Аймақтар • 13 Наурыз, 2024

Қызыл суға қарсы жұмыс қызу

112 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ – Батыс Қазақстан облысы 

Биыл көктемде Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі жоғары. Төтеншеліктер облыс аумағындағы өзендерде мұз кептелісін болдырмас үшін арнайы құралдармен мұздарды жарып шықты. 

Қызыл суға қарсы жұмыс қызу

«Соның нәтижесінде Деркөл, Шаған, Бірінші Шежін, Екінші Шежін, Шыңғырлау, Қайыңды, Өлеңті, Быковка және Рубежка өзендерінде 20 мың шаршы метрден аса аумақта мұз жару жұмысы жүргізілді. Жарылыс барысын арнайы құрылған комиссия қадағалады», деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

«Қазгидромет» филиалының мәліметіне қарағанда, қазір облыс аумағында қардың қалыңды­ғы 31 см шамасында. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (2023 ж. – 26 см) сәл көбірек. Ал жердегі тоңның қалыңдығы былтырғыдан 30 см-ге аз, яғни 114 см шама­сында. Алдын ала жасалған гид­ро­болжамға сәйкес өзендерде биыл су деңгейі әдепкі нормадан жоға­ры болмақ.

«Қазгидромет» қызметі нау­рыз айында облыс аумағында ауаның орташа температурасы – 3,9+1,1С шамасында, ал жа­уын-шашын мөлшері нормадан артығырақ болатынын айтып отыр.

Бүгінде елді мекендерден 776 мың текше метрден аса қар аулаққа шығарылып, 345 км арық пен канал, 1 278 құбыр тазаланды. 15 өзенде 46 мың шаршы метр мұз кесілді. 33 мың шаршы метр мұз үстіндегі қамыс шабылды. 6 мыңға жуық ойық бұрғыланды. Құм толтырылған 38 мыңнан аса қап дайын тұр.

«Көктемгі су тасқынының алдын алу жыл бойы жүйелі дайын­дықты қажет етеді. Сондықтан да былтыр жаз мезгілінде облыс­та жол картасы және кешенді жоспар шеңберінде 141 іс-шара орындалды. Осылайша, Жайық өзенінің 3 км жағалауы (Жарсуат, Чапаев ауылдары), елді мекендерде 41 км-ден аса қорғаныс бөгеті нығайтылды. 18 өзенде 19 уақытша гидробекет, 21 км-ден аса арық, автожолдарда 49 су өткізгіш құбыр және 37 құрылыс орнатылды», дейді Батыс Қазақстан облысы Тө­тенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мусиев.

Қазір облыстағы су тасқыны қаупі бар 147 елді мекен, 50 гид­ро­техникалық құрылыс, 49 ав­то және теміржол бөлігі ба­қы­лауға алынған. Олардың бар­лығына жауапты тұлға мен техника бекітіліп, қажет құрал­дар, қапшықтар бөлінген.

Жалпы, облыста осынау жауапты науқанды қалыпты өткізу мақсатында мыңнан аса техника, 88 жүзу құралы, 12 аспалы мотор, 329 мотосорғы сақадай сай. Жеке құрамның 4 мыңнан аса қызметкері кез келген уақытта аттануға даяр. Тілсіз жаумен алысуға 23 мың тоннадан аса инертті материал, 273 мың дана қап, 557 тонна жанар-жағармай дайындалған.

«Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, қажет болған жағдайда 147 елді мекенде 47 мың адамға арналған 200-ден аса уақытша орналастыру пункті әзірленген. Адамдар мен жануарларды қауіпсіз жерге көшіру үшін 317 эвакуациялық техника бекітілді. Үй жануарларын көшіруге 168 қауіпсіз орын белгілеп қойдық», дейді Нұралы Қажымұқанұлы.

Зардап шеккен халықты тамақпен қамтамасыз ету үшін 36 млн теңгеге 200-ден аса шарт жасалып қойған.

