Өнер • 12 Наурыз, 2024

Шетелдерге өнер сапары басталды

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпан айының соңында Қытай елінде өтетін дәстүрлі шамдар фестиваліне қатысып, қазақтың ұлттық құндылық­тарын, ән-жырын Қытайда төгілтіп келген маңғыс­таулық өнерпаздар енді Аустрия мен Латвияға концерттік бағдарламамен аттанды.

Шетелдерге өнер сапары басталды

Қытай Халық Республи­ка­сындағы «Айдаhардың гүл­денген ғасыры, бақытты, қуа­нышты Цинпру жылы» атты іс-шараға Франция, Италия және Қытайдың түкпір-түкпірінен келген өнерпаздармен бірге Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филар­мониясының «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблі қа­тысты. Шаньси провинциясы Тайюань қаласы Цинсюй округі халықтық үкіметі ұй­ым­дас­тырған халықаралық шамдар фестивалі Қытайда ХІ ғасырдан бері тойланып ке­леді. Қытайлықтардың сенімі бойынша, жаңа жылда ата-бабалардың аруақтары жерге түсіп, өздерінің жақын ағайын­дарымен жаңа жылды қарсы алып, кейін аспанға қайта ұшып кетеді-мыс. Ұшу барысында олардың «жолын ашып, жарық қылу» мақсатында аталған шамдарды ұшырады. Қытай Халық Республикасының мем­лекеттік мерекелерінің бірі саналатындықтан, жыл сайын дәстүрлі түрде шамдар фес­тивалі ұйымдастырылып отырады. Аталған фестиваль аясында екі күн бойы Қытайда өнер көрсетіп, жергілікті халық­тың ықыласына бөленген маңғыстаулық өнерпаздар араға аз уақыт салып Аустрия және Латвия мемлекеттеріндегі Қа­зақстан елшілігінің арнайы шақыртуымен Наурыз мере­кесіне арналған салтанатты іс-шараға қатысады. Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» фольклорлық ан­самблі мен «Жорға» би ансамблі Вена қаласындағы Musikverein Wien концерт залында, Austrian National Library кітапханасы сахнасында, Рига қаласындағы Mercure Riga Centre Hotel қонақ үйіндегі Латвиядағы елшіліктің ұйымдастырған арнайы іс-шарасында, VEF Kultūras Pils концерт залында өнер көрсетпек.

Бұл өнер сапарларын қа­зақтың ұлттық киімдері мен өне­­рінің өрісін кеңейту, ұлы Нау­­рыз мерекесін насихаттау жо­­лындағы сапар деп санаймыз.

 

Маңғыстау облысы