Үкімет • 14 Наурыз, 2024

Құқықтық мәселелер талқыға түсті

106 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде бірнеше заң жобасы талқыланды. Оның ішінде әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелеріне қатысты заң жобалары бар. Сондай-ақ палата отырысында еліміздің оңтүстік аумақтарындағы суару маусымына дайындық барысы қаралды. Бұдан кейін депутаттар тиісті мекемелерге кезек күттірмей шешілуге тиіс түйткілдерді жіпке тізіп, сауалдарын жолдады.

Құқықтық мәселелер талқыға түсті

 Бірнеше бағыт қамтылған

«Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне әкімшілік әді­лет саласын жетілдіру және кеңейту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы бо­йынша баяндама жасаған Әділет министрі Азамат Есқараев: «2021 жылы 1 шілдеде мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардың өзара іс-қимыл тәсілдерін түбегейлі өзгерткен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қолданысқа енгізілді. Кодекс қолданысқа енгізілгеннен бері ережелердің тиімділігі әкімшілік соттар­дағы дауларды қарау тәжірибесінде көрін­ді. Құқық қолдану практикасы ӘРПК-нің процедуралық және процестік бөліктерін одан әрі жетілдіру қажет екендігін көр­сетті. Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қы­на Жолдауында да әкімшілік әділет сала­сын одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті», деді. Оның айтуынша, заң жобасы бірнеше бағытты қамтыған. Біріншісі – жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодексінен әкімшілік әділет аясына көшіру. Екіншісі – Үкіметке мемлекеттік органдар және мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы заңнамалық нормаларды түсіндіру жөніндегі дауларды шешу жөніндегі өкілеттіктерді бекіту. Үшіншісі – Әкімшілік рәсімдер туралы заң­наманың жекелеген нормаларын одан әрі түзету, сондай-ақ ӘРПК-ке тиісті өзге­рі­с­­­тер мен толықтырулар енгізу. Осы­лай­­ша министрлік мемлекеттік орган­дар мен мемлекеттік ұйымдар арасын­дағы дау­­лардың ӘРПК ережелері және Үкі­мет рег­ламентінің ережелері бойын­ша қара­лу тәсілін әзірлеген. Айта­лық, егер бір мем­лекеттік орган басқа мем­ле­кет­тік ор­ганның шешімімен келіспесе, он­да ол жо­ғары тұрған мемлекеттік орган­ға әкім­шілік шағыммен жүгінуге құқы­лы және тиі­сінше жоғары тұрған мемле­кет­тік ор­ганның шешімімен келіспеген жағ­дайда, Үкімет аппаратына жүгінуге болады.

 

Мақсат – баянатқа бағыныштылықты болдырмау

Жалпы отырыста «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжаттың маңыздылығын Әділет министрі Аза­мат Есқараев заң жобасындағы өзгеріс­тер­дің бір бөлімі азаматтар мен кәсіп­керлердің құқықтарын қорғауды күшей­туге бағытталғанын жеткізді. Онда азаматтарды қылмыстық қудалау аясында негізсіз тартуды болдырмау, бұзу­шылықтарды және сотқа дейінгі тер­­геп-тексерудің толықтығын қамта­ма­сыз ету үшін істі «пысықтауға» проку­ро­р­ға қайтару мүмкіндігін бермеу, кәсіп­керлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу, тінту, жеке тінту және тәркілеу бойынша санкцияның 10 күндік мерзімін белгілеу шаралары қарастырылған. Бұдан бас­қа, бұрын «қорғалуға құқы бар куә» ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу ұсынылып отыр. Оның айтуынша, адам өліміне байланысты емес, аса ауыр қыл­мыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле ныса­нында процестік келісім жасасу мүм­кіндігін беру, қорғалуға құқы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасау­ға құқы бар адамдар шеңберіне біріктіру, жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету үшін кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарға еселенген айыппұлдарды енгізу көзделген.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов қылмыстық істерді тергеу органдары тәуелсіз зерттеулерде расталмаған мәлі­меттерді көрсетіп, рапорт беру арқы­лы қылмыстық іс қозғайтынын, кейде бұл азаматтардың құқын бұзуға әке­летінін атап өтті. Сотқа дейінгі тер­геп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді қалай алып тастауға болатынын айта келіп: «Азаматтардың құқын қорғау үшін қандай пәрменді тетіктер көзделеді?» деп сұрады. Депутаттың сауалына жауап берген Әділет министрі мұндай мәселенің барын жоққа шығармады. «Сол үшін біз егер қылмыстық әрекеттің салдары экономикалық шығын келтірілмесе, дәлелдейтін құжаттар болмаса, баянат негізінде қылмыстық істі қозғауға рұқсат берілмейді деген нақты шектеу қоюды көздеп отырмыз. Бұл сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде баянат­ты тіркеуге жол бермейді және аза­мат­тар­­дың құқы мен бостандығын қор­ғау­ға көмектеседі», дейді сала басшысы.

Заң жобасының үшінші блогі қыл­мыс­тық үдерісті оңтайландыруға және қағаз­бастылықтан арылтуға бағытталған. «Бұл бөлім қылмыстық істі әдепкі бо­йынша элект­ронды форматта қарауға мүм­кіндік бере­ді және қылмыстық үдеріске қа­тысу­шы­лар­дың пікірін ескеру қажет. Сондай-ақ қа­шықтан беттестіру және жауап алу мүм­кіндігін енгізу жоспарлануға тиіс. Өйт­кені бүгінде тергеуші басқа аймақтардан да беттестіру үшін адамдардың келуін қамтамасыз етеді. Оған қоса, қашықтан жауап алу мен беттестіру субъектілерінің ауқымы кеңе­йеді. Осылайша, жәбірленуші және куә­мен қоса, қорғалуға құқы бар куә мен күдіктіге қатысты бейнебайла­ныс режі­мінде ғылыми-техникалық құрал­дарды пайдаланып, тергеу әрекеттерін жүр­гізуге болады», деп түсіндірді А.Есқараев.

