Сондай-ақ кескіндеме өнерін әр қырынан меңгерген хас шебер өз халқының қасіретін де айналып өте алмайтыны анық еді. 1930-1940 жылдар аралығында Ә.Қастеев «Ескі және жаңа тұрмыс» бағытындағы сериялы шығармаларын жазумен айналысады. Өксігі мол өткен заманның әлсізге тізесін батырған озбырлығын бейнелеген «Қалыңмалға сатылған қалыңдық» картинасы сол сериялы туындылардың санатына жатады.
Картина 1938 жылы салынған. Бір көз жүгірткенде, шығармада Ә.Қастеевтің сүйікті образы түгел самсап тұр: жаймашуақ табиғат, тау, көкорай бел, жылқы, қазақтың қариясы, кимешектегі кейуана. Бірақ адамдардың жүзіндегі мимикаға қарап мұнда бәрі басқаша екенін бірден бағамдап үлгересің. Майлы бояумен жазылған кенеп үстіндегі кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі табиғаттың әдемілігіне мүлде кереғар. Туындының бірінші жоспарында үш салт атты көрінеді. Олар: қалыңдық, қарт күйеу жігіт және жеңгесі.
Шығармада қалың малға сатылып қор болған жас арудың күйзеліске толы көңіл күйі бейнеленген. Қалыңдықтың өз әкесіндей шалға зорлықпен көніп, жек көретін сезіммен қиыс қарап, ат үстінде әрең келе жатқаны байқалады. Жас қызды еркінен тыс ұзатып әкеле жатқан бай жас тоқал алғанына риза кейіппен ат үстінде масаттанып келеді. Тау арасы солғын бояумен күңгірттеніп, сол замандағы «қыз жолының жіңішкелігін» тау ішіндегі тастақ жолдың бедері аша түскен. Ал шал мен қыздың соңына ілескен әйел туралы пікір өнер зерттеушілерінің өз арасында әлі күнге таласты. Бірі – «шалдың бәйбішесі» десе, бірі – «жеңгесі» деген уәж айтады.
Елеулі ерекшелігі байқалатын туындының акварельдегі тағы бір нұсқасы «Проданная невеста» атауымен Мәскеу музейінде сақтаулы тұр. Бұл картина өткен ғасырлардағы қазақ жерінде пайда болып, орныққан әдет-салтты көрсететін ескі және тұрмыстық тақырыптағы топтамаға жатады. «Қыздың құны – қырық жылқы» деп бағаланған заманның ащы шындығын әйел теңсіздігін меңзейді. Сол кезеңде осы тақырыптағы образдар үлгісін үздіксіз тудырып жатқан әдебиеттегі «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал», «Шұғаның белгісі», «Ақбілек» секілді көркем шығармаларды сурет саласында Ә.Қастеев «Қалыңмалға сатылған қалыңдық» туындысымен толықтырды. Бұл Қазақстан бейнелеу өнері тарихында алғаш пайда болған айрықша құбылыс еді.
АЛМАТЫ