Тұлға • 10 Наурыз, 2024

Арманда кеткен Әміре

147 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда, барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін демалмайтын. Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай боп айтатын. Халық көп болса, делебесі қозып кететін. Құйындай ұйытқып, құландай ойнақтап жүйткіп, дабылдай саңқылдап, кішірек театрға сыймай, далада болса жер мен көктің арасын жаңғыртар еді. Аса көтеріліп ән салғанда, жеке келе жатқан бәйге атындай жарқылдап, ойнақтап кетер еді».

Арманда кеткен Әміре

Бұл – әйгілі актер Қалибек Қуаныш­баевтың ұлы әнші туралы айтқан риясыз естелігі, Әміре Қашаубаев өнеріне берген әділ бағасы. Ал жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы «Әнші» әңгіме­сінде: «...Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. ...Әмірқанның киімі де, жүріс-тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді...» деп толғанады.

Расымен де 1925 жылы Париж төрі­не барып ән шырқап, күміс жүлдені қан­жығасына байлап қайтқан Әміре фено­менінің сыры күні бүгінге дейін ашыл­ған жоқ. Ал оның арманы... соңғы демі үзіл­генше үмітін үзбей, сүйікті рөлін үзді­гіп күткен әншінің ұлы арманы орындалма­ған күйі осыдан тура 90 жыл бұрын кенеттен қиылған еді.

Иә, биыл қазақтың тұңғыш ұлттық операсы «Қыз Жібектің» сахналанғанына 90 жыл толады.

Аз-кем шегініс жасасақ. Е.Брусилов­скийдің әйгілі «Қыз Жібек» операсының партитурасын тұңғыш рет қолына алғанда, әнші өзінің ұлы арманына біртабан жақындағандай есі шығып ерекше қуанған-тын. Іштей дайындалып, қойылым премьерасын асыға күткен. Алайда ол әншінің межелі уақытта тыңдарманына жетпей, бас кейіпкер Қыз Жібектің Төлегенін жоқтайтын ариясындай көрермені үшін бір-ақ сәтте азалы әуенге айналып кетерін Әнші ол уақытта тіпті сезбеген де еді...

чап

Бәрі де әншінің атағын аспандатқан сол Франция сапарынан басталған болатын. Кәрі құрлықтан үлкен абыроймен оралған әншінің одан кейінгі өмірі адам төзгісіз дүрбелеңге айналды. Себеп – Әміре Қашаубаев пен ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың Париждегі құпия кездесуі. Жат елдегі жүздесу жайлы әншінің өзі губерниялық «Қазақ тілі» газетіне Париж сапары турасынан сұхбат беріп отырып мәлім етеді. Осыны желеу еткен Біріккен бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары қазақ эмигранты Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысы бар деп күдіктеніп, Әмірені сансыз сұрақтың астына алады. Беймезгіл және бейуақыттағы шақыртулар мен жөнді-жөнсіз тергеу, адам төзгісіз азаптаулар, күні кеше ғана жанында бірге жүріп, жақынына айнал­ған жандардың қара бастарының қамы мен қауіпсіздігін күйттеп сырт айналуы, театр­да ойнап келген рөлдерінен шеттеті­луі, дауыс жазу үшін Мәскеуден ар­найы келген мамандарға берілетін тізімнен өз есімінің сызылып тасталуы – мұның бар­лығы Әміренің нәзік жанын аямай жаншиды. Әсіресе, жанына қатты батқаны – Евгений Брусиловскийдің қолтаңбасында 1934 жылдың 7 қарашасы күні қойылған қазақтың тұңғыш операсынан алапат әншіге лайық рөлдің табылмауы болды. Қанша төзуге, шыдауға тырысқанмен де, пенде емес пе, төзе-төзе төзім де түгесілді. Даңқ шыңына шыға тұра шығармашылық шарасыздыққа шырмалды. Париж аспанын әнмен әуелетіп, таңдай қақтырған, қазақтың әншілік дәстүрін дүниежүзіне танытқан дара дарын енді ішер ас, киер киімге зар болып, «ащы сумен» достаса бастады. Іштегі күйікті осылай басқысы келді. Сөйтіп, ұлы талант өзінің әншілік ғұмырына мәңгілік нүкте қойды. Өнер иесінің осы бір қиын күндердегі аяныш­ты халін ұлттық операны шырқау биік­ке көтерген композитор Евгений Бру­силовский: «Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұр. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, даусы барлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады... Көпе-көрінеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерінен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Қазір даусынан айырылған шағында оның кездесіп, бас қосар адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Өзінің жалғызсырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол», – деп жазады өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты еңбегінде.

