы басқа түрлері бар.

Жалпы, көрші елдерге гүл сату 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 16,3%-ға немесе 517 мың долларға азайған.

 

Ер-азаматтар қандай сыйлық береді?

Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу ер-азаматтардың қал­тасын біраз шайқап кететіні шы­н­дық. Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясы жасы 25–60 аралығындағы ерлер арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Респонденттердің 46%-ының айлық табысы – 200–500 мың теңге, 19%-ының табысы 600–900 мың теңге аралығында. Азаматтардың ішінде айына 1–1,5 млн теңгеге дейін табатындар 16% болса, 7% жігіттің еңбекақысы айына 1,5–3 млн теңгеге дейін екен. 3 мил­лионнан көп қаражат табатындар 3% болыпты. Табысын жария еткісі келмейтіндердің үлесі – 9%.

Сұрау салынғандардың көбі сүйгеніне гүл, косметика, тәттілер немесе аксессуарлар сыйлауға, сонымен қатар романтикалық кешкі ас, спа-орталығына баруға, жалпы 100 мың теңгеден аспайтын мерекелік сый төлеуге шамалары бар екенін айтқан. 12%-ы гүл сыйлаудан басқа, гаджеттер (смартфон, ноутбук) және құны 1,5 млн теңге де­йін құ­рай­тын тұрмыстық тех­ни­ка сыйлау­ды жоспарлаған. Ер­лер­­дің 7%-ы сүйік­тілеріне зергер­лік әше­­кейлер немесе құны 50–500 мың тең­геге дейін құрайтын таны­­мал бренд киімін сыйлауды ойластырған.

Сыйлық ретінде шетелге сая­хат­тау жайлы айтқандар да бар. Олардың сөзіне қарағанда, бұдан екі жыл бұрын екі адамға шетелде бір апта демалу наурыз айының басында орташа алғанда 400–700 мың теңге аралығында болған. Шығын көлемі баратын еліне және қонақүй мәртебесіне сәйкес қалыптасады. Ал биылғы тур-демалыс 600 мың теңгеден бастап 2 миллионға дейін құбылып тұр. Әдетте, тур құнына кіретіні – ұшып-қону, орналасу, тамақтану және міндетті сақтандыру.

Айта кету керек, биыл қазақ­стан­дық жұптардың басым көп­шілігі Тайланд, Вьетнам, Маль­див және Мысыр еліне сапар­лаған. Ең аз туристік бағыттар – Еуропа елдері, ОАЭ, Шри-Ланка, Үндістан.

 

Бағаны бағдарласақ

Ашық дереккөздерден тап­қаны­мыздай, бағасы төмен сый­лық – тәттілер. Дәмді пісірілген торт пен бәліш, сондай-ақ кәмпит, шоколадты 5–15 мың теңге көлемінде сатып аласыз. Одан жоғарылап, орташа бағасы 15–25 мың теңге көлемінде букеттегі гүлге қол жеткізуге болады. Парфюмерия, косметика, бижутерия сияқты қыз-келіншектерге ұнамды сыйлықтар – 10–40 мың теңге көлемінде. Зайыбына романтикалық кешкі ас ұйымдастыру бағасы 30 мың теңгеден жоғары басталады (барған мейрамханаға байланысты).

Ал бағасы сатылап жоғары­лай беретін сыйлықтар тізімінде бренд­тік киімдер, ұялы телефонға арналған аксессуарлар, тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдар, ұялы телефон, ноутбук бар.

Айтпақшы, бүгін гүл дүкен­дерінің саудасы жүретіні белгілі. Тәтті алсаңыз да, кешкі асқа ша­қыр­­саңыз да сүйікті адамыңызға гүл қосып сыйлау көп қуаныш сыйлары анық.