Футбол • 11 Наурыз, 2024

«Тараз» премьер-лигамен неге «араз»?

103 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жамбыл футболының әуелгі жеңісті жорығы тәуелсіздіктің елең-алаңындағы 90-жылдармен тұспа-тұс келеді. Бастапқыда «Фосфорит» атауымен топқа түскен жамбылдық команда 1992-1993 жылдары ел кубогының финалына шықса, 1994 жылы сары құрлықтың үздік сегіз ұжымының қатарынан көрінді. Ал қазір «Тараз» футбол клубы бірінші лигада сүйретіліп жүр...

«Тараз» премьер-лигамен неге «араз»?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Таланттар аз ба түздегі?

Теңбіл допқа телмірген жам­был­дық жанкүйерлер «Тараздың» отыз жыл бұрынғы қарқынын сағынып-ақ жүр. 1995 жылы әулие­аталық команда ел чемпионатында күміс жүлдегер атанса, араға жыл салып чемпион болған еді. Келесі маусымда екінші рет күміс жүлдені иеленген клуб ойыншыларының жанкештілігі кімнің жадынан өшсін? Сол жылдары өңір тізгінін қолда ұстаған Амалбек Тшановтың «Таразға» зор қолдау көрсеткенін жанкүйерлер әлі күнге дейін майын тамызып әңгімелейді.

Сол жылдары команданың бас бапкері болған Ваит Талғаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген жат­тықтырушысы» атағы берілді. Со­нымен қатар клубтың футболшылары «спорт шебері» атағын иеленді. Мұның бәрі енді өткен шақ қана...

Жамбыл футболының даңқты түлектерінің толайым табыстары қай кезде де мақтануға тұрарлықтай болған. Кәсіби мансабында оннан астам футбол командасының са­пында жасыл алаңға шыққан Олег Литвиненконың техникалық шеберлігі мен шабуылдағы тамаша ойын үлгісі ешқашан жан­күйерлердің жадынан шықпайтын шығар.

Қазақстан чемпионатындағы үздік шабуылшылардың бірі болған марқұм Олег Литвиненко жасыл алаңда қай кезде де кәсі­билігімен дараланған еді. Одан бөлек ел чемпионатында 142 гол соққан Нүркен Мәзбаев, қарсы­ластардың қақпасын 131 мәрте дәл көздеген Мұрат Тілешев секілді сұр­мерген ойыншылардың да есімдері клуб тарихында алтын әріп­термен жазылған.

Бұл футболшылардың бар­лығы да түрлі клубтардың сапын­да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенімен мақтана алады. Жанкүйерлер жасыл алаңда қыз­ба мінезімен танылған Мұрат Ті­лешевті әлі күнге ұмыта қойған жоқ.

Әрине, «Тараз» футбол клубы бірде супер-лига, енді бірде премьер-лига аталған Қазақстан чемпионатында әртүрлі нәтижелерге қол жеткізіп жүрді. Тіпті премьер-лигадан шығып қалып, бірінші лигада өзінің мықты екендігін дәлелдеп, премьер-лигаға қайта оралған кездері де аз болған жоқ.

Клубты жаттықтырған мамандар ұжым өрлеген кезде де, нә­тижесі құлдыраған шақта да та­лантты футболшылардың тыны­сын ашудан танған жоқ. Әріге бармай, беріден зер салсақ, Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Ис­ламхан, Бақтияр Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет секілді талантты футболшылардың есім-сойын тізіп кете беруге болады. Осылардың ішінде ерекше та­лан­тымен көзге түскен Бақтияр Зайнутдинов бүгінде түбі бір тү­ріктердің «Бешикташында» атой салып жүр. Бір сөзбен айтқанда, «Тараз» футбол клубынан түлеген таланттар түз кезіп кетті.

