Алматы • 14 Наурыз, 2024

Кибериммунды жұқа клиент

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн сайын белең алып келе жатқан кибершабуыл ақпараттық қауіп­сіздіктің дәстүрлі тәсілдерін қайта қарауға мәжбүр етіп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал интернетке қосылған құрылғылардың саны экспоненциалды жылдамдықпен өсіп келе жатса, оған қоса алаяқтар да қарап жатқан жоқ.

Кибериммунды жұқа клиент

Осы орайда «Касперский зертханасы» өзінің технологиялық әріптесі – «ТОНК» компаниялар тобымен күш біріктіре отырып, Орталық Азия мен Моңғолия аймағында KasperskyOS операциялық жүйесі мен оның негі­зінде кибериммунды жұқа клиентті жетіл­діру жұмыстарын жалғастырып жатқан-ды. Ақпан айының аяғында «Цифрлық Қырғызстан 2024» фору­мында Kaspersky Thin Client 2.0 нұсқа­сын­дағы TONK TN1200 кибериммун­ды компьютері жұрт назарына ұсынылды.

«TONK TN1200 жұқа клиенті – бұл кәсіпорынның деректерімен, қосым­шаларымен жұмыс істеу үшін желіге қосылатын шағын есептеуіш ресурс­тары бар, өзіміз білетін үйреншікті ком­пью­терлердің жеңіл нұсқасы. Бар­­лық жұмыс үдерісі, соның ішін­де деректерді сақтау, сыртқы сер­вер­лер­ге тасымалданады. Яғни KasperskyOS база­сында Kaspersky Thin Client шешім­дерін біріктіру кибериммун­мен қам­тамасыз етпек, басқа тілмен айтқанда, «туа салысымен» кибершабуылдан қорғайды.

Осыған орай, елімізде орналас­қан «Касперский зертханасы» өңірлік кеңсесінің өкілдері де қанат­қақты жобаны жүргізу үшін арнайы оқытудан өткен.

«Біз аймақтағылардың, әсіресе қар­жы секторының кибериммунды қор­ғаныс пен шешімнің жаңа нұсқасына қызығушылық танытып жатқанын кө­ріп отырмыз. Біздің аймақтағы ­банктер өнім туралы сауалдар қойып, оны көр­сету үшін мамандарымызды бел­сенді түрде тартып жатыр», – дейді Қазақстан, Орталық Азия мен Моңғолиядағы «Касперский Зертхана­сының» басқарушы директоры Валерий Зубанов.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін компаниялар да күн сайын жаңа қорғаныс технологияларын әзірлеп жатқанымен, өкінішке қарай, көп жағдайда олар қаскөйлерді өкшелеп қана келе жатыр. Ал кибериммундық деп те аталатын бастапқы қауіпсіз (Secure-by-Design) АТ-жүйелері мен құрылғыларын жасау өршіп тұрған кибершабуылдар мәселесін түбегейлі шешіп, ақпараттық қауіпсіздіктің келбетін түпкілікті өзгертпек.

 

АЛМАТЫ