Өнер • 10 Наурыз, 2024

Сыры – саз, әлемі – әуен

215 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өрелі өнер қашанда биік. Ал ол шыңға шығу екінің біріне қол емес. Өнерден өрнек тудыра бірлген талантты актер, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Жақыпбектің «Олжас және достары» атты авторлық кешіне барып, әртістің әуезді әндеріне көңіл қойғанда өнерде шекара болмайтындығына тағы бір мәрте көз жеткізе түскендей болдық.

Сыры – саз, әлемі – әуен

Иә, шынайы өнерде шекара болмайды. Әйтпесе Қ.Қуа­ныш­баев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Олжас Жақыпбекті талантты актер ретінде танып, ол сомдаған Жантық, Яго, Мәжнүн, Төле­­ген сынды тамаша бейнелерімен қатар, кино әлеміндегі «Туған елдің тү­тіні», «Көк тарландары», «Мұз­да­ғы жалын», «1286» телехикая­ларында сомдаған басты рөлдеріне тәнті талғамы биік көрермен үшін осының өзі де үлкен жаңалық. Әйтсе де «жігітке жеті өнер аз, жетпіс жеті өнер көп емес» деген тамаша қағиданы өмірлік ұстаным еткен Олжастың әлемін мұхит демеске шараң жоқ. Сахнада сан алуан бейнелерді кемеліне кел­тіре кейіптеп жүрген дарынды жан ән әлемінің есігінен де именбей кірді. Ал оған мұндай сенім сый­лаған – тыңдарманының толас­сыз қошеметі мен шексіз ілтипаты.

Әу бастан-ақ үндемей жүріп үлкен өнер тудыруға дағдыланған талантты жігіттің қойылым амлуасына сыймай, көңіл қалтарыстарында қалып қойған сезімдерін сырлы саз етіп шығаратын тамаша қасиеті бар. Көктемнің алғашқы күндерімен бірге көңілге де керемет қуаныш сыйлаған айтулы кеште көрермен талантты актерінің сазгер ретіндегі әдемі әлеміне саяхат жасады. Ол жазған «Бақыт», «Тағы да сүй», «Саған қарай...», «Көктемге сағыныш», «Жүрегіме сенемін», «Ұнайды», «Тіл табысқандар», «Кейіпкерім», «Жауһарым», «Тамшы», «Ғашықтар қаласы» сынды әуезді әндері кешке жиналған көрерменін көңіл пернелерін қозғап, сезім сырларына бойлатқаны анық. Музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалған әндер сыршылдығымен көңіл баурады.

– Мен 1991 жылдың 16 ақпа­нында Семей қаласы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келдім. Бала күнімнен әкем спортқа бейімдегісі келсе, анам өнер адамы болғанымды қалады. Соның арқасында спорт пен музыканы, жалпы өнерді қатар игердім. Мектеп бітірген жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Театр және кино актері» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Алғашқы еңбек жолым осы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрынан басталды. Бұл театрмен түйдей құрдаспыз. Сондықтан жаныма жақын ортада өнер тудырып, оны көрерменіңе ұсынудың өзі үлкен ғанибет деп білемін, – дейді актер.

Олжас 2012 жылы бас қала­дағы Қаллеки театрына актер болып қабылданып, осы өнер ордасының сахнасында қойылған спектакльдерде үлкенді-кішілі рөлдерді ойнап, жұртшылықтың ықыласына бөленіп келеді. Көрермендер актерді театр сахна­сындағы Жантық, Яго, Мәжнүн, Төлеген сынды көптеген рөлімен және «Туған елдің түтіні», «Көк тарландары», «Мұздағы жалын», «1286» телехикая­ларында сомдаған басты рөл­дері арқылы жақсы біледі. Олжастың тағы бір ерекшелігі – ол әнге әуен жазып қана қоймай, спектакльдерді де музыкамен әрлеуде жақсы жетістітерге жетіп жүр. Атап айтсақ, Қ.Қуанышбаев атындағы театр репертуарында зор табыспен жүріп жатқан «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының композиторы әрі қоюшы режиссері ретінде театр мамандарының жоғары бағасын алса, сонымен қатар «Құнанбай», «Алтайдан ауған ел» спектакльдерінің музыка авторы ретіндегі ізденісі де көрермен көңілінен шықты. Бүгінде Олжас Дәлелханұлының шығармашылық әлеуеті мен талантын байқаған өзге театрлар арнайы шақырып, спек­такльдерінен үлкен рөлдер мен композиторлық жұмыстарды сеніп тапсырып жүр. Солардың бірі Айгүл Иманбаеваның жеке театрында (А.И театры) М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Сырым, Ж.Расиннің «Федрадасында» – Ипполитті ойнап, көрермен көз­айымына айналды. Режиссер Дина Құнанбайдың сараптауында қойыл­ған айтулы спектакль 2018 жылы ақпан айында Ресей­дің «CHELoBekТЕАТРА» халық­аралық кіші театрлар форумы аясында халықаралық сарап­шы­лар­дың назарына ұсынылды.

Олжас Жақыпбек актерліктен бөлек, сондай-ақ бірнеше фильм­ге саундтрек жазып, компо­зи­тор­лық қырымен де танылып жүр­ген талант­ты әртіс. 2015 жылы «Алтын ұя» телехикаясы, 2017 жылы «Мен сені сүйемін, Ақерке» көркем фильмі­нің, сонымен қатар «Балапан» теле­арнасындағы «Он саусақ», «Оп-оңай» бағдарламаларының музыкамен көркемделуіне тер төкті. Ізденімпаз актер қазір шетел фильм­дерін қазақ тілінде сөйлетуде де іргелі еңбектер атқаруда. Атап айтсақ, «Жұл­дызды соғыстарда» – Кассиан, Андор, «Мұзды өлке» ани­ма­циялық фильмінде Кристоф, Люк Бессонның «Валериан және мың ғалам шаһарында» – Валериан рөлдерін дыбыс­таса, «Диснейдің» «Коко құпия­сы», «Шақылдақ және төрт пат­шалық», «Алладин» «Ральф интернетке қарсы», «Арыстан патша» анимациялық фильмдерінде бас­ты кейіп­кер­лерді қазақша сөйтетті. Қазіргі таңда Salem Social Media ұсын­ған Әлішер Утевтің «1286» сериа­лы­ның бас­ты кейіпкері Аманның рөлін сомдап, кино саласында таны­мал­дылыққа ие болды.

– Өнерге тазалық керек, сонда шынайылық болады. Көрерменіңмен берік байланыс орнатудың да негізгі кілті – осы тазалық пен терең білімде жатса керек. Актер адамға ең әуелі балалығын жоғалтпауы маңызды. Әр кейіпкеріне сеніп, соның әлемін әлдилеп ойнаған әртістің ізденісі сөзсіз талғамы биік көрермен тарапынан бағаланады деп ойлаймын. Мәселен, мен үшін оңай рөл жоқ. Әр кейіпкерім үлкен ізденіс һәм еңбектің арқасында өмірге келеді. Ал музыка айтар сөз таусылған кезде туады. Яғни сөз біткен жерден саз басталады. Сондықтан да екі әлемімді бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмаймын, олар – біртұтас. Бір сөзбен айтқанда, менің сырым – саз, әуенім – әлем, – деп сөзін түйіндеді өнер иесі.