Сол Бақтияр Зайнутдинов ұлттық құрама сапында да өзінің шын шебер екенін дәлелдеуден танған емес. Үздік сұрмерген де атанды. Бір сөзбен айтқанда, «Та­раз» футбол клубын таланттарды дайындайтын академия десек те болады. Ал Бақтияр Зай­нутдинов «Тараз» футбол клубында доп теуіп жүрген кезде, яғни 2017 жылы «Қазақстанның ең үз­дік жас футболшысы», «Маусым ашы­луы» аталымдары бойынша жыл қорытындысында жеңімпаз атан­ғанын жұртшылық жадынан шығарған жоқ. Бірақ кейінгі жыл­дардағы нәтиже Таразда таланттар көп болса да, нәтиже жоққа айналғанын айғақтап тұрғандай ма, қалай өзі?..

 

Жеңісті мезет күздегі

Сағымға айналған 1997 жылдан кейін «Тараз» футбол клубының фанаттары команданың табысты нәтижесін аңсай бастаған болатын. Ұжымның ойдағыдай ойын өрнегін көрсете алмай жүргеніне ренжігендер де жеткілікті еді. Әйт­кенмен, клубтың шын жан­күйер­лері «Тараздың» әйтеуір бір күні жеңісті жорықты бастайтынына сенді. 2004 жылы олардың сенімі ақталды.

Сол маусымда көпшілік «Та­раз» футбол клубы қандай да бір та­бысқа қол жеткізеді деп ой­ла­мады. Алайда команданың жейде­сін киген жампоздар жеңіске деген ерекше талпыныстарының арқасында ел кубогын ұтып алуға барынша тырысып бақты. Дәл осы жылы Қазақстан кубогі жо­лындағы аламан ешқандай ұжымға оңай соққан жоқ. Өйткені додада 45 команда топқа түсіп, кубок жеңімпазы атанудан үмітті болған еді. Бәрі де барын салды. Әр жұптың жеңімпазы ширек ф­иналға дейін бір ғана ойынның нәтижесімен анықталып жатты. Тек ширек финалға жеткен коман­далар ғана екі кездесу өткізуге мүмкіндік алды.

Қазақстан кубогін жеңу жо­лындағы «Тараздың» жорығы бас­талмай жатып аяқталуы мүмкін еді. 1/16 финалдық бәсекеде «Тараз» футболшылары Павлодардың «Ер­тіс» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шықты. Дәл сол жылдары «Ертістің» «Таразға» қарағанда бәсі де, десі де басым болатын. Бұл кездесу негізгі уақытта да, қосымша уақытта да 0:0 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясы жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгірткені анық. Бірақ бұл күні дәлдік жағынан «Ертіс» футболшыларына қарағанда басымдыққа ие болған «Тараз» футболшылары 6:5 есебімен жеңіске жетіп, фанаттарын қуантып тастады. Ал 1/8 финалда «Тараз» футбол клубы Ақтөбенің «Ақтөбе Жас» командасын бұйым құрлы көрген жоқ. Жас футболшылардан жасақталған ұжымды 9:1 есебімен тас-талқан етіп ұтып, ширек финалдың жолдамасын қалтаға басты.

Айтып-айтпай не керек, ширек финалда «Ақтөбе-ленто» (қазіргі «Ақ­төбе»), жартылай финалда «Аты­рау», клубтарынан айласын асырған «Тараз» финалда Алма­тының «Қайратына» қарсы жасыл алаңға шықты. Шешуші ойын Таразда өтті.

Орталық алаңдағы біз көр­ген соңғы аншлаг осы ойында тір­келді. Тұңғыш рет Тараз төрінде өткен Қазақстан кубогы фина­лын­да «Тараз» жеңісті жұлып алды. Кездесудің 44-минутында Нүркен Мәзбаев соққан жеңісті гол жанкүйерлерді желпінтті. Енді міне, жүлденің маңына жуымағалы жиырма жылдың жүзі болды...

