Мирас • 12 Наурыз, 2024

Жылқыны қалай асылдандырамыз?

253 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзінде жылқы өсірумен айналысатын елдер аса көп емес. Бүгінгі ғылымның жетістігін, жаңа технологияларды пайдаланып, бірқатары жылқыны спорттағы брендке айналдырып үлгерсе, енді бірі еті мен сүтін кәдеге жарата отырып, косметология саласы, балалар тағамын жасап, халықаралық нарыққа шығарып отыр. Олар жылқының байырғы сипатына өзгерістер енгізіп, жылқы өсірудің заманауи мәдениетін қалыптастырды.

Жылқыны қалай асылдандырамыз?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республикада 4,5 млн-нан астам жылқы бар. Бірақ атқа міну, ат баптау мәдениеті әлемге тараған қазақ даласындағы жылқы шаруашылығының қазіргі жай-күйі сын көтер­мейді. Алматыдағы Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу университетінде «Атилла – Қаптағай» қорының төрағасы, құр­метті профессор Сабыр Қадырұлының бастамасымен «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетімен бірлесіп өткізген дөңгелек үстел мәжі­лі­сінде зерттеуші ғалымдар, жылқы өсіру­шілер, атбегілер, ғылыми зерттеу инс­ти­туттарының өкілдері саладағы түйткілді мәселелерді талқылады.

Жиынды жүргізген KazNARU проректоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов қазақы жылқыны өсірумен қатар, асылдандыру, жылқының бойындағы табиғи қасиеттерін жетілдірудің маңызына тоқталды. «Жылқы малын етті, сүтті, спорт бағытындағы дамыту ғалымдар­дың араласуымен жүзеге асып келеді. Қазақы жылқының ерекшелігі – еті мен сүттілігінде, төзімділігінде. Әрі оның бойында жабайы жылқының гені сақталған. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары осы мәселемен жүйелі айналысуда, деп атап өтті проректор өз сөзінде.

«Қазақстан Республикасындағы асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңына толықтырулар енгізу, терминдерді жүйелеу қажеттігін алға тартқан «Кетбұқа – Төлегетай» халықаралық қоғамдық қорының жетекшісі Айбек Кәрімовтің айтуынша, қазіргі кезде республикада жұмыс істеп жатқан палаталар қой, ірі қара, жылқы малын асылдандырумен толыққанды айналыспайды. Елімізде асыл тұқымды малдың үлес салмағы да мүлде төмендеген. Сондықтан мал шаруашылығы экономикалық аймақтарын солтүстік, оңтүстік, батыс пен шығыс деп бөліп, аудандастыру қажет. Жылқы саласын асылдандыра отырып, өнім беретін, мініс ат, спортқа икемді түрлерін ғылыми негізде дамыту уақыт күттірмейді. Бұл мәселе тиісті министрлік пен халық қалаулыларына бірнеше рет жолданғанымен, әлі күнге қағаз жүзінде қалып келеді.

Дөңгелек үстелге Абай облысынан арнайы келген белгілі атбегі Мәулетқазы Құлжатаев қазақтың жылқы тұқымын зерттеп, ата-бабамыз ғасырлар бойы сұрыптап келген мықты жауынгер аттарды спортқа баптау мәселесін сөз етті. Былтыр бастамашы топ жұмысының нәтижесінде табиғатқа бейімді, төзімді, күй талғамайтын Адай жылқысы дербес тұқым ретінде танылып, патенттелген болатын. Міне, осының басы-қасында жүрген Мәулетқазы Садықұлының айтуынша, Президент тапсырмасына орай Маңғыстау өңірінде жасалған ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Адай жылқысы асыл тұқымды топқа кіріп, генетикалық сараптамасы жасалды.

 – Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен ғылыми жұмыстарға облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, араб елінен, Ресей­ден сарапшылар шақыртылды. Жылқы генофондын зерттейтін бүкіл­­­әлемдік Ресей ғылыми зерттеу инсти­ту­тының профессоры А.Зайцев, Рес­пуб­ликалық ат спорты федерациясы Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Орынбасар Құлбеков, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ҒЗИ директоры, ауыл шаруашы­лығы ғылымдарының докторы, профессор Айбын Төрехан, осы институттың жылқы шаруа­шылығы бөлімінің меңгерушісі Дәурен Сыдықов сияқты ғалымдардың қолдауының арқасында Адай жылқысын дербес тұқым ретінде тануға байланысты көптеген жұмыс атқарылды. Ендігі кезекте Адай жылқысы дербес тұқым ретінде әрі өңірлік бренд ретінде танылып, алыс ша-қырымға шабысын дәлелдейтін болады. Алда Найман жылқысын тұқым ретінде тану ісі тұр. Найман жылқысын бірінші болып зерттеген ауыл шаруашы­лығы ғылымдарының докторы Григорий Сизонов болатын. Оның Дәурен Сыдықов, Ғабиден Бақтыбаев сынды ғалымдармен және бүгінгі Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Тоқжайлау ауылдық окру­гінде кезінде төраға болған Алексей Бабишевпен бірлесе жүргізген он жыл бойғы зерттеулері әрі қарай жалғасын таппақшы. Найман типі бүгінде Өзбек­станның – 60, Қырғызстанның – 30, Қазақстан даласының – 65, Қытайдың Шыңжаң өлкесі мен таулы Алтайдың 25 пайызын қамтиды. Сонымен қатар қазіргі кезде етті тұқым ретінде бекітіліп кеткен Адай, Найман, Көшім жылқысының мініс жылқы екенін дәлелдеп, осылардың аборигендік тұқымдық қасиетін сақтап қалу бағытында да жұмыстар істеліп отыр. Реті келгенде Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры болған, академик Нәбидолла Кикебаевтың ондаған жылғы еңбегінің арқасында Мұғалжар қазақтың жетіл­дірілген ет бағытындағы тұқымы ретінде патент­телгенін айта кеткен абзал. Мұнымен қоса Қостанай жылқысының өнімділігіне де назар аудару уақыт күттірмейді. Ака­д­емик Н.Кикебаев зерттеген жылдарда жүздің үстінде болған жылқыдан қазір бар-жоғы 25 бие қалды, – дейді Мәулетқазы Садықұлы.

«Қазақстандағы жылқы шаруа­шы­лы­­ғының бүгіні және болашағына» қа­тыс­ты баяндама жасаған KazNARU про­­фессоры Қайрат Исханның айтуынша, мал­ды асылдандырумен Ақтөбеде «Өнім­­ді және әмбебап бағыттағы жылқы тұқым­­дарының республикалық палатасы» және Алматыда «Зауыт жылқылар тұ­қым­дары бойынша республикалық па­ла­та» айналысып келеді. Негізінен спорт бағытындағы жылқылар осы жерде тіркеледі. Профессор екі палатадан алын­ған мәліметтерге сүйене отырып, тір­келген асыл тұқымды жылқының бар-жоғы 28 мыңға жуықтайтынын айтты. Көр­сеткіш республикадағы 4,5 млн жыл­қы­ның 0,7 пайызын ғана құрайды. Осы­ған қарап, республикада асыл тұқым­ды жа­­нуар­дың жалпы жылқы санының бір па­йы­зына да жетпейтініне көз жеткізуге болады.

