Медицина • 11 Наурыз, 2024

МӘМС-ке мәнді өзгеріс қажет

187 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бес жылдан бері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қызмет сапасын жақсартып, мемлекетке түсетін қаржылық жүктемені азайтуға тиіс еді. Бірақ көптеген медициналық қызмет әлі де қолжетімсіз, ал саланың бюджеті екі есеге артқанына қарамастан, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалып келеді. Халықтың көңілін көншітпеген жүйенің тиімсіздігін денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері де растап отыр.

МӘМС-ке мәнді өзгеріс қажет

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Заманауи жабдықтардың жетіс­пеушілігі, қабылдауға жазылудың нашар ұйымдастырылуы, көп уа­қыт кезекте тұру, дәрігерлердің нем­құ­райды қарым-қатынасы мен қа­жетті дәрі-дәрмек алудағы қиындық­тар, сонымен қатар учаскелік дәрі­гер­дің тапшылығы, мамандар білік­тілігінің төмен деңгейі, тегін стома­тологиялық қызметтің болмауы ха­лықтың МӘМС арқылы меди­ци­налық көмек алуға үмітін жоғал­тып бара жатқандай. «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік мониторингтің алдын ала нәтижелері азаматтардың медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанушылық деңгейінің төмен екенін көрсеткен. Сауалнамаға қатысушылардың 84 пайыз­ы – сақтандыру жарнасын төлеп, сәйкесінше сапалы қызмет алғысы келетін азаматтар болса, олардың 45%-дан астамы МӘМС қызметтерін нашар деп бағалаған. Респонденттердің жартысынан астамы бір мекемеге байланғаннан еш нәтиже шықпаған соң, медициналық көмек үшін жеке клиникаларға жүгінуге мәжбүр болған. Дәрігерлердің тапшылығынан емханалардағы кезек те азаяр емес. Әсіресе ауылдардағы медициналық көмекті ұйымдастыру өзекті болып тұр. Айдың ортасында денсаулықты тексеруге берілетін жолдамалар бітіп қалады. Науқастар тексерілу мен емделуге қажетті қызметтерді және тиісті дәрілерді уақытында ала алмайды. Емханаларда МРТ мен УДЗ жоқ, ауру адам өз кезегін айлап күтеді. Ал ақылы емханаларда бұл процедураларды бір күнде өтуге болады.

Жұртшылықтың шағым-пікірін талдай келе, сарапшылар МӘМС жүйесін түбегейлі өзгерту қажеттігін алға тартып отыр. Алматыда «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры ұйымдастырған сараптамалық сессияда денсаулық сақтау саласының жетекші сарапшылары, медициналық және қоғамдық ұйымдардың, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жүйе­нің айналасында қалыптасып отырған проблемаларды атап көрсетіп, оларды шешудің мүмкін жолдарын ұсынды. Сала мамандарының айтуынша, қаражат тиімсіз пайдала­нылған сайын халық үшін медицина қолжетімсіз болып барады. Мем­лекеттің жүктемесін азаматтардың ынтымақты жауапкершілігі арқасында төмендету мүмкін болмады. Елдегі сақтандырылған 15,5 млн азаматтың 11,3 млн-ы, яғни 73%-ы жеңілдік берілген санатқа жатады. Балалар, мүгедектігі бар адамдар, студенттер, жұмыссыздар, зейнеткерлер үшін төлемдерді мемлекет өз мойнына алған. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) 2019 жылғы 1 трлн теңгеден былтыр 1,4 трлн теңгеге – 40%-ға артты. Жеңілдік берілген санаттар үшін республикалық бюджеттің трансферттері 2020 жылы 299 млрд теңге болса, 2021 жылы 351 млрд теңгеге, яғни 18%-ға өскен.

Ресми деректерге қарағанда, 3 миллионға жуық сақтандырылмаған азамат жүйеден тыс қалып отыр. Ай­та кетерлік жайт, қазір де МӘМС-тің кез келген қатысушысы төленбей қалған бір ай үшін де жүйеден шыға­рылуы және медициналық қызмет алу құқығынан айырылуы мүм­кін. Сес­сияға қатысушылардың пікі­рін­ше, ерік­ті денсаулық сақтау жүйе­сіне кө­шу тәсілі азаматтардың өз ден­сау­­лығын басқару ісіне белсенді қатысуын ынталандырмақ. Ұсыныстар медициналық қызметтер сапасын арт­тырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретіндей етіп, қаржыландырылуын бәсекеге қабілетті ортаға беруді, ден­сау­лық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мен ашықтықты арттыру мақсатында азаматтардың меди­циналық қажеттіліктерге жинай­тын қаржысына қатаң бақылау енгі­зуді және нормативтік құқықтық акті­лерді қайта қарауды қамтиды. Маман­дардың айтуынша, барлық меди­циналық сақтандыру компаниясы ішкі бәсекелестіктің нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция салумен айналысатын қаржы органдарына айналуға мәжбүр болады. Бұл инвестициялар олардың компания­ларын таңдаған азаматтарға тікелей табыс әкелуге тиіс. Ел азаматтары үшін ерікті медициналық жүйеге жекелей де, ұжымдық түрде де ақша са­лу немесе инвестиция жасау тиім­ді болғаны керек. Өз алдына ме­дициналық сақтандырудың шағын ынтымақты жүйесінің болуы – қолда­ныс­тағы ережелерді жою емес, керісін­ше азаматтардың, медициналық қыз­мет­ті жеткізушілердің, ӘМСҚ-ның және Үкіметтің арасындағы қарым-қатынастарды ырықтандырудың бас­тамасы.

Медициналық қызметтердің баға­сын жаңа жеткізушілерді тартып, бәсеке орнатудың нәтижесінде төмендетуге болады. ӘМСҚ-ның ТМККК және МӘМС келісімшарттары жыл бойы қолжетімді болып тұруы керек. Қор әр өңірде ашық конкурстық негізде медициналық қызметтердің бағасын реттеуге міндетті. Сондай-ақ талдаушылар пациенттерге кез келген медициналық ұйымда скрининг өтуге мүмкіндік берген жөн деп санайды. Денсаулық сақтау органдары бұл қызметтерді әрбір қазақстандыққа тіркелген жері бойынша емес, кез келген емханада көрсетуі керек. Сонда ақша азаматтар өзі таңдап барған мекемеге төленеді. МӘМС жүйесінде жиналған қаражатты жеке клиникаларда пайдалану мәселесі назардан тыс қалмағаны абзал. Нәтижесінде медициналық қызметтердің бағасына бәсекелестік пайда болып, науқастар саны азаяды.

«Біз Денсаулық сақтау министрлігі және ӘМСҚ жанындағы Қоғамдық кеңестерге тәуелсіз директорларды кіргізіп, қоғамдық бақылауды орнатуды ұсынамыз. Сол арқылы сыбайлас жемқорлық азайып, ведомстволар қызметінің сапасы жаңа деңгейге шығады. Азаматтар медициналық сақтандырудың ынтымақты немесе ерікті түрін өздері таңдауы, бюджеттен бөлінген қаржыны қалай жұмсап, өз денсаулығына қанша ақша жинайтынын өздері шешуі қажет. Бұл шешім тек алғашқы медициналық-санитарлық көмек, аурухана және жедел жәрдем деңгейінде ғана болмауға тиіс. Әр адамның өзіне ұнайтын дәрігерді, палатаны, дәрілерді таңдауға, МӘМС жарналары мен төлемдерін жинақтауға мүмкіндігі болуы керек», дейді «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының сарапшысы Жәнібек Даринов.