– Конституциялық реформа аясында Парламенттің заң шығару үдерістері де өзгерістерге ұшырады. Жаңартылған депутаттық корпус бір жыл жұмыс істеді. Бұл өзгерістер Парламенттің заң шығару қызметіне қалай әсер етті?
– Заң шығармашылығы – динамикалық үдеріс. Кейінгі жылдары бұл үдеріс айтарлықтай өзгерді. Парламенттің институционалдық рөлі басым бола бастады. Ал заңнамалық белсенділіктің бастауын «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үлгісін іске асыруға елеулі серпін берген конституциялық реформадан іздеу керек. Қазір заң шығарушы органның белсенділігі, Парламент депутаттарының бастамашылдығы артты. Депутаттар өзекті әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелерді жиі көтере бастады. Активтерді қайтару, онлайн платформалар, жануарларға жауапкершілікпен қарау, кәсіподақтар туралы заң жобалары осыған жарқын мысал бола алады. Бұл депутаттардың қоғамды толғандырған жүйелі мәселелерді шешуге деген ниетін көрсетеді.
Бүгін де депутаттар бастамашылық еткен заң жобаларының саны артты. Мәселен, 2023 жылға арналған жоспарда Үкіметтің 27 заң жобасы болса, 2024 жылы 18 заң жобасы бар. Ал Мәжіліс пен Парламентаризм институтының бірлескен жұмыс жоспарында 35 заң жобасын әзірлеу көзделген. Парламент депутаттары заң жобалау жұмыстарын жүргізетін басқа да заң жобалары бар.
Заң шығару үдерісінде демократиялық қағидаттарды нығайту да маңызды. Бүгінде бір мандатты депутаттар, саяси партиялар фракцияларының белсенді мүшелері заңнаманы халықтың нақты қажеттіліктеріне барынша сәйкестендіру мақсатында ашық талқылап жүр. Жаңартылған депутаттық корпустың алдында заңнаманың тұрақсыздығы, нормативизм, құқықты шектейтін және тыйым салатын заңдар мен заңға тәуелді актілердің көптігі, олардың жүйесіздігі секілді мәселелерді шешу міндеті тұр.
Қоғамдық қатынастарды реттеудегі нормативизм – ұлттық заңнамадағы қалыптасқан үрдіс алаңдаушылық туғызады. Тәуелсіздік алғалы бері 300 дербес заң қабылданып, мыңнан аса түзету мен өзгеріс енгізілді. Мыңнан аса халықаралық шарт ратификацияланса, 50 мыңға жуық заңға тәуелді акті қабылданған. Осы «құқықтық бейберекетсіздікті», ұлттық заңнаманың жетілмегенін «ұтымды» пайдаланған шенеуніктер мен олигархтар мемлекеттік мүлікті жекешелендіріп, заңсыз сатып алынған активтерді шетелге асырып жіберді.
– Қанатбек Бейсенбекұлы, қазіргі таңда заң шығару үдерісінде институт алдында қандай міндеттер тұр?
– Заң шығару үдерісі көптеген нақты аспектімен сипатталады, бірақ бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – депутаттарды дәйекті ақпаратпен қамтамасыз ету. Заңдар уақыт пен мазмұны жағынан үнемі өзгеріп отырады. Парламент депутаттары түрлі мәселені қозғайтын заңдар бойынша ұсыныс жасап, дауыс беруге тиіс. Оған қоса, заң шығарушы билік тек заңдарды қабылдап қана қоймай, оларды Үкіметтің орындауын да бақылауда ұстауы қажет. Алайда депутаттардың бәрінде бірдей мемлекеттік қызметте тәжірибе жоқ. Олар заңның нақты орындалуын бақылайтын бір саланың сарапшысы да емес. Бұл жағдайда институт саяси, құқықтық, экономикалық және басқа да мәселелерде объективті және тексерілген ақпаратты ұсына отырып, депутаттарға көмектесуде маңызды рөл атқарады. Парламентарийлер үшін тиісті фактілерді объективті жинақтап қорыту және талдау, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының кәсіби пікірін алу маңызды. Зерттеу орталығы ретінде институттың басты рөлі – атқарушы билік ескере бермейтін, қоғамдағы пікірлер мен көзқарастардың кең ауқымын қамтитын объективті талдауды қамтамасыз ету. Міндетіміз – қандай да бір шешімді таңу емес, депутаттарды хабардар ету.
– Институттың биылға арналған жоспарлары қандай? Заң шығару үдерісінде жинақталған мәселелерді шешуде институт неге сүйенеді?
– Биыл институт өзіне ауқымды міндеттер қойып отыр. Мәжіліс пен институттың бірлескен жоспарына сәйкес биыл төрт заң жобасы әзірленді, ал 2024 жылдың маусымына дейін тағы бес заң жобасын әзірлеу жоспарда бар. Бұл құжаттар маңызды әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси қатынастарды реттеуге бағытталған. Сенаттың Жобалық кеңсесімен өзара іс-қимыл желісінде 8 заң жобасын әзірлеу жоспарланған. Оған қоса, заңнаманың әртүрлі саласын жетілдіру мақсатында 19 дөңгелек үстел және ғылыми-практикалық конференция өткіземіз.
Біз үшін тұжырымдамалық критерийлер маңызды және сәйкесінше біз заң шығару үдерісіне сыни тұрғыдан қараймыз. Заң шығару үдерісін құқықтық реттеудің мазмұнын түбегейлі өзгеруі қажет. Осы мақсатта институт депутаттармен бірлесіп «Құқықтық актілер туралы» заңға және норма шығаруды жетілдіруге бағытталған басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар пысықталып жатыр. Мәселен, заң шығару үдерісін сапалы өзгерту және жауапкершілікті, құқық нормаларын, нормативтік-құқықтық актілерді пысықтау деңгейін арттыру мақсатында институт заң жобаларын ғылыми (кәсіби) сараптаудан ғылыми (кәсіби) әзірлеуге көшуді ұсынады.
Заң жобаларының мәтіндерін кәсіби топтың әзірлеуінің артықшