Саясат • 11 Наурыз, 2024

Қазақстан – Өзбекстан: Қарым-қатынастың жаңа кезеңі

324 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ежелден еншілес, тарихи тамырлас екі ел – Тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 23 қарашада орнатылды. Екі мемлекет арасындағы тату көршілік қатынастарды растайтын басты құжаттың бірі – 1998 жылғы 31 қазанда Ташкентте қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы келісімшарт.

Қазақстан – Өзбекстан: Қарым-қатынастың жаңа кезеңі

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар тату көршілік және сенімділік сипатта жүзеге асырылып жатыр. Екі ел де өз алдына жоғары мақсаттар қойып, жақсы бастамаларда бір-бірін қолдап, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа қалыптасқан достық пен бейбіт өмір сүру дәстүрлерін көрсете отырып, оларды жүйелі түрде, берік ұстанып келеді.

2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өткені – біздің ортақ тарихымыз бен ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан бай мәдени мұрасымен дәлелденген халықтарымыз арасындағы бауырластық байланыстардың жарқын бір көрінісі.

2022 жылдың желтоқсанында Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы одақ­тастық қатынас туралы шартқа – екі елдің өзара тауар айналымын арттыру, инвес­тиция тарту, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік әлеуеті мен көлік логистикасы салаларын қоса алғандағы ынтымақтастықтың барлық спекторы бойынша байланыс­тарды нығайтуға бағытталған құжат­қа қол қойылды. Өткен жылдың со­ңында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев шартты ратификациялау тура­лы Жарлықты рәсімдеді. Ал ақпан айы­ның 28-і күні Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Қазақстан Республикасы мен Өзбек­стан Республикасы арасындағы одақ­тас­тық қатынастар туралы шарттың мақсаты – екіжақты өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін жүзеге асыру. Соңғы кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымы еселеп өсті. Барлық саладағы ынтымақтастықты ұлғайтуға, нығайтуға кең өріс ашылды. Келісім сыртқы саясат, қорғаныс пен қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, энергетика, инвестициялық қызмет, мәдени-гуманитарлық байланыс салаларында неғұрлым тығыз, ұзақмерзімді ынты­мақ­тастыққа құқықтық негіз құруды көз­дейді. Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, сондай-ақ экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де екі ел үшін өте маңызды. Одақтастық қатынас туралы шарт осы салалардың бәрін қамту үшін қажет болды. Бұл – екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейі.

Айта кетелік, мұндай үлгідегі шарт Қырғызстанмен 2003 жылы, Ресеймен 2013 жылы жасалған болатын. Елдің қа­лыпты дамуы, өсіп-өркендеуі, қауіп­сіз­дігі жақын көршілерімізбен қарым-қатынасты қалай құруымызға байланысты. Қазір де Тәжікстанмен арадағы одақтастық шарты дайындалып жатыр.

Одақтастық қатынастар белгілі бір қағидаттар мен ортақ құндылықтарға: тәуел­­сіздікті, егемендікті, аумақтық тұ­тас­тықты және мемлекеттік шекара­лардың мызғымастығын өзара құр­мет­теу, сенім, теңдік, ұлттық мүд­дені өзара есепке алу, өзара қолдау және өзара міндеттемелерді адал орын­дау­ға негізделген. Шартқа сәйкес ын­тымақтастықтың жаңа тетігі – Мем­лекет басшылары деңгейіндегі Жо­ғары мемлекетаралық кеңес құры­латын болады. Кеңестің қызметін Сыртқы істер министрлер кеңесі үйлестіреді. Қажет болған жағдайда кеңес жұмысына екі елдің Парламент басшылары мен Қа­уіп­сіздік кеңестерінің өкілі қатыса алады. Бірінші отырысы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Астанаға мемлекеттік сапары аясында, осы жылдың 8 тамызына жоспарланып отыр.

Шарт мақсаттарының бірі – сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік сала­сындағы тығыз ұзақмерзімді ынты­мақтастықтың құқықтық негізін құру. Осы орайда құжаттың халықаралық саясаттағы, қорғаныс пен қауіпсіздік сала­сындағы өзара іс-қимылға арнал­ған бөлімі барынша айқын. Мұнда ха­лықаралық аренадағы өзара іс-қи­мыл және қолдау, қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, терроризмге, діни экстремизмге және сепаратизмге қарсы іс-қимыл, қауіп­сіздікке жаңа қауіптер сияқты прак­ти­калық уағдаластықтар атап өтілген. Қорғаныс қабілетін нығайту үшін әс­кери-техникалық саладағы өзара іс-қимыл туралы да айтылады. Үшінші мем­лекеттер тарапынан қарулы шабуыл қаупін тудыратын жағдайды шешу үшін шұғыл консультациялар көзделеді. Осы шарт арқылы елдеріміз блоктар мен одақтарға немесе екінші тарапқа қарсы бағыт­талған әрекеттерге қатыспауға мін­деттеме алады. Өз аумағы мен ресурс­тарын, сондай-ақ коммуникация мен инфрақұрылымын екінші тарапқа қарсы басқыншылық мақсатында пайдалануға жол бермеуге міндеттенеді. Өңірлік қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін білдіреді.

Бүгінде Қазақстан – Өзбекстан арасында тығыз экономикалық байланыс берік орныққан. Ел Президенттері 2022 жылы тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. Бұл – ортамерзімді келешекке арналған міндет. Айта кетерлігі, 2022 жылы екі ел арасындағы өзара сауда-саттық 30 пайызға артып, 5 миллиард долларға жетті. Өткен жылы 10 пайызға қысқарып, 4,4 миллиард долларды құрады. Оның бір себебі – Қазақстаннан Өзбекстанға жеңіл автомобильдер экспортының қысқаруы. Өзбектер қы­тай көліктерін көбірек сатып ала бас­тады. Жалпы, сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз өте жақсы дамып келеді. Дегенмен екі ел арасында сауда-саттық емес, өнеркәсіптік кооперация басымдыққа ие. Осы мақсатта былтыр UzKazTrade арнаулы бірлескен сыртқы сауда компаниясы құрылды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасарлары деңгейінде барлық кооперациялық жобаға мониторинг жүргізетін арнаулы жұмыс тобы бар. Өзара саудадағы кедергілерді жою үшін де жұмыс тобы құрылған. Қазақстан тарапы қағаз­бас­ты­лықтан арылу үшін рұқсат берудің e-permit электронды жүйесін іске қосуды ұсынып отыр.

Осы тетіктерден бөлек Мемлекет бас­шыларының уағдаластықтарын жү­зе­ге асыру бойынша жол карталары бар. Оның ішіндегі ең ірі жобаның бірі – қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру. Орталықтың 50 гектарды құрайтын аумағында өндіріс алаңдары болады. Мәселен, онда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жолға қойылып, қоймалар орналастырылады, көлік инфрақұрылымы қам­та­масыз етіледі. Оны іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланып отыр. Тағы бір өте маңызды жоба – Қырғыз­стан­дағы Қамбар-Ата ГЭС-1 бірлескен құрылысы.

Транзиттік-көлік әлеуетін дамытуда да бірнеше жоба бар. Бүгінде «Дарбаза-Мақ­таарал» теміржол желісінің құры­лысы басталып, «Үшқұдық – Қызылорда» теміржол желісі мен тасжолының жобасы пысықталып жатыр. Сонымен қатар Өзбекстан шекаралас аймақтарда уранды бірлесіп барлау, өндіру және өңдеуге қызығушылық танытып отыр. Егер осы жобалардың бәрі іске асса, онда екі ел арасындағы тауар айналымы 10 миллиардтан да артық болары сөзсіз.

Екі елдің білім, мәдениет, спорт және туризм салаларындағы байланыс­та­рының тамыры тіпті тереңде. Біздің салт-дәстүрлеріміз, діліміз бен құндылық­та­рымыз барынша жақын әрі ұқсас. Өзбек пен қазақ халқының мәдени қарым-қатынасы ежелден дамып келеді, салт-дәстүрдің ортақтығы бұл қарым-қаты­нас­тарды одан әрі нығайтуға қызмет етеді. Қазақстанның Өзбекстандағы, Өзбекстанның Қазақс­тандағы мәдениет күндері тұрақты түрде өтіп тұрады. Оған біздің әртістер, жазушылар, су­рет­шілер, қолөнершілер қатысады. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Сондай-ақ ғылым, білім, медицина, спорт, туризм салаларындағы байланыстарды да тереңдете беру қажет.

Тату көршілік пен өзара құрмет қағидаттары – шығыс халықтарының ежелден ерекше белгісі. Сол тұрғыда әуелден қалыптасқан Қазақстан – Өзбек­стан достық қарым-қатынастары Орта­лық Азия елдері үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де жақсы үлгі. Әр ұлттың көршілес ұлттармен тату-тәтті өмір сүруі – әрі ұлттық, әрі жал­пы­адам­заттық құндылық, ортақ жауап­­кершілік.

«Өзбек – өз ағам» дейміз біз, ол тараптан «қазақ – көз ағам» деген сөз шыққан. Тарихымыз «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан халықпен жібек жіптей бірге өріледі. Ұлы Төле биіміз Ташкент төрінде жатыр. Сол Ташкенттегі Науаи мен Абай көшелерінің шебер қиылысатының да өзіндік мән-маңызы бар. Кешегі Ғафур Ғұлам мен Сәбит Мұқановтың достығы аңыздай тараған. Әлем танитын «Ялланың» жетекшісі Фаррух Закиров – Қазақстанның халық әртісі.

Ежелден бір топырақтың үстінде, бір күннің астында өмір сүріп, бір өзеннің суын ішіп келе жатқан, түбі бір, түркітілдес қос халықтың ғасырлар бойғы достығы баянды жалғасын таба бе­реді, қоғам өмірінің барлық саласында жаңа жағдайдағы өзара қарым-қатынастары нығая түседі деуге толық сенім бар.