Профессор саладағы түйткілді мәсе­ле­­нің бірі, зерттеуші ғалымдардың аздығы, дейді. Бүгінде саладағы ғылыми зерт­теу жұмыс­тарымен 30 шақты ғана ғалым айналысып келеді. Алайда олар­дың дені зейнет жасын­дағылар. «Рес­пуб­ли­кадағы жылқы санын қаперге алатын болса, ғалымдар санына қарап, зерттеу жұмыстарының да шама-шарқын бағамдауға болады. Бүгінде елі­мізде екінің бірі жылқы зерттеумен айна­лы­са­ды.­ «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген халық нақылына сүйенсек, сала­да білім алғандар ғана маман болып есептеледі емес пе?! Осыған қарап жыл­қыны асылдандыру жұмыстарының қан­дай күйде екенін көруге болады. Кеңес ке­зе­ңінде ғалымдарды ғылыми зерттеу инс­титуттары колхоз-совхоздарға жіберіп отыр­ған болса, қазір жеке шаруа­шы­лық­тар ғалымдарды шақырмаса, өздігінен зерт­­теу жұмыстарын жасай алмайды. Ми­нис­тр­лік тарапынан жүзеге асатын ныса­налы қаржыланатын жобалар бар деге­ні­міз­бен де, жалпы ғылыми зерттеу жұмыс­тары­ның қалыптасқан жүйесі бұзыл­ғаны жасы­рын емес», дейді профессор.

Ғалымдар қазақ жылқысына «етті, сүт­ті» деп қараудың қателік еке­нін үнемі айтып келеді. Мініске де мық­ты, жор­ға­лығы да таңдай қақтырар тұл­пар­лар бар. Профессор Қайрат Исхан атап өт­кендей, 1999-2000 жылдан бергі ара­лық­та республикаға таза қанды жылқы тұ­қым­дары әкеле бастады. Бүгінгі таңда Ұлт­тық аламан бәйгелерге араб, ағылшын, ақал­теке сияқты таза қанды жылқылар қо­сылған. Осылайша, атбегілер таза қанды жыл­қыларды ұлттық бәйгеге бейімдеп алды. Тіптен 3-3,5 шақырымға шабатын жыл­қыларды 30-50 шақырымға қосып жүр. Бұл елімізде бәйге жылқысының мә­де­ниеті қалыптасып келетінінің айғағы.

– Таза қанды жылқылар аламанға шауып жүрген өз жылқыларымызды ығыстырып шығарып жіберді. Жер­гілікті жылқылар бәйге сапынан шығып қал­ған­ын жағымсыз жағдай деп қабылдағанмен, таза қанды жылқыларды қазақ жеріне бейімдеп, жарату үлгісінің қалыптасуы оның жағымды жағын көрсетеді. Міне, осы мәселе ғылыми тұрғыдан зерттелуі қажет. Жоғарыда аталған палаталар бәйге жылқыларын тіркеу арқылы асылдандыру ісін де алға оздырмақ. Бүгінде классикалық бәйгеде таза қанды жылқыларды өсіру мәде­ниеті қалыптасты. Ендігі кезекте 1-3 мың метр­­ге шабатын классикалық бәйгелерге қосылу міндеті тұр. Кейінгі төрт жылда 140 шақырымды қазақ жылқысы ғана бағындырып келеді. Ата-балаларымыз айшылық алыс жерлерге осындай шабандарымен көз ілеспес жылдамдықпен жетіп отырғаны белгілі. Осы бағытта ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастыра отырып, қазақтың қазанаты қалыптасады деген үмітіміз бар. Аудандастыру жұмыс­тарының нәтижесінде ата-бабадан жеткен жартылай жабайы жылқы түрлерінен төзімді тұқымдарды өрбітуге әбден болады, – дейді профессор.

Жиын барысында қазақ жылқысының тұқымын дамыту туралы ұсыныстарымен бөліскен академик Түлеухан Садықұлов, Қонаев университетінің профессоры Өмірәлі Жалаири, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, ветеринария ғылымдарының докторы Еркін Қасымов осы саланы түбегейлі зерттеп, жылқы түрінің асыл тұқымдық құндылығын арттыру, өсіру технологиясын, жылқы шаруашылығының маңызына қатысты ойларын ортаға салды.

 

АЛМАТЫ