Экспорт • 14 Наурыз, 2024

ОПЕК мұнайға сұраныс болжамын өзгертпеді

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мұнайға деген әлемдік сұранысқа қатысты өз бағалауын өзгеріссіз қалдырды. Бірақ биылғы инфляцияның және пайыздық мөлшерлемелердің күтілетін төмендеуі фонындағы экономикалық болжамды біраз жоғарылатты.

ОПЕК мұнайға сұраныс болжамын өзгертпеді

Венада орналасқан картель өзінің ай сайынғы есебінде мұнайға деген сұраныс 2024 жылы күніне 2,2 миллион баррельге және 2025 жылы күніне 1,8 миллион баррельге өседі деп күтетінін айтты, бұл оның бұрынғы бағалауларынан өзгеше емес.

«Ірі экономикалардағы оң, тұрақты динамиканы күту 2024 және 2025 жылдар ішінде жалпы инфляцияның одан әрі төмендеуін күтумен қамтамасыз етіледі. Бұл кіріс деңгейін жақсартады және тұтынушылардың шығыс мүмкіндіктерін сақтайды деп болжанады», деп мәлімдеді ОПЕК.

Халықаралық эталон болып саналатын «Brent» маркілі мұнай қазір барреліне 82 долларға жуық деңгейде сатылып жатса, WTI мұнайы барреліне 78 долларға бағаланып тұр.

ОПЕК пен оның одақтастары екінші тоқсанда күніне 2,2 млн баррель көле­мін­де өндірісті ерікті қысқартуды ұзар­туға келіскен болатын. Сол арқылы жа­һандық тапшылықтың алдын алып, бағаны қолдамақ. Өндірісті ерікті қысқарту келісіміне Қазақстан да қатысады. Биыл қаңтарда республикада шикі мұнай өндіру 6,7 млн тоннаны құраған. Бұл былтырғыдан 3,2%-ға аз көрсеткіш. Өндірілген мұнайдың ең көп көлемі Атырау облысына (4,6 млн тонна, -2,4%) тиесілі. Одан кейін Маңғыстау (1,4 млн тонна, -1,4%) және Ақтөбе (360,6 мың тонна) облыстары тұр. Қаржылай есептесек, өндіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 9,7%-ға аз. Өткен жылы қаңтар-желтоқсанда мұнай өндіру 77,6 млн тоннаға жеткен еді.

Жалпы, Қазақстан екінші тоқсанда мұнай өндіруді тәулігіне 82 мың баррельге қосымша ерікті қысқарту мерзімін ұзартады. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, өндірісті қосымша қысқарту мұнай нарығындағы тұрақтылық пен теңгерімді сақтау мақсатында ОПЕК+ елдері қабылдаған сақтық шараларын күшейтуге арналған.

Елдегі өндірілетін мұнайдың басым бөлігі, яғни жалпы көлемнің 90%-дан астамы экспортқа шығарылады. Былтыр қаңтар-желтоқсанда мұнай экспорты 8,4%-ға өсіп, 70,7 млн тоннаны құрады және одан 42,3 млрд доллар табыс түсті.

«ТМД елдеріне (Әзербайжан, Өзбекстан және Ресей) 123,3 млн долларға 242,8 мың тонна мұнай жөнелтілді. Физикалық мәндегі өсім 4,1%-ды құрады, ақшалай есептегенде, керісінше, 17%-ға төмендеу байқалады. Дүниежүзіне жіберілген мұнай көлемінің өсімі 8,4%-ды құрады, ақшалай түрде 9,8%-ға төмендеу тіркелді. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Италияға жеткізілді», деп хабарлады «EnergyProm».