Қоғам • 11 Наурыз, 2024

Жусан иіссуы

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл баласы жусан исі аң­қыған әтір ойлап тапты. Оның мұндай ерекше хош иіс жасап шығаруына атақты Бейбарыс сұлтан туралы аңыз түрткі бо­лыпты.

Жусан иіссуы

Қазақ даласының хош исі бар әтірді ойлап тапқан озық ойлы оқушы Альбина Айдарханова Ақмола облысы Ақкөл ауданының Кеңес ауылын­да 5-сыныпта оқиды. Ол бұл жұмысын ұстазы, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметовамен бірге жасаған. Мектеп оқушысы әтір иісін шығару үшін зерделеу жұ­мыс­тарын жүргізгенін айтады.

«Бейбарыс сұлтан туралы аңыз­дағы «Жусанда туған жердің исі бар» деген сөзді естігенде шабытт­а­нып кеттім. Осындай сөзді естіген­нен кейін туған жердің исі бар әтірді жасап шығарғым келді. Бұл иісті шығаруда мен ежелгі шығу тегі­мізді зерделедім», дейді Альбина Ай­дар­ханова. Осылайша, оқушы өз жұмысында табиғи қоспаларды пайда­­ланған. Ал нәтижесінде парфюмерия жасаудағы негізгі өнім туған өлкенің қасиетті жұпарына айналған қарапайым жусан болды.

Жоба жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметова иіссудың денсаулыққа пайдалы екеніне тоқ­талып: «Біз үй жағдайында әтір жасау тәсілдерін зерттедік. Алған білі­мімізді тәжірибеде қолдану барысында жусанның сан түрін анықтадық. Көбіне әтір жасауға негізінен гүлдер қолданылады ғой, біз оның орнына қарапайым жусанды таңдадық. Себебі оның тұнбасы тәбетті жақсартады, асқазан-ішек жолдарының қызметін нығайтады, жүйке жүйесін тыныш­тандырады, түрлі шаншу мен құры­суларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізеді», деп түсіндірді.

Авторлар бұл хош иіске «Елім-ай» деп айдар тағыпты. Жас өнертап­қыштың айтуынша, әтірдің атауы елі­міздің мәдениетіне деген сүйіспен­шілікпен байланысты. Озат оқушы А.Айданханова жақында өткен ғылы­ми жобалар байқауында өз жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында үшінші орынды иеленді.