Экспорт • 12 Наурыз, 2024

Өңделген тауар экспорты

149 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық тауарлар мен қызметтерді экспорттау қызметі қайта құрылымдауды қажет етіп отыр. Бүгінде еліміз үшін негізгі нарық – Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері. Соңғы уақытта экспорт географиясын Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдеріне қарай өрістету перспективасы көрініс берді.

Өңделген тауар экспорты

Фото: gov.kz

Кәсіпкер шығыны ескеріледі

Сондай-ақ Қытаймен өзара сауданы 40 млрд долларға жеткізу үшін Хубэй және Сычуань провинцияларымен май және тоң май өнеркәсібінде, астық өңдеуде экспортқа бағытталған жобалар іске аса бастады. Жоба аясында Қытайға экспорттауға рұқсат етілген өнім тізімі де кеңейтілмек.

– Бұл бойынша екі мемлекеттің шекарасында сапалы инфрақұрылымды іске қосу мәселелері пысықталады. Екіншіден, отандық тауарлар мен қызметтерді сыртқы нарықта ілгерілету инфрақұрылымын қалыптастыру керек. Біздің өнім халықаралық көрмелерде сауда сөрелерінен көрініп, сауда орындарында ұсынылғанда ғана танылып жүр. Сондықтан компаниялардың сауда миссиясына, халықаралық көрмелер мен іс-шараларға қатысуын көздейтін кеңейтілген жоспар әзірленді. Ел брендін қалыптастыру жұмысы отандық бизнестің шетелдік серіктестермен бірлесіп, негізгі өткізу нарықтарында сауда үйлерін ашудан басталады, – деді Сауда және интеграция вице-минстрі Қайрат Төребаев.

Вице-министрдің айтуынша, өткізу нарықтарына басымдық беру және экспорт әлеуетін кеңейту қажет. Сондай-ақ біздегі экспорттаушылар үшін логистикалық шы­ғындарды оңтайландыру жұмысы да басты назарда. Оларға шығындарды өтеу үшін қолдау керек. Дегенмен бұл жұмыстар бойынша құжатта қайта нақтылайтын тармақтар бар. Бірінші кезекте, біздің өнімге сұранысты ескере отырып, өткізу нарықтарына басымдық беріледі. Бұл ретте қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердің экспортын қолдауға баса назар аударылмақ.

 

Қытай алғашқы орынға шықты

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, былтыр тауар айналымы 139,8 млрд доллар болды. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 135,5 млрд доллар болған еді. 2023 жылы экспорттан 78,7 млрд доллар табыс түссе, импорттық тауарларды сатып алуға 61,1 млрд доллар қаржы жұмсалған.

– Қазақстанмен сауда саясатында 10 әріптес мемлекет бар. Тауар айналымында алғашқы орында Қытай тұр. Былтыр басым позиция болған Ресей қазір ығысып, екінші орынға түсті. Одан кейінгі орындарда Италия, Оңтүстік Корея, Түркия, Нидерланд, Өзбекстан, Франция, АҚШ және Германия мемлекеті орналасқан. Жалпы, экспортқа көбіне шикізат өнімдері – жерасты қазба байлықтары, оның ішінде түрлі металл, мұнай мен табиғи газ, қосымша ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік тауар өнімдері жөнелтіледі, – дейді орталық директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Қазақстан экспортының 70 пайызы бес облысқа тиесілі. Аталған өңірлерден өнеркәсіптік қазба байлықтары мен ауыл шаруашылығы тауарлары сырт мемлекеттерге тасымалданады. Көбіне-көп Ресей мен Қытайға шикізаттан бөлек, өңделген өнімдер кетіп отыр. Ал сырттан автокөлік пен оның қосалқы бөлшектері, жабдықтар мен электротехника, бағалы емес металдар, азық-түлік пен тоқыма (киімдер) өнімдері келетіні белгілі.

– Мемлекет басшысының өңделген өнім мен жаңа нарықтағы қазақстандық тауарлар көлемін арттыру бо­йынша берген тапсырмасына сәйкес, көптеген жұмыс жүріп жатыр. Біз Сауда және интеграция министрлігімен, сондай-ақ өзге салалық министрлік және комитеттермен бірлесіп, экспорттық әлеуеті бар тауар шығаруды жалғастыра береміз. Мемлекеттермен келіссөз жүргізу жұмысы да жалғасады. Қазір біздің елдегі кәсіпкерлер мен олардың өнімін халықаралық көрмелерге қатыстыру, жол шығындарына қолдау көрсету туралы арнайы бағдарлама да бар. Бұл оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау болмақ. Мұндағы мақсат – шикізат емес, өңделген тауарларға басымдық беру, – дейді Нұрлан Құлбатыров.

 

Жаңа өнім түрлері экспортталады

Жақында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездескен еді. Тараптар қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылаған. Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық – Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының маңызды құрамдас бөлігі. Бұл елдер арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасына оң серпін бермек. Былтыр салаға қатысты өнімдер бойынша тауар айналымы 1,6 есе өсіп, 1,3 млрд доллардан асыпты. Жалпы, кейінгі жылдары Қытайдың біздегі экологиялық таза өнімге деген сұранысы жиілеп тұр. Былтырдың өзінде аталған елге экспорт екі есе өсіп, 1,01 млрд долларды құрады.

– Қытай нарығы қазақстандық астықты экспорттауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Біз жыл сайын оның жеткізу көлемін 2 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндігіміз бар, – дейді Айдарбек Сапаров.

Жиын барысында Ауыл шаруашылығы министрі Қытай елшісі Чжан Сяодан биыл тауарлардың жаңа түрін экспорттау жөніндегі екіжақты құжатқа келісу мен қол қоюды жеделдетуді сұрады. Бұл тауарлар қатарында мұздатылған ет, құс шаруашылығы өнімдері, қосымша өнімдер, қызылша және картоп бар.Сондай-ақ Айдарбек Сапаров Қытайға экспорттау үшін мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін жаңа қазақстандық кәсіпорындарды аккредиттеу мәселесін шешуде де елшінің көмегі қажет екендігін жеткізді. Чжан Сяо өз кезегінде Қытайдың Қазақстаннан ет, астық және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз импорттауды қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Қытай нарығының көлемін ескерсек, Қазақстаннан келетін импортты ұлғайтудың мүмкіндігі зор екені анық. 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20