Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар тату көршілік және сенімділік сипатта жүзеге асырылып жатыр. Екі ел де өз алдына жоғары мақсаттар қойып, жақсы бастамаларда бір-бірін қолдап, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа қалыптасқан достық пен бейбіт өмір сүру дәстүрлерін көрсете отырып, оларды жүйелі түрде, берік ұстанып келеді.
2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өткені – біздің ортақ тарихымыз бен ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан бай мәдени мұрасымен дәлелденген халықтарымыз арасындағы бауырластық байланыстардың жарқын бір көрінісі.
2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынас туралы шартқа – екі елдің өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік әлеуеті мен көлік логистикасы салаларын қоса алғандағы ынтымақтастықтың барлық спекторы бойынша байланыстарды нығайтуға бағытталған құжатқа қол қойылды. Өткен жылдың соңында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев шартты ратификациялау туралы Жарлықты рәсімдеді. Ал ақпан айының 28-і күні Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарттың мақсаты – екіжақты өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін жүзеге асыру. Соңғы кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымы еселеп өсті. Барлық саладағы ынтымақтастықты ұлғайтуға, нығайтуға кең өріс ашылды. Келісім сыртқы саясат, қорғаныс пен қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, энергетика, инвестициялық қызмет, мәдени-гуманитарлық байланыс салаларында неғұрлым тығыз, ұзақмерзімді ынтымақтастыққа құқықтық негіз құруды көздейді. Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, сондай-ақ экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де екі ел үшін өте маңызды. Одақтастық қатынас туралы шарт осы салалардың бәрін қамту үшін қажет болды. Бұл – екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейі.
Айта кетелік, мұндай үлгідегі шарт Қырғызстанмен 2003 жылы, Ресеймен 2013 жылы жасалған болатын. Елдің қалыпты дамуы, өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі жақын көршілерімізбен қарым-қатынасты қалай құруымызға байланысты. Қазір де Тәжікстанмен арадағы одақтастық шарты дайындалып жатыр.
Одақтастық қатынастар белгілі бір қағидаттар мен ортақ құндылықтарға: тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, сенім, теңдік, ұлттық мүддені өзара есепке алу, өзара қолдау және өзара міндеттемелерді адал орындауға негізделген. Шартқа сәйкес ынтымақтастықтың жаңа тетігі – Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылатын болады. Кеңестің қызметін Сыртқы істер министрлер кеңесі үйлестіреді. Қажет болған жағдайда кеңес жұмысына екі елдің Парламент басшылары мен Қауіпсіздік кеңестерінің өкілі қатыса алады. Бірінші отырысы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Астанаға мемлекеттік сапары аясында, осы жылдың 8 тамызына жоспарланып отыр.
Шарт мақсаттарының бірі – сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы тығыз ұзақмерзімді ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру. Осы орайда құжаттың халықаралық саясаттағы, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылға арналған бөлімі барынша айқын. Мұнда халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл және қолдау, қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, терроризмге, діни экстремизмге және сепаратизмге қарсы іс-қимыл, қауіпсіздікке жаңа қауіптер сияқты практикалық уағдаластықтар атап өтілген. Қорғаныс қабілетін нығайту үшін әскери-техникалық саладағы өзара іс-қимыл туралы да айтылады. Үшінші мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл қаупін тудыратын жағдайды шешу үшін шұғыл консультациялар көзделеді. Осы шарт арқылы елдеріміз блоктар мен одақтарға немесе екінші тарапқа қарсы бағытталған әрекеттерге қатыспауға міндеттеме алады. Өз аумағы мен ресурстарын, сондай-ақ коммуникация мен инфрақұрылымын екінші тарапқа қарсы басқыншылық мақсатында пайдалануға жол бермеуге міндеттенеді. Өңірлік қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін білдіреді.
