Ғылым • 10 Наурыз, 2024

Химия әлемін әрлеген...

144 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінен ғалымдар көп шыққаны белгілі. Мысалға, химиядағы Әбікен Бектұровтың еңбегін атауға болады. Әбікен атасының ізін жалғаған Әсияның бүгінгі ғылыми ізденістері де кісі қызығарлықтай. Ол органикалық химияның бірнеше бағытында талмай ізденіп жүр.

Химия әлемін әрлеген...

Әсия – Павлодардағы Торай­ғыров университеті мен Ресей­дің Том қаласындағы поли­тех­никалық университетінің түлегі. Алғашқы ғылыми дәрежесін көрші елде қорғап, еліміздің Білім және ғылым министрлігі оны 2018 жылы бекітіп берді.

– Кезінде Қаныш Сәтбаев оқы­ған Том университетінде білім алғанымды мақтаныш тұтамын. Студенттік шағымызда әлгі оқу орнының ауласында қойылған академиктің ескерткішін үнемі күтіп, айналасын таза ұстауға тырысатынбыз. Қаныш Сәтбаев Қазақстан ғылымының негізін салып берді. Оның шарапатын біздің буынымыз кеңінен көріп отырғанына ешкімнің дауы жоқ болар. Ал тәуелсіз елдегі жас ға­лым­дар­дың алдында тұрған қазір­гі мақсат – отандық ғылымды әлемдік көшке ілестіру, ғылым жаңалықтарын өмірдің маңызды салаларында пайдалану, – деген ойдан бастады Әсия Жүрсінқызы әңгімесін.

Жас ғалым С.Торайғыров уни­верситеті Химия және хи­мия­лық технологиялар кафе­д­ра­­сында сабақ береді. Көп уа­қы­тын ғылымға арнайды. Ол 2020 жылы бірнеше жас ізденушімен бірлесіп, «пиридиндер, триазолдар, имидазолдар және пиразолдар негізінде карбоксилат, азолат және аралас типті жаңа металл-органикалық координациялық полимерлерді синтездеу және олардың қасиеттерін зерттеу» мақсатында Білім және ғылым министрлігінің 62 млн теңгелік грантын ұтып алған. Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, поли­мерлік синтездеу дегеніміз – бір химиялық заттан реакция арқылы екінші пайдалы затты алу. Әсия жетекшілік еткен бұл жобада ерекше органикалық зат түзіліп, одан алынған химиялық полимерді медицина мен биологияда, аграрлық салада және газдарды тасымалдау кезінде кеңінен пайдалануға болады. Бірнеше тәжірибеден соң ғалымдар өз мақсаттарына жеткендей.

п

– Кәдімгі металл айналасында органикалық заттар реакциясын тудырғанда ол жерде кеңістік пай­да болады. Сол кеңістіктен біз син­тезделген полимерлер аламыз. Мұн­дай полимерлерді медицинада қолдануға болар еді. Мысалы, адамға ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек еккенде оның әсері біраз уақыттан соң жоғалып кетеді ғой. Бұл полимерлерді әлгі уколдың құрамына енгізсек, ол дәріні қажет жеріне дейін тасымалдап, әсерін нақты органға жеткізеді және белгілі бір уақытқа дейін ұстап тұрар еді. Біз бірнеше полимер жасап көрдік. Кеңістіктер қалай пайда болады, оларды қалай құбылтуға болады деген сұрақтарымызға жауап алдық. Ең күрделі ғылыми тәжірибелер Ресейде жүзеге асты. Ол жақтың ғалымдарымен тұрақты байланыстамыз. Қазір біздің оқу орнындағы бір әріптесіміз бұл по­лимерлерді фитофтороз жұқ­­тырған қызанақтарды ем­деуге пайдаланып көруде. По­лимер тозаңдары әлгі дерттің зең­дерін жоюға қабілетті ме, оның өсімдікке ешбір зияны болмай ма деген сұрақтар туындап отыр. Бұған қоса ұшпа газдарды, мысалы метанды тасымалдау кезінде ыдыстың үстіңгі жағын осы химиялық өнім­мен қаптауға болады. Ол газды ұшып кетуден сақтайды, – деп тү­сін­дірді ғылыми жаңалығы туралы.

Ғылым фундаментальді және қолданбалы болып екіге бөлінсе, Әсияның өз серіктерімен тапқан жаңа полимері алғашқысына жата­ды. Яғни ол ұзақ жыл зерт­те­летін химиялық синтез түрі. Есесіне алдағы 15-20 жылдан соң бұл әдіс нақты нәтижелер әкеліп, өмірдің көптеген саласы пайдасын көруі мүмкін.

Негізі химия саласы ғылымның әртүрлі саласымен байланыста өрбиді. Әсия бастаған жас ғалым­дар ультракүлгін детектордың жетіл­діріл­ген түрін жасауға ұм­ты­лып келеді. Өте ұсақ нано­түйір­шік­тердің жарыққа әсері ультр­а­күлгін арқылы зерттеледі. Мысалы, күміс пен мыстың, титан оксидінің нанотозаңдары өте пайдалы. Күмістің өткізгіш қабілеті өте жоғары болғандықтан бактерияға қарсы терапияға ол кеңінен қолданылады. Мыстың да пайдасы соған жетеғабыл. Осы металдардың түйіршіктері арнайы көміртек түтікке салынып, оған әлгі детектор жанас­тырылады. Мұндай реакция кезін­де химиктер жаңадан туындайтын түйіршіктерді анықтайды. Яғ­ни көптеген затты ультракүлгін сәу­лемен қыздырғанда олар жар­қы­рау қабілетіне ие болады.

