Құқық • 12 Наурыз, 2024

Кәсіпкерге кедергі келмесін

67 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел экономикасын дамытудағы шағын және орта кәсіпкерліктің орны аса маңызды. Нарықтық жүйеде елді алға сүйреу негізінен кәсіпкерлердің жұмысына байланысты екені белгілі. Ел Президенті олардың алаңсыз қызмет атқаруын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға кәсіпкерлік нысандарын жөн-жосықсыз тексеруге кейінгі үш жыл бойына мораторий жариялағаны бекер емес.

Кәсіпкерге кедергі келмесін

Дегенмен кәсіпкерліктің өркен­деп, өсуіне кедергі келтіретін де жағдайлар кездеспей қалмайды. Мұндай келеңсіздік мемлекеттік орган­дар тарапынан болып жататыны әрине, өте өкінішті.

Ұлытау облысының прокуратурасы 808 млрд теңгені құрайтын 31 инвес­тициялық жобаға сүйе­мел­деу көр­сетуде. Бұл не деген сөз? Қара­­пайым тілмен айтқанда, бұл дегеніңіз – инвестор-кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, олардың заңды жұмыс істе­уін қамтамасыз ету.

Биылдың өзінде облыстық про­кура­тураның араласуымен жалпы сомасы 80 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобаларды іске асыруға тиісті 3 инвестордың құқықтары қорғалды.

Мысалы, «Mezgilder Qushteri» ЖШС деп аталатын Қытай инвес­торы өз компаниясын Сәтбаев қаласында тіркеген. Прокуратуралық тексеріс нәтижесінде бұл компанияға салық органы тарапынан негіз­сіз талап қойылғаны анықталды. Компанияның кеңсесі нақты тір­келген мекенжайда болғанына қарамастан, салық органы оның банктік шоттарын негізсіз жауып, сотқа заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы талап қойған. Осындай орынсыз талаптың кесірінен компания жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, соның салдарынан инвестициялық жобаны жүзеге асыру кешеуілдетілді. Прокурорлық қадағалау актісімен талап-арыз қайтарылып алынды, сөйтіп инвестордың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

2023 жылдың ортасына таман Жез­қазғанның іргесіндегі Та­лап ­ауылында жеке кәсіпкердің 1,5 млрд теңге қаржысына салынып, сал­т­а­натты жағдайда ашылған кір­піш зауыты табаны күректей 5 ай бойы жұмыс істемей босқа тұрып қалды. Себеп? Өйткені облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті «Талап-2023» ЖШС-на саз өндіруге лицен­зия беруді созбаққа салған. Соның кесірінен, кірпіш зауыты қа­жетті шикізатқа қол жеткізе алмаған. Про­куратураның араласуынан кейін ғана саз өндіруге лицензия берілді.

2023 жылдың қыркүйегінде Үкімет тарапынан Жезқазған қала­­сында құны 10 млрд теңге тұра­тын тәжірибе зауытын салу жөнін­де­гі инвестициялық жобаның кешіктіріліп жатқаны қатты сынға ұшырады. Тексере келгенде, жоба­ны жүзеге асыруға Жезқазған қаласының әкімдігіне тиесілі өтпелі көпір кедергі келтіретіні анықталды. Прокуратураның араласуымен мән-жай нақтыланып, қадағалау актісі бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі келтірген көпірді кейіннен бөлшектей отырып, электрондық сауда-саттық арқылы сату туралы шешім қабылданды.

– Облыс прокуратурасы инвес­тор болып табылмайтын кәсіп­кер­­лердің де заңды құқықтарын қор­ғау бағытында үнемі қадағалау жұ­мыстарын жүргізіп отырады. Айталық, 9 наразылық, 7 ұсыныс енгізу нәтижесінде облыстағы 13 кәсіпкердің құқығы қорғалуына қол жеткіздік. 4 кәсіпкерге 155 млн теңге қаражаты қайтарылды, 9 кәсіпкер әкімшілік жауаптылықтан босатылды. Сонымен бірге 61 кәсіпкерге 2 млрд теңгеге жуық қаражаты мемлекет тарапынан қайтарылу үстінде. «Бұл қайдан, қалай жинақталған қаражат?» дейтін орынды сұрақ туын­дауы мүмкін. Жезқазған қала­­сының әкімдігі 100% қатысу үлесі­мен құрылтайшысы болып табыла­тын «Жылу, сумен жабдықтау кәсіп­орыны» ЖШС шарт негізінде өз мін­деттерін орындаған 50 кәсіпкерге төрт ай бойы 2 млрд теңгеге жуық қаражатты аудармай, кәсіпкерлердің құқықтарын шектеп келген. Дәл осы тектес жағдай Сәтбаев қала­сын­дағы «Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорыны» ЖШС және 14 кәсіпкер арасында орын алған. Тек прокуратураның араласуынан соң ғана 3 кәсіпкерге 140 млн теңге қайтарылды, қалған 61 кәсіпкерге 2 млрд теңгеге жуық қаражат қайтарылу үстінде, – дейді Ұлытау облысының прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Айдос Әбдібаев.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету, әркімнің, соның ішінде кәсіп­кер­лердің де құқығын қорғау туралы жиі айтылады. Нақты өмірде, өкінішке қарай, заңды аттап өту, құқықты белден басу тәрізді жайттар орын алып жатады. Міне, осындайда қатені түзетуге, кемшіліктің орнын толтыруға құқық қорғау органдарының селқостық танытпай, сергек қарағаны керек-ақ.

 

Ұлытау облысы