Бүгінде Қазақстан – Өзбекстан арасында тығыз экономикалық байланыс берік орныққан. Ел Президенттері 2022 жылы тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. Бұл – ортамерзімді келешекке арналған міндет. Айта кетерлігі, 2022 жылы екі ел арасындағы өзара сауда-саттық 30 пайызға артып, 5 миллиард долларға жетті. Өткен жылы 10 пайызға қысқарып, 4,4 миллиард долларды құрады. Оның бір себебі – Қазақстаннан Өзбекстанға жеңіл автомобильдер экспортының қысқаруы. Өзбектер қытай көліктерін көбірек сатып ала бастады. Жалпы, сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз өте жақсы дамып келеді. Дегенмен екі ел арасында сауда-саттық емес, өнеркәсіптік кооперация басымдыққа ие. Осы мақсатта былтыр UzKazTrade арнаулы бірлескен сыртқы сауда компаниясы құрылды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасарлары деңгейінде барлық кооперациялық жобаға мониторинг жүргізетін арнаулы жұмыс тобы бар. Өзара саудадағы кедергілерді жою үшін де жұмыс тобы құрылған. Қазақстан тарапы қағазбастылықтан арылу үшін рұқсат берудің e-permit электронды жүйесін іске қосуды ұсынып отыр.
Осы тетіктерден бөлек Мемлекет басшыларының уағдаластықтарын жүзеге асыру бойынша жол карталары бар. Оның ішіндегі ең ірі жобаның бірі – қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру. Орталықтың 50 гектарды құрайтын аумағында өндіріс алаңдары болады. Мәселен, онда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жолға қойылып, қоймалар орналастырылады, көлік инфрақұрылымы қамтамасыз етіледі. Оны іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланып отыр. Тағы бір өте маңызды жоба – Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-1 бірлескен құрылысы.
Транзиттік-көлік әлеуетін дамытуда да бірнеше жоба бар. Бүгінде «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы басталып, «Үшқұдық – Қызылорда» теміржол желісі мен тасжолының жобасы пысықталып жатыр. Сонымен қатар Өзбекстан шекаралас аймақтарда уранды бірлесіп барлау, өндіру және өңдеуге қызығушылық танытып отыр. Егер осы жобалардың бәрі іске асса, онда екі ел арасындағы тауар айналымы 10 миллиардтан да артық болары сөзсіз.
Екі елдің білім, мәдениет, спорт және туризм салаларындағы байланыстарының тамыры тіпті тереңде. Біздің салт-дәстүрлеріміз, діліміз бен құндылықтарымыз барынша жақын әрі ұқсас. Өзбек пен қазақ халқының мәдени қарым-қатынасы ежелден дамып келеді, салт-дәстүрдің ортақтығы бұл қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет етеді. Қазақстанның Өзбекстандағы, Өзбекстанның Қазақстандағы мәдениет күндері тұрақты түрде өтіп тұрады. Оған біздің әртістер, жазушылар, суретшілер, қолөнершілер қатысады. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Сондай-ақ ғылым, білім, медицина, спорт, туризм салаларындағы байланыстарды да тереңдете беру қажет.
Тату көршілік пен өзара құрмет қағидаттары – шығыс халықтарының ежелден ерекше белгісі. Сол тұрғыда әуелден қалыптасқан Қазақстан – Өзбекстан достық қарым-қатынастары Орталық Азия елдері үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де жақсы үлгі. Әр ұлттың көршілес ұлттармен тату-тәтті өмір сүруі – әрі ұлттық, әрі жалпыадамзаттық құндылық, ортақ жауапкершілік.
«Өзбек – өз ағам» дейміз біз, ол тараптан «қазақ – көз ағам» деген сөз шыққан. Тарихымыз «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан халықпен жібек жіптей бірге өріледі. Ұлы Төле биіміз Ташкент төрінде жатыр. Сол Ташкенттегі Науаи мен Абай көшелерінің шебер қиылысатының да өзіндік мән-маңызы бар. Кешегі Ғафур Ғұлам мен Сәбит Мұқановтың достығы аңыздай тараған. Әлем танитын «Ялланың» жетекшісі Фаррух Закиров – Қазақстанның халық әртісі.
Ежелден бір топырақтың үстінде, бір күннің астында өмір сүріп, бір өзеннің суын ішіп келе жатқан, түбі бір, түркітілдес қос халықтың ғасырлар бойғы достығы баянды жалғасын таба береді, қоғам өмірінің барлық саласында жаңа жағдайдағы өзара қарым-қатынастары нығая түседі деуге толық сенім бар.