Таным • 11 Наурыз, 2024

Ғабит Мүсірепов: Мен қазақтың қазақтығына жетерлік ештеңе бар деп ойламаймын

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстарға және адам мінезіне деген көзқарастағы анықтық, ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы ойларын ұсындық.

Ғабит Мүсірепов: Мен қазақтың қазақтығына жетерлік ештеңе бар деп ойламаймын

Фото: wikipedia

(XX-XXI ғғ.)

Ғабит Мүсірепов

1) Мен қазақтың қазақтығына жетерлік ештеңе бар деп ойламаймын.

2) Тек ірілік қана аңызға айналады.

3) Қазақ елі – әлі дала табиғатымен өзін тұтас сезінетін ел.

4) Ой да тұтқындалады.

5) Сөзшеңдік – уақыт трагедиясы.

6) Ұлы ақындар жәбір-жапа, қорлыққа толы қиянат жылдар мен замандарда бір айқай салмай қалған емес.

7) Бір адамның жүзінде екі-үш түрлі сезімнің белгілері бола береді екен-ау...

8) Адамның бет терісі миы жасалған материядан болса керек. Сондықтан миына (ойына, сезіміне, көңіліне) келгені – қолма-қол бетке шыға келеді.

9) Жаман тіл – мәдениетсіздіктің белгісі, елмен байланыс үзілуі.

10) Көбіктің көлеңкесіндей ғана елес беретін ойлар болады.

11) Жалғыз шам түнді тұтас жарыққа айналдыра алмайды.

12) Қазақтың қайғы-қуанышында бұрқан-тарқандық жоқ, байсалды салмақтылық бар. Қайғысы ұзаққа созылады, қуанышы тез басылады.

13) Қазақтың бір оқыс мінезі: эмоция үстінде келіп қалған байламға тоқтайды.

14)  Менің білерім: қай жазушының болсын соңғы сөзі айтылмай кетеді.

Бауыржан Момышұлы

1) Әділдікті мойындау – адал кісінің ісі.

2) Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.

3) Ылғи алтын іздеме – шоқтың бәрі от болмас,

Сұлу сөзге құл болма – зерлі ой онда көп болмас.

4) Ақылгөйлік кейде өнегесіздікке тірейді.

5) Әсіре адалдық жалғандықпен пара-пар.

6) Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес.

 

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)