Экономика • 12 Наурыз, 2024

Қазақстан мен Италия бірыңғай сауда маркасымен тауар шығармақ ниетте

58 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Республикасына қаңтар айындағы сапарының қорытындысы бойынша келісімдерді іс жүзінде іске асыру аясында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Италияда жасалған» кәсіпкерлік және өнім істері министрі Адольфо Урсо мырзамен Рим қаласында кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Италия бірыңғай сауда маркасымен тауар шығармақ ниетте

Фото: gov.kz

Тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы сауда қарым-қатынасын кеңейтуді, «Made in Kazakhstan with Italy» бірыңғай тұжырымдамасын енгізуді талқылады.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан мен Италия арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың табысты тәжірибесі қалыптасты. Сонымен қатар біздің елдеріміздің экономикалық саладағы әріптестікті одан әрі тереңдету үшін үлкен мүмкіндіктері бар.

«Қазақстаннан Италияға өңделген өнім экспортының әлеуеті 260 млн доллардан асады. Органикалық тамақ өнiмiнiң айтарлықтай артықшылығы бар. Біздің болжауымызша, Италия нарығында сұранысқа ие тауарлардың бірі ол жылқы еті. Қазақстан органикалық салқындатылған жылқы етін, сондай-ақ уылдырық пен балдың экспорттық жеткізілімін ұсына алады», деді кездесуде министр.

Жыл сайын Италия 140 млн доллардан астам сомаға жылқы етін импорттайтынын ескерсек, Қазақстан компаниялары италияндық сатып алушыларға сапалы ет жеткізе алар еді.

2024 жылғы қаңтарда Қазақстан мен Италия мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген келісімдер жалғасында Арман Шаққалиев «Made in Kazakhstan with Italy» бірыңғай тұжырымдамасын құру және ілгерілету мәселесін пысықтауды ұсынды. Бұл сауда маркасын Италия мен Қазақстанның ШОБ бірлесіп шығарған тауарлар үшін пайдалануға болады.

«Ішкі өндірісті ынталандыру мақсатында біз Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол барлық мүдделі тараптарға қолжетімді болады және қазақстандық тауарлар туралы мәліметтердің жалғыз дереккөзіне айналады. Осы тізілімдегі тауарлар мемлекеттік қолдау алуға құқылы болады», деді Қазақстанның сауда және интеграция министрі.

Кәсіпкерлік және өнім істері министрі Адольфо Урсо Made in Italy тұжырымдамасы бүгінде өнімді жаһандық сәйкестендіру, тұрақты тауар, «сапасы жақсы», «танымал» ұғымдарын қамтитын әлеуметтік тұрақтылық туралы екенін атап өтті. Ол бірыңғай бренд құру бастаманы қолдады. Министрдің пікірінше, өндіруші «Қазақстанда жасалған» белгісімен өнім шығару үшін, ол, бірінші кезекте, көптеген басқа брендтерден ерекшелену үшін өз өнімдерінің ерекшеліктерін атап өтуі керек.

Сол күні Арман Шаққалиев Италия Мемлекеттік хатшысы -  Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Мария Триподимен келіссөздер жүргізді.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Италия мемлекет басшылары арасындағы келісімдер іс жүзінде іске асыруды талқылады.

Триподи ханым атап өткендей, ШОБ - бұл Қазақстан экономикасы сияқты италияндық кәсіпкерліктің негізі деп атап өтті. Осыған байланысты көптеген салаларда кооперациялық байланыстар орнатудың тамаша қабілеті бар. Сондай-ақ министрдің орынбасары экспорт пен сауданы дамыту және ілгерілету институттары арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру Үкіметаралық Жұмыс тобы шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Соңында тараптар 2024 жылғы мамырда өтетін Италия+Орталық Азия форматында Министрлік конференциясын ұйымдастыру мен өткізуді талқылады.