 

Бюрократияны азайта ала ма?

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көз­дерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың мақсаты – халықтың, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы проблемаларын шешу, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 мамырдағы электр энергети­касы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын орындауға бағыт­талған. Құжат аясында Кәсіпкер­лік кодекске, Кедендік реттеу туралы кодекске және «Электр энергетикасы ту­ралы», «Жаңартылатын энергия көз­дерін пайдалануды қолдау туралы», «Таби­ғи монополиялар туралы» заңдарға түзету­лер енгізілмек. Атап айтқанда, «Жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалану бойынша шағын ауқымдағы объект» деген термин енгізілді. Бұл норма жаңартылатын энергия көздерінің шағын генерациясының мәртебесін неғұрлым нақты айқындауға және оны жаңартылатын энергия көздерінің ірі коммерциялық бизнес-жобаларынан ажыратуға мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымдағы объектілерінің ең жоғары қуаты 200 кВт дейін ұлғайтылды. Түзету ірі бөлшек тұтынушыларға өздерінің шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздерінің объектісі есебінен электр энергиясына деген өз мұқтажын барын­­ша қамтамасыз етуге септігін тигізе­ді. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов­тың айтуынша, бұл бойынша нетто-тұтыну­шы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретін­де тіркелу міндетінен босатылады. Мұн­дай толықтыру азаматтардың жаңар­тылатын энергия көздерінің шағын ауқым­дағы объектілерін пайдалану үдері­сін­дегі бюрократияны айтарлықтай азайтады, тіркеуші органдармен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігін болғызбайды.

 

Мәдени код – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі

Бұдан кейін депутаттар тиісті ми­нистр­ліктер мен жергілікті атқарушы билік­тің өкілдерімен бірге еліміздің оңтүс­тік аумақтарында ағымдағы суару мау­сымына дайындық барысын талқы­лап, депутаттық сауалдарын жолдады.

«Amanat» фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан материалдық емес рухани мұралар жайын қозғады. «Материалдық емес құндылықтар – ұлт­тың иммунитеті. Көзбен көруге, қолмен ұс­тауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезіне­тін құндылықтар болмаса ұлттың жаны жалаңаштанады. Құндылықтан айырыл­ған ұрпақ рухани азып, ұлттық сана әлсірейді. Бүгінгі біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі аспаннан түскен жоқ. Сол материалдық емес рухани мұралардан тамыр үзген ұрпақтың бойындағы кеселдер», деді депутат. Үкімет 2013 жылы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі қабылдаған тұжырымдама сол күйі қағаз бетінде қалғанын айта келіп: «Материалдық емес мәдени мұраны анық­тау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаң­ғырту, ма­те­риалдық емес мұрамен айналысатын тұл­ға­ларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ. Әлемде 150 ел халық­аралық Конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қор­ғау­ға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақ­стан да бар», деді ол. Сондықтан депутат аяқ­сыз қалған жұмысқа жан бітіріп, тиіс­ті мем­лекеттік орган мәдени мұраны сақ­тау­да жұмыс істейтін уақыт жеткенін жеткізді.

 

Сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіз жұмысын сынға алып, қолданыстағы медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру моделі жоқ екенін жеткізді. Олардың айтуынша, салымшылар ӘМСҚ-дағы өз қаражатын бақылай алмайды, ал қор атауындағы «сақтандыру» ұғымы профанацияға айналды. Соған қарамастан «Ашық НҚА» порталында табысы 850 мың теңгеден асатын адамдар үшін МӘМС жарналарын бес есеге ұлғайту туралы заң жобасы орналастырылды. Ең қызығы, порталда жобаны онлайн талқылауға бір сағат ғана уақыт бөлінген. Сол аз ғана уақыттың өзінде жүздеген азамат қарсы пікір білдіріп, МӘМС бойынша аударымдарды ұлғайту жөніндегі бастама бизнес өкілдерінің де ерекше наразылығын туғызған. «Медициналық сақтандыру­дың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидаттарына қайшы келеді, өз денсаулығы үшін дербес жауапкершілікті және емделуге дербес жинақтарды қам­ты­майды. Адам өз денсаулығына қалай қарай­тынына қарамастан, төлеуге міндетті бо­лып шығады. Яғни жаман әдеттері жоқ, спортпен шұғылданатын және аударым­дарын емдеуге жұмсамайтындар ден­сау­лығына мән бермейтіндер, темекі шеге­тіндер, ішетіндер және одан үнемі дәрі-дәр­мектер мен дәрігерлерге ақша жұмсай­тындармен бірдей төлеуі керек. Қарттарға, мүгедектерге және төтенше жағдайларға қатысты ынтымақты қағидат жұмыс істеуі керек екені түсінікті. Бірақ толыққанды адам­дар денсаулығына жауап беруі керек. Ал әрбір жарна төлеуші­нің өз жарналарын өз бетінше билік етуге құқығы болуға тиіс», дейді депутаттар. Әйтпесе, олардың медициналық көмекке жүгінбестен ай са­йын қорға төлейтін ақшасы үшінші адам­дар­дың медициналық қызметтерін төлеуге кете­ді, сорақысы, қор оны өз қалауынша пай­да­ланады. Ақиқатында, бұл сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі ғана болып отыр.