Кейінгі жылдары басынан ба­қайшағына дейін қарызға батқан «Тараз» футбол клубы 2022 жылы еркінен тыс бірінші лигаға сыр­ғыды. Қарыздан құтылудың жолын қарастырған жергілікті атқа­мінерлер клубта жамбылдық жас футболшыларды ойнату туралы шешім қабылдады. Жергілікті жігіт­тер жасыл алаңда барын са­лып баққанымен, тәжірибенің жоқтығы көзге ұрып тұрды. Нә­ти­жесінде, таланттарды тәр­бие­леуден алдына жан салма­ған «Та­­раз» футбол клубы бірінші ли­га­ның өзінде соңғы орындар­дың бі­ріне жайғасты.

Айлығы мен шайлығы аз жас футболшылар қалай ғана жасындай жарқырасын? 100 мыңның ар жақ бер жағындағы жалақыға келісіп, жасыл алаңда жанкештілік танытқан оларға ешқандай кінә да арта алмайсың. Ең бастысы, жер­гілікті жігіттер тәжірибе то­лыс­­­ты­руға мүмкіндік алды.

«Басқарма басшысы қыз­метіне кіріскен сәттен бастап, клуб­тың мәселесін назардан тыс қал­дыр­ған жоқпын. Футбол дәс­түрі қалыптасқан команданы тығы­рықтан шығарудың барлық жолын қарастырып жатырмыз. Қарызы көбейіп кеткендіктен, клубты бі­рінші лигаға түсіруге мәжбүр бол­­дық. Ондай қадамға бармасақ, «Тараз» футбол клубы банкрот бо­латын еді.

Ашығын айтсақ, команда де­меушіге зәру. Алдыңғы маусымда «Қазфосфат» ЖШС айтарлықтай көмек көрсеткен еді. Алайда клуб көңіл көншітерліктей нәтиже көр­сете алмағандықтан, серіктестік қол­дау көрсетуді тоқтатты. Қазіргі кезде команда сапында 17-18 жастағы жергілікті футболшылар ойнап жүргені белгілі. 100 мың теңгенің ар жақ-бер жағында жалақы алады.

Жастардың қарқыны жаман емес. Ал клубтың мықты түлектері бүгінде жан-жақта ойнап жүр. Оларды командаға қайтару үшін сөй­лесіп жатырмыз. Әйткенмен бірінші кезекте қарыздан толық құты­луымыз керек. Әйтпесе 100 мың теңге жалақыға ешкімнің кел­мейтіні анық.

Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз. Клуб қарызға батқаннан кейін жастар жағы назардан тыс қалыпты. Бапкерлер де айлап айлық алмапты. Қазір бұл олқылықтың бәрі түзетілді. Жастарымызға қажеттінің бәрін алдық. Олар түрлі додаларда бақ сынап жүр.

Орталық стадионның мәселесі кімді де болсын толғандырады. Клуб пен стадионды амалсыз екіге бөлуге тура келді. Енді қарыздар толық жабылғаннан кейін орталық стадион клубтың меншігіне өтеді. Оған алаңдауға негіз жоқ», дейді облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Тәшметов.

Дерекке сенсек, «Тараз» футбол клубы бұрынғы жылдардан қалған 1,3 млрд теңге қарыздың жартысынан астамынан құтылған. Енді қалған бөлігін жабу үшін тағы бір маусымды құрбандыққа ша­луға тура келетін секілді. Жер­гілікті жастар намыс үшін кезекті маусымда «Тараздың» жейдесін киеді. Клуб қарызы толық жа­был­ғаннан кейін ғана «Тараз» футбол клубы премьер-лига жолдамасына таласатын сияқты.

«Тараз» қарызға батудай батыпты. Соның салдарынан премьер-лигамен өз еркімен «араз» болды. Әйтпесе, турнир кестесінің екінші жартысында сүйретіліп жүрсе де, додадан шығып қал­маған. Қарызға белшесінен батқан команда премьер-лигаға оралудың мәселесін кем дегенде 2025 жылы қарастыратын секілді. Кезінде талай талантты түлеткен Жамбыл фут­болы әзірге осылай жетімнің күйін кеше тұруға мәжбүр.

 

Жамбыл облысы