Тарихи-өлкетану мұражайы Абай облысындағы Бесқарағай ауданының Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектебінде ашылған. Тарихтан берер тағылымы мол мұражайға ауданның әр жылдардағы өткенінен мағлұмат беретін айғақтар жинақталған. Қазір көне заттар топтамасы арқылы бірегей мұражай болып отыр.
Мұражай оқушыларға, қызметкерлерге рухани азық алатын жайлы ортаға айналған. Аталған мұражай да ақын Нұрлыбек Баймұратовтың атымен аталады. Мұражайдың негізін мектептің бұрынғы директоры Тоқтаған Кәкенов пен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Уәлихан Тукусов 1991 жылы 20 қыркүйекте қалаған. Мектептің қазіргі директоры Мейрамғали Кеңесбекұлының айтуынша, мұражайға көптеген көрнекті адамның табаны тиген. Қытай, Англия, Ресейден келген туристер мазмұны бай мұражайды тамашалаған.
Мұражайда экспонаттар, тұрмыстық заттар (патифон, сырмақ, қабырға сағат, ер-тоқым, қамшы, шапан және музыкалық аспаптар (домбыра, балалайка, мандолина) қойылған. Сондай-ақ мұражай өткен мен бүгіннің сабақтастығын сақтаған орын секілді, өйткені онда электртехникалық үйірме оқушыларының әртүрлі техника макеттері қойылған. Атап айтқанда, радиобайланыс арқылы басқарылатын К-700 тракторының моделі, шөп шабатын шапқыш және жанар-жағармай құятын тіркелмелі арба бар.
Болашақта мұражай жәдігерлерін жаңғыртып, қорын толтыру және ақынның туғанына 140 жыл толуына орай облыстық конференция өткізу жоспарланып отыр.