Жиында сөз алған Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич жоғары білім беруді интернационалдандырудың маңызын атап өтті.
«Жүйенің үш негізгі өзгерісіне назар аудару маңызды: реттеу, сапа және ағылшын тілін білу. Ең алдымен, Қазақстандағы трансұлттық білім беруді реттеуді халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру өте маңызды. Бұл тіркеудің және жұмыс істеудің терминологиясы мен үдерістерін анықтауға көмектеседі, оларды жергілікті нарыққа кіргісі келетін кез келген университет үшін ашық етеді. Бұл мәселелермен Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан Британдық Кеңеспен, Ұлыбританияның Cапаны қамтамасыз ету агенттігімен (QAA), Бизнес және сауда министрлігімен (Department Business and Trade) және қолданыстағы халықаралық серіктестіктер мен жоғары білім беру секторының басқа да сарапшыларымен бірлесіп құрылған жұмыс тобы айналысады», деді К.Лич.
Ал Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өзара әріптестікке тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері арасында 59 келісімшарт жасалды. Ұлыбритания университеттерімен бірлескен ғылыми жобалардың жалпы саны 9-ды құрады. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық алмасуы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.
«Интернационалдандыру – қазіргі таңда жоғары білім берудің ең өзекті бағыты және бұл тек студенттердің ұтқырлығымен ғана шектелмейді. Интернационалдандыру білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру, білім беру стандарттарын интеграциялау және стратегиялық білім беру серіктестіктерін құру арқылы әлемдегі университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын трансұлттық білім беруді қамтиды. Британдық университеттермен серіктестік туралы айтатын болсақ, екі ел арасында осы бағытта өзара қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өткен жөн», деді Г.Көбенова.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сүйенсек, іс-шара Ұлыбритания мен Қазақстан университеттеріне трансұлттық білім беру саласында халықаралық әріптестік орнатуда маңызды ақпарат алмасуға мүмкіндік берді. Қатысушылар трансұлттық білім беру серіктестігінің табыстылығын және сапалы трансұлттық білім беру серіктестігін құру және қолдау кезінде қандай негізгі түйткілдерге тап болғанын анықтау бойынша тәжірибесін бөлісті. Жиында спикерлер халықаралық әріптестікті дамыту және трансұлттық білім беруде сапаны қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру стратегиялары туралы баяндады. Британдық Кеңестің creative Spark және InterLinks гранттық бағдарламалары бес жыл ішінде 1,2 миллион фунт стерлингтен көп инвестиция жасап, Ұлыбритания мен Қазақстан арасында 20-дан аса серіктестік құрылуын қолдады. Жақында жүргізілген екі бағдарламаның нәтижелерін бағалау қорытындысы қазақстандық университеттер үшін ғана емес, Ұлыбритания үшін де маңыздылығын көрсетті. Британдық Кеңес сапаны қамтамасыз ету агенттігімен (QAA) және Ұлыбританияның бизнес және сауда министрлігімен (DBT) бірлесіп трансұлттық білім беру және сапаны қамтамасыз ету бойынша жұмыс тобы құрылды.