Су тасқынының қарқыны қатты болып, батысқазақстандық құтқарушылардың күші жетпей жатса, көршілес Атырау және Маңғыстау облыстарынан қосымша көмек алдыру мәселесі де ойластырылған екен. Айта кетейік, Атырау облысы – 50 адам, 7 техника, 3 қайық, 14 мотосорғы, ал Маңғыстау облысы 45 адам, 5 техника, 2 қайық, 5 мотосорғы жіберуге дайын.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ – Абай облысы

Күн күрт жылынып, Мақаншы ауданының Бақты аулындағы бірқатар үйдің ауласына қарғын су кіріп кетті. Қазіргі уақытта 750 тоннаға дейін инертті материал дайындалып, көтерілген суды өзен арналарына түсіру жұмыстары қолға алынды. Жалпы, жағдай тұрақталып, шығын есептеліп жатыр.

Осыған орай төтенше жағ­дайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Жиында су тасқы­нының алдын алу мәселелері қаралды. Облыстағы қазіргі жағ­дайға қатысты басқарма басшы­ла­ры, ТЖД, сондай-ақ аудан әкімдері баяндама жасады.

Демалыс күндері Мақаншы ауданы Бақты аулында ері­ген қар салдарынан елді ме­кенді су басу қаупі туған. Жергілікті атқарушы орган­дар мен ТЖД бірлесіп, су тасқы­ны­ның алдын алу іс-шараларын өткізді. Атап айтқанда, 370 қап төселіп, бөгет бойына 650 тон­на инертті материал жет­кі­зілді. Мақаншы аулын­да еріген қар суын Биболов көшесі, 44А және Озмитель көшесі бойындағы жеке тұрғын үйлер ауласынан шығаруға тура келді. Нәтижесінде 125 және 35 текше метр еріген қар суы шығарылды. Биболов, 44А мекенжайындағы үй маңына 80 тонна, ал Озмитель, 6 тұрғын үйіне 15 қап инертті материал­дар төселді. Сөйтіп, қауіптің беті қайтты.

Сондай-ақ Семей қаласында жеке тұрғын үйлердің және бес көшенің ауласына қар суы жайылған. Коммуналдық қыз­меттер жедел түрде аулаларды судан тазартып, Садовая көшесі бойындағы ұзындығы 50 метр арықты ашты.

«Төтенше жағдайлар де­пар­­та­ментіне қала мен аудан әкімдерімен бірлесіп су тас­қыны кезеңіне дайындық жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Барлық қауіпті аумақты анықтап, су тасқынының алдын алу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Қызыл су басуы мүмкін елді мекендерді ғана емес, жалпы барлық аумақты және күре жолдардың бо­йын жол қызметтері бақылауда ұстаңыздар», деді облыс әкімі Н.Ұранқаев.

Жиында жол қызметтерінің көпірлер мен су өткізгіштерді тиісті деңгейде тазартпағаны туралы сын айтылды. Бүгінде облыс көлемінде аталған ны­сан­дардың үштен бірі ғана тазар­тылған. Ақпан айындағы аяз мұрсат бермей, жұмыстар наурыз айының басында бас­тал­ған еді. Сондықтан жол қызметтеріне жұмыстарды жеделдету тапсырылды.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ – Павлодар облысы

Павлодар өңірінде қыстай жауған қардың көбесі сөгіле қойған жоқ. Өзен-көлдердегі мұз да тоңын сақтап тұр. Соған орай елді мекендер мен автожолдарда қарғын судың жүріп өткені туралы ақпарат әзірше түскен жоқ.

Ертіс – Баян өңірі бойынша 65 елді мекенге су тасқыны қаупі төніп тұр. Мамандардың айтуынша, негізгі қауіп көзінде Баянауыл және Ақтоғай аудандарындағы жалпы саны 21 ауыл қалып отыр. Жаман айтпай, жақсы жоқ, қар жылдам ерісе, қыстай тоң болып қатқан топырақ суды сіңіріп үлгермей, кейбір жерлерде қызыл су жүріп өтуі ғажап емес. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар бүгінде автожолдардағы су өткізетін құбырларды аршып, инертті материалдар мен жанар-жағармай қорын түзіп жатыр.

Өңірлік төтенше жағдай­лар департаментінен хабарланған­дай, қазіргі уақытта облыс бо­йын­­ша жағдай тұрақты. Су тас­­қы­ны болуы мүмкін аумақ­тар­­­да­ғы бөгеттер мен топырақ үйін­ділері биіктетіліп, қорғаныш құ­рылыстарының жағдайы тексе­ріліп жатыр. Күн күрт жылып, елді мекендерде жағдай қиындайтын болса, облыс бойынша 1 702 адам мен 600-ден аса техника, 198 мотопомпа, 42 жүзу құралы құт­қару, су жыру жұмыстарына шұғыл кі­рісуге дайын. Облыс­тың елді мекендерінен қыс басы­нан 841 мың текше метр қар шыға­рыл­ған. Биыл өңір бойынша жау­ған қардың қалыңдығы нормадан 55 пайызға көп, ал жердің тоң­дануы кейбір жерлерде 2 метр­ге жуықтайды. Негізгі қауіп наурыз­дың екінші жартысы мен сәуір айының басында туындауы мүмкін.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, өңірдегі 17 ауылда қарғын су жүру қаупі бар. Қарағанды облысынан ағып келетін арыны қатты Ашысу өзенінде жағдай әзірше тыныш.

«Өткен аптаның соңында Қарағанды аумағында орналасқан Ақжар, Қаратоқа бөгеттерінде болып, мән-жайды зерделеп қайттық. Су бөгеттерінің жалпы жағдайы жаман емес, қар жамылғысы да жылдағыдан аз көрінді. Ақжардағы бөгеттің камералары ашылып қойылған. Ал Баянауыл ауданы бойынша биыл қыста қар аз түсті, «Қазгидрометтің» мәліметінше,  небәрі 10 см-ден аспайды. Бірақ тоңның қатуы өткен жылғыдан 10 см-ге (1,6 метрге дейін тоң қатқан) көп. Қазір елді мекендерден қар шығару, су өткізетін құбырларды аршу қарқынды түрде іске асып жатыр.15 нау­рызға дейін барлық құбыр, көпір­лер тазартылады. Өзіміздің қорда 15 тонна бензин, 5 тонна дизель отыны, 5 мың арнайы қап пен инертті материалдар дайындалды», деді әкім.

Ал Ақтоғай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Әділхан Мағжанов Шолақсор, Жалаулы, Шілікті, Шұға ауылдары ықтимал су тасқынына дайындықты ширата түскенін жеткізді. Наурыздың ортасынан бастап Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Барлығы 23 адам мен 17 мотопомпа су тасқыны кезеңіне дайын.

 

Мұрат ЖЕТПІСБАЙ – Қызылорда облысы

Сырдың табиғаты қызық. Әдетте Жаңақорған, Шиелі жағында көктем ерте шығады. Ал солтүстік аймақ саналатын өңірлерде, әсіресе Қазалы мен Арал ауданы аумағында дария арнасындағы сірескен мұз көбесі кештеу ериді. Биыл да солай болды. Наурыздың басында-ақ Қызылорда қаласы тұсында мұз қозғалды. Су мол кездегідей сатырлаған сең жоқ, жұқа мұз тез еріп кетті.

Бірақ мамандар сонда да қауіпсіздік шаралары қолға алынғанын айтады. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқар­ма­сының дерегінше, қала мен аудан әкімдіктері және жауапты сала қызметкерлері күнде­лікті өзен деңгейіне мониторинг жасап отыр. Облыстағы су басу қаупі бар 29 елді мекен бақылауға алынды.

Төтенше жағдайлар департа­менті таратқан мәлімет бойын­ша су тасқыны орын алған жағ­дай­да оған қарсы 116 мекеме, 364 техника, 1000-нан аса қыз­мет­кер жұмылдырылады. Бұған қоса 25 арнайы техника, 4 жүзу құралы, 33 мотопомпа бар. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорда 117,9 тонна жанар-жағармай, 139 902 қап, 17 710 бау қамыс, 5 865 дана пашын мен 239 тонна қойтас, 2 381 қарабура тұр.

Қазіргі дария деңгейі су тасқыны болуы мүмкін дегенге де сендірмейді. «Дегенмен де сақтық шаралары артықтық етпейді», деседі мамандар. Арал – Сырдария бассейндік инспекциясы Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі мен жағдайын күнделікті бақылап отыр.

 

апр

Қасымхан ҒАЛЫМ – Қарағанды облысы

Өзен-көлдерге, су қоймаларына жақын орналасқан ағайын әр жыл сайын қыстың соңы мен көктемнің басында тасқын су қай тұсымыздан тап береді деп мазасыз күй кешумен болады. Қарағанды өңірінде де қарғын суға қамданыс ерте қолға алынды.

Былтыр күзде су тасқынына қауіп бар деген 20 елді мекенде 7 шақырымнан аса қорғаныш бөгеттері қойылып, өзен-су­лардың 44 шақырымы санация­ланды, 10 шақырымнан аса су бұру каналы жөнделді. Бұ­ған қоса автожолдардың 66 учаскесінде құбырлар саны артып, 54 су шаруашылығы нысаны жөндеуден өткен. Су басу қаупі бар 150 елді мекен ерекше бақылауда. Нақтылай түссек, Бұқар жырау (34), Қарқаралы (14), Шет (32), Абай (17), Ақтоғай (7), Нұра (21), Осакаров (18) ауданы мен автожол және теміржолдардың 109 учаскесі.

«Жалпы дайындық жұмыс­тары жыл сайын республикалық тасқын суларына қарсы Жол картасы мен облыстық инже­нерлік жұмыстар жоспарына сәйкес атқарылады. Жол картасы шеңберінде кейінгі үш жылда 21 шара жүзеге асты. Оның ішінде өзен арналарын санациялау, облыстық жолдарда көпірлерді жаңғырту бойынша ауқымды шаралар қолға алынды. Енді қазіргі ахуалға келетін болсақ, облыс бойынша гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, өзендер – қысқы ре­­жімде. Космомониторинг дере­гінше, бүгінде облыс аумағының 95 пайызын қар басып жатыр. Қазгидрометтің хабарламасына сүйенсек, Нұра, Шерубай – Нұра және Тоқырау өзендерінің бассейндеріндегі ылғал қоры 30 пайыздан 49 пайызға дейін төмен»,  дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.

Елді мекендерден қар шы­ға­рылып, арықтар мен су құбыр­лары тазаланып жатыр. Сонымен қатар су ағысын тежемес үшін өзендердегі мұзды кесіп, бұр­ғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар де­пар­таментінің қызметкерлері су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстарын 28 ақпаннан бас­тады. Бүгінгі таңда шамамен құбырлардың 60 пайызы мен көпірлердің 80 пайызы тазартылды.

«Су тасқыны кезеңіне дайын­дық жұмыстары жүргізіліп, ерекше бақылауда тұр. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, 3,9 млрд теңге көлемінде ма­те­риал­дық-техникалық резерв дайындап қойдық. Су тас­қы­ны кезеңінің қауіпсіз өтуі – қалалар мен аудандар әкім­дерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың дербес жауап­кершілігінде. Қазір қарды сырт­қа шығару жұ­мыстарына баса назар аударып отырмыз», дейді Мұрат Қа­сен­ұлы.