Ал «Лениншіл жас» газетінің 11 қа­раша күнгі санында мынадай некролог берілді: «Ноябрьдің 5-інен 6-сына қараған түнгі сағат үште Қазақстанның белгілі халық әншісі Әміре Қашаубаев аз күн ауырып, қайтыс болды». Бұл – ресми дерек. Ал бейресми мәліметке сүйенсек, қойылымнан өзіне лайық рөл бұйырмаса да, театрға күнде келіп, дайындыққа қатысып, операның сахналануын асыға күтіп жүрген әншінің жансыз денесі дәл өзі тағатсыздана тосқан «Қыз Жібегінің» тұсауы кесілетін күн қарсаңында опера театрына жақын маңнан табылыпты. Бұл болжамды «Казахстанская правда» газетінің 1945 жылғы 25 қарашадағы нөмірінде жарық көрген жазушы Николай Ановтың мақаласындағы: «Враги народа, травившие Амре, хотели похоронить славу народного певца в одной могиле с покойником», – деген мына бір сөзі растай түседі. Қалам­гер жазбасындағы бұл жолдар Әміре Қашау­баев өкпе қабынуы салдарынан болған аурудан емес, қасақана жасалған қастандықтың құрбаны болғандығын күмәнсіздендіреді. Әлі күнге дейін құпия­сы толық ашылмай, жұмбақ күйінде қалып келе жатқан әнші өліміне қатысты деректер осындай. Ал бірнеше жыл бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатында болған Қазақстан Ұлттық телеарнасының шығармашылық ұжымы Әміренің өліміне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағандығын, 9 жыл бойы әншіні формальды түрдегі болса да негізі жоқ тергеулермен қинағандығы жайлы сұмдық деректі мәлімдеді. 1937–1938 жылдардағы репрессияда ұлт мұраты жолында жанын салған ұлтшыл арыстарымызды қынадай қырған жауыз жүйенің тырнағына алғашқылардың бірі болып ілініп, жазықсыз құрбаны болған ұлы әнші Әміре Қашаубаев өлімінің жұмбағы мен шындығы осы.

...1934 жылдың 7 қарашасы. Дәл осы күні Евгений Брусиловский жазған қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» қойылымының премьерасы өтті. Қазақ өнері үшін үлкен жаңалық! Халықтың қошеметінде шек жоқ. Шебер өнер көр­сеткен: Күләш Байсейітова, Құрман­бек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітовтей өнерпаздарға шексіз ілтипатпен толассыз шапалақ соғып, ризашылығын білдірісіп жатқан шат-шадыман шақта қазақ өнерін ойсыратып кеткен қаралы хабарды да естіді жиылған жұрт: «Ән атасы – Әміре Қашаубаев қайтыс болды...»

Сахнадағы Қыз Жібектің Төлегенін жоқтауы ендігі сәтте күллі қазақтың азалы күйіне ауысып жүре берді. Тұңғыш операсының тұсауын кесіп қуанған қазақ сахнасы алапат әншісін жоғалтып, жылап тұрды. Шатыр-шұтыр соғылған шапа­лақтың шаттықты үнін қара жерге тырс-тырс тамған көз жасы құмықтыра берді...