– Тағы бір жобамыз люми­нес­центті заттарды анықтауға ар­нал­ған. Мысал үшін қолымызда ұс­­тай­тын ұялы телефонның экра­­­­нын­дағы әртүрлі түстерді люми­нес­центті заттар тудырады. Флорен және карбазол деген органикалық заттар бар. Бұл екі затты бір-бірімен қосу арқы­лы  LED-экрандар дүниеге кел­ген. Біздің химия мамандары осындай органикалық заттарға түрлі реакция жасап, оларды топтарға бөлуде. Негізі әлдебір ғылыми өнім тудыруға түрлі ғылыми салалармен байла­ныс орнату қажет. Белгілі бір ғы­лым жеке-дара дами алмайды. Биологтер флорадағы әлдебір проблемаларды шешу үшін химиялық үдерістерді жүр­гізуге мәжбүр болады, ал біз ке­рісін­ше өз тәжірибемізде олар­дың көмегін пайдалана­мыз. Осын­дай тізе қосудың арқа­сын­да ғы­лым алға жылжиды. Алай­да біз­дің университетімізде тұр­ған химия­лық зертхананың жаб­дықтары көп жағдайда реакция­ларды жеріне жеткізуге мүм­кін­дік бермейтінін айтқан абзал. Мен маман ретінде белгілі бір орга­никалық затты әлгі құрал­дардың көмегімен айырып ала аламын. Бірақ оны қолданыстағы аспаптар арқылы өзгелерге дәлел­деу мүмкін емес. Банкке бар­ған­­да ақша купюрасының шы­найы­­лығын тексеретін детектор­лар болады ғой. Сол сияқты зерттеулерімнің шынайы екенін дәлелдеу үшін өзге қалаларға, мысалы, Қарағандыға жол жүруге тура келеді. Ал химиялық зертхана құралдары біздің елімізде шы­ғарылмайтындықтан өте қымбат тұрады. Спектро флометр деген аспаптың біреуін 10 млн, зат араластырғышты 750 мың теңгеге сатып алдық. Мұның сыртында арнайы зат сақтағыштар, шкафтар, ротациялық буландырғыш, 1 миллиграмдық түйіршікті өлшеу­ге қабілетті таразылар­ды алуға тура келді. Бұл жабдық­тардың көбін кезінде 62 млн теңге грант ұтып алғанда алған едік. Тіпті реактивті заттарды сатып алуға 6 млн теңге жұмса­дық. Мұндай өнімнің 1 грамы халықаралық нарықта 150-200 мың теңге тұрады. Реактивті заттарды бұрындары танымал «Sigma Aldrich» компаниясынан алып тұрған едік. Бірақ олар Қазақстанға өнім сатудан бас тартты. Қазір өзге компаниялардың өнімін сапасы төмен болса да пайдалануға тура келіп тұр, – деді ол.

Кереку өңірінде ауыр өндіріс орындары мен жылу-электр стансаларынан жыл сайын қоршаған ортаға мыңдаған тонна көміртегі оксиді бөлінеді. Қазір еліміз кө­мір­тектік бейтараптылықты қам­тамасыз ету бойынша нақты мін­деттемелерді өзіне алып отыр. Үлкен компаниялар соған жұ­мы­ла бастаған. Бұл дегеніміз – белгілі бір өндіріс орны қанша көмір­тегі газын шығарса, сонша көлемде жұтып қоятын табиғи факторлар құру.

«Ертіс-Баян өңірінде зауыттар мен түрлі кәсіпорындардан шығатын улы газдарды орман-тоғайлар өзіне сіңдіріп, зарар­сыздандырып отырады. Таби­ғи сүзгінің нақты қабіле­тін анық­­тау үшін қазір универ­сите­­тіміз­дегі дендролог ғалым На­ри­ман Мапитовпен бірлесіп, парникті газдардың үле­сін зерт­­теу үстіндеміз. Әуелі «Кө­мір­­тегі белгілі бір аумақтағы ауада, топырақта, өсімдік бойында қ­ан­­­­дай көлемде болады» деген сұрақ­­қа жауап іздеудеміз. Одан соң улы газдарды жақсы сіңіретін ағаш түрлерін анықтаймыз. Сәйке­сін­ше біз ғылыми тұрғыдан белгі­лі бір жерге қанша көлемде ағаш жамылғысы керек екенін, ол ағашт­ың қандай түрі болуы керек­тігін ғылыми тұрғыдан нақтылай­мыз. Зауыт мұржасынан шыққан түтінді сол жерде «жұтып», өзге ай­маққа таратпау – басты мақсаты­мыз. Жобаға Қазақстан мен Ресей­дің бірнеше оқу орнынан жас ғалымдар жұмылып отыр», дейді ғалым.

 

Павлодар облысы