Тұлға • 11 Наурыз, 2024

Білікті заңгер биігі

136 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Болат Сембин – тәуелсіз еліміздегі құқықтық жүйенің қалыптасуы мен да­муына зор үлес қосқан, қылмыстық іс жүргізу саласында білікті маман ре­тін­де танылған көрнекті заңгерлердің бірі. Ол өзінің өмір жолында талай биік­ті бағындыра отырып, тарихи кезеңдерде заң үстемдігінің орнығуы үшін ерен еңбек ете білді.

Білікті заңгер биігі

Болат Ажақайұлы Жамбыл облысында ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс жылдарында өмір есігін ашқан ол сол дәуірдің көптеген жас буын өкілі сияқты ерте есейіп, еңбек жолын ерте бастады. 16 жасында кеңшарда механизатор болып жұмыс істеді. Оның әскери қызметі – қажырлылығы мен өр мінезін шыңдай түскен өмір жолының ерекше парағы. Табандылық, еңбекқорлық, білімге құштарлық Болат Сембиннің 1965 жылы Киров атындағы Қазақ мем­ле­кеттік университетінің заң факуль­­тетіне оқуға түсуіне түрт­кі болды. 1969 жылы аталған оқу орнын үздік бітіріп шықты. Бұл соғыстан кейінгі ұрпақ өкілі үшін үлкен жетістіктердің бірі саналатын. Болашақ профессор заңгерлік шебер­ліктің кәсіби шыңына шығу жолын прокурордың көмек­шісі қыз­метінен бас­та­ды. Задында прокуратура жүйе­сін­дегі прак­тикалық қыз­мет Болат Ажақай­ұлының болашақ өмір жолын алдын ала айқындап берді. Сонымен қатар ол үнемі өзін белсенді қоғам қайраткері ретінде көрсете білді. Мәселен, түрлі деңгейдегі Халық депутаттары кеңестерінің депутаты болғанын атасақ та жеткілікті.

Алған білімі мен тәжірибесі оның мемлекет қайраткері ретін­де кәсіби биіктерге жетуіне ықпал етті. Ел тәуелсіздігін нығай­туда аса маңызды саналған кезең 1990–1996 жылдары ол Бас прокурордың орынбасары қыз­ме­тінде ұйымдастырушылық қабі­­ле­тін жан-жақты көрсете оты­рып, елде құқықтық тәр­тіпті орнатуда аса күрделі функ­ционалдық міндеттерді атқар­ды. Қазақ елі үшін прокуратура мен сот жүйесінің оңтайлы үлгі­сін іздеуде «Қазақстан Рес­пуб­ликасының прокуратурасы туралы», «Соттар туралы» заңдарды әзірлеуге зор үлес қосқаны ерекше атауға тұрарлық. Осы орайда ол кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге үнемі көңіл бөлетін. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін шыңдауға ерекше назар аудару оның сот төрелігі жүйе­сіндегі мансабын айқындап, 90-жыл­дар­дың соңында елді алға жетелейтін көшбас­шы­лардың біріне айналдырды.

2000 жыл Болат Сембиннің ғылым-білім саласы сияқты жаңа бағыт­ты таңдап, сол арнада шыңдарды бағын­дыруға жасаған бетбұрысты кезеңі болды. Шын мәнінде, оған ұстаздық қызмет жат емес еді. Өйткені ұстаз отбасында дүниеге келген әрі бала тәрбиесінен хабардар жоғары білімді заңгер Цицерон айтқан «Заңгердің міндеті – өз халқына ағартушылықты тарату» түсінігіне мойынсынып, өз білімі мен тәжірибесін жас ұрпақпен бөлісуді жөн көрді.

Болат Ажақайұлы Л.Н.Гуми­лев атын­дағы ЕҰУ-да институт дирек­то­ры­­ның орынбасары қызметін атқар­ған­­да терең заңгерлік тәжірибесі мен осы саладағы ауқымды білімі өз әле­уетін тиімді жүзеге асыруына, профессор атағын алуға септігін тигізді. Ол 2001 жылдың маусымында Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық универ­си­те­тін­де заң ғылымдарының кандидаты ғы­лыми дәрежесін алып, тағы бір биікті бағындырды. Болат Ажа­қайұлы заң, құқық саласына қа­тысты түрлі тақы­рып­та талмай қалам тартты. Онда көте­рілген көп мәсе­ле қоғамда өзекті бола­тын, сондықтан ғалым оларды ғылы­ми ізде­ністеріне арқау етіп, іргелі әрі қолдан­ба­лы зерттеу жұмыстарына айналдырды.

2000 жылдың желтоқ­са­нында Болат Сембин Қазақ мем­­лекеттік заң ака­де­­мия­сы­­ның проректоры болып таға­йын­далды. Осы кезеңнен бастап оның өмір белестері аталған оқу орнының даму кезеңдерімен тығыз байланыста өрбіді. Биыл «Maqsut Narikbayev University»-дің­ құрыл­ғанына да 30 жыл толып отыр. Қазақ елінің ең беделді оқу орындарының біріне айналып, жас ұрпақты біліммен сусындатуға үлес қосқан оқу ордасының мерейтойы 14 нау­рызда тойланбақ. Болат Сембин уни­верситетіміздің елімізде және шетелде танылған заманауи, озық оқу орны ретінде дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосып, әлі де талмай еңбек етіп келеді. 2008 жылдың маусым айынан бастап «МNU» акционерлік қоғамы Директорлар кеңе­сінің төр­ағасы қызметін атқара оты­рып, әріптестерімен бір­лесіп, өз күш-жігерін елі­міз­де заңдылық пен тәр­тіптің ны­ғаюына үлес қосушы лайық­ты ұрпақ тәр­бие­леу үшін қолайлы инфра­­құ­рылым даярлауға жұмсап келе жатыр.

Болат Сембин – тәуелсіз елі­­міздің саяси-құқықтық ірге­­­тасын қалыптастыру мен ны­ғайтудың күрделі мис­сия­­сын орындаған көр­некті ға­лым­дардың бірі. Осы дерек­тің өзі оның ел тарихы жадында сақталуына септес­пек. Кәсіби заңгер, зерделі зерт­теуші ғана емес, сонымен қатар айналасында ешкімді алаламай, бәріне бірдей құрметпен қарайтын текті азамат, білікті маман ретінде құрметке ие болды. Өз ортасына да, отбасына да ерекше мейіріммен қарап, көңіл бөлгендігінің нәти­жесінде еліміздің лайықты азаматтары ретінде тәрбиелеген ұрпақтарымен мақтанып, мар­қая алатын әулеттің зиялы ша­ңы­рақ иесі болып отырғанын да айрық­ша атап өту керек.

Мемлекетіміздің әрі қоғам­ның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Болат Ажа­қайұлы көптеген атақ пен мара­пат­қа лайық деп танылды. Осындай ерекше тұлғамен қызметтес болу – әрқай­­сысымыз үшін үлкен мақтаныш.

 

Индира ӘУБӘКІРОВА,

«MNU» Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры