Кино • 13 Наурыз, 2024

Күлкісін ұрлатқан Құрмаш

114 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Өнердің екінші аты – жанкештілік» дегенді жиі айтамыз. Саф өнердің жолында өмірін бергендердің тағдырын танығанда, бұл ойымызға тіпті беки түсетініміз және рас. Соның бір мысалы – режиссер Толомуш Өкеев түсірген «Көксерек» фильмі һәм ондағы бас кейіпкер Құрмашты кемеліне келтіре кейіптеген актер – Қамбар Уәлиев.

Күлкісін ұрлатқан Құрмаш

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

«Көксеректен» кейін бала болып күле алмай қалдым. Құрмаш менің күлкімді ұрла­ды» деп күрсінген екен актер соңғы сұхбатында. Бойындағы барын кейіпкеріне сарқып бер­ген балдырған әртіс «Көксеректің» жолында балалығын ғана емес, денсау­лы­ғын да құрбан етіпті. Олай етпесе бүгінгі біз классика деп танып, тамсанып қайта-қайта тамашалайтын атақты туын­ды өмірге келер ме еді? Ал Құрмаш ше? Тұтас фильмнің классикалық қуатын байытып, көркемдігін кемелдендіріп тұрған бала Қамбардың шеберлік шыңындағы қайталанбас ойыны ше? Оның астарында қаншама ащы ақиқа­ттың, өзекті өртер өкініштің қалғанын сезінгендер бар ма? Әдетте біз киноның кереметтігін қайталап айтамыз да, арманда кеткен Қамбардың жан дүниесінде болған қай­шылық пен арпалыс туралы жақ ашпаймыз. Шын мәнінде қайшылық фильмнің сюжетінде ғана емес, түсірілімнен кейін Қамбардың ішінде де қыж-қыж қайнап, ақыры болашағы зор таланттың тағдырын талқан еткені өз алдына үлкен трагедия емес пе?

Осы тұста актермен соңғы сұхбаттасқан журналистің бірі Әлия Құдайбергенова: «Аға, «Көксерек» сізге не берді?» дегеніме «кір жуатын машина» деді. Еріксіз мырс етіппін, шынымен олай ойламаппын. «Көксерек» ғажап кино ғой! Ал Құрмашты сізден өзге ойнауы мүмкін еместей! Қалай, сұмдық сендіріп ойнағансыз!» деп едім, селқос қана: «Есесіне күлкімді ап қойды… Содан кейін күле алмай қалдым. Психологиям­ның күл-талқанын шығарды…», деген естелігі еріксіз ойлан­дырады.

Жазушы Мұхтар Әуезов әңгімесінің желісі бойынша түсірілген «Көксерек» көркем фильмі 1973 жылы көрер­мен­ге жол тартты. Фильмді Кеңес одағының танымал кино­режиссері Толомуш Өкеев «Қазақфильм» киностудиясында түсірді. «Көксерек» – кеңес заманында қазақ тілінде түсірілген алғашқы қазақ киносы болуымен де құнды. Кинокартинаның Бүкілодақтық тұсаукесері 1974 жылы 8 сәуір­де Мәскеу қаласында өтті. Фильмге қырғыз бен қазақтың танымал актерлері Сүйменқұл Чокморов, Қарғамбай Сатаев, Нұржұман Ықтымбаев, Әлиман Жанғорозова шақырылды. Ал басты рөлдегі Құрмашты Қамбар Уәлиев шебер сомдап шықты.

Рас, «Көксерек» фильміндегі Құрмаш – бала Қамбардың кино қоржынына түскен қомақты рөл. 1962 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас ауылында дүниеге келген дарынды бала 10 жасынан бас­тап түрлі фильмге түсіп, та­­лан­­­ты­мен таныла бастаған-ды. «Шоқ пен шер», «Ән пәні­нен төрт»,­ «Шаңырақ» фильм­де­­рін­­де басты рөлдерде ойнады. Сондай-ақ ол «Қарлығаштар көк­темде келеді» (Өзбекстан), «Балалар бізге қарайды», «Алмаз сүрлеуі» (Украина), «Құрманғазы» фильмдеріне де түскен. Десе де соның ішінде «Көксеректің» орны бір төбе. Өзге рөлдері оған дәл Құрмаштай танымалдылық әкелмеді және дәл сондай деңгейде тағдырына да әсер етпеді. Фильмге қалай таңдалғаны туралы Қамбар Уәлиев: «Интер­наттан ауылы­ма қайтқым келіп жүрген кезімде, мектепке кино түсіретін адамдар келеді. «Киноға түскің келе ме?» деп камераға түсіріп алды. Ол кезде баламыз, көп нәрсені түсінбейміз. Кейін бізді сыртымыздан таңдап, «Қазақфильм» киностудиясына алып келді. Іріктеуден өтіп, Құрмаштың рөліне лайық деп танылдым» деп еске алған екен. Рөлге кездейсоқ таңдалса да, бала Қамбар Құрмашты жанын салып, жүрек көзінен өткізіп ойнады. Сонысымен де кейіпкерінен классика жасады. Ал ізденіс жолындағы қиналыс бала актердің жан әлеміне табын қалдырмай қоймады. Оның өз рөліне сенгені соншалық, әр түсірілім сайын шын жылап, шын қайғырды. Қаршадай Қамбар сол кездің өзінде киноға түсуді «жай әшейін бір ермек», «көңіл көтеру», сабақтан «құтылу» деп балалығына салып жеңіл қабылдаған жоқ. Барлығын да сәби санасы­мен сезініп, көңіл көзінен өткізді. Сенбесеңіз, «Көксеректі» тағы бір мәрте қайталап көріп шығыңызшы! Сондағы түнде қойға қасқыр шапқан кездегі баланың түрін ұмыта аласыз ба? Ұмытпақ тұрмақ, оны бейжай отырып тамашалау мүмкін емес. Шын екен деп шыбын жаның шырқырайды ғой әр көрген сайын. Ал қарашаның қара суығында Көксеректі судан алып шығам деп ағып жатқан мұздай өзенге қойып кететін сәтін қанша мәрте қайталап түсірсе де, қайсарлық танытып, шыдаған Қамбардың ерлігін кез келген бала қайталай ала ма? Әлбетте, жоқ! Сөйтіп жүріп үлкен өнер тудырған қаршадай баланың сезімін кім бағалады сонда?

Егер лайықты бағасын алса, өнер десе өртенуге дайын талантты лайықты рөл беріп дер шағында бағаламас па еді режиссерлер? Қамбардың өзі мектеп бітірген соң кинода бағын сынап көрмек ниетте «Қазақфильмге» де барыпты. Бірақ сол кездегі киностудияның басшысы жас дарынға жол нұсқап, жөн сіл­теудің орнына, жүре жауап беріп шығарып салыпты. Кейінгі жасаған тағы бірнеше талпынысы да көңілін қалдырса керек. Онсыз да сенімсіздігі басым, табиғатынан тұйық жас сол кезде меселі қайтып, өнер­ден күдерін үзсе керек. Түсірілім алаңынан емес, отба­сын асырау қамымен көлік жөндеу орталығынан бір-ақ шыққан таланттың ішінде қандай өнердің өртеніп кеткені бір Аллаға ғана аян. Әйтпесе, кәсіби білімсіз-ақ Құрмаштай классикалық бейне жасаған дарынның кейінгі қадамына демеу білдіріп, қолдайтын бір қам­қор жан дер шағында табылса, таланттың тағдыры дәл бұлай өкініште өрілмес пе еді... Онда шеберлік биігіндегі небір нәрлі бейнелер қазақ кине­матогра­фиясының қоржынына қосылары сөзсіз еді... «Әттең» деуден басқа амал жоқ. Бабы келіскенмен, бағы келіспейтін бұл да өнердің бір кем тұсы болса керек...