Президент • 11 Наурыз, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бакуге мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев «Загульба» резиденциясында қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді

Фото: akorda.kz

Құрмет қарауылы ротасының бастығы президенттерге рапорт берді. Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекеттік әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Салтанатты рәсімнен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен және биыл Бакуде СОР 29 саммитін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады.

Президент Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының мазмұны байып, бірлескен ірі жобалармен толыға түскенін және қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалады.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Қазақстанмен арадағы бауырластық байланыстардың беки түскенін айтты.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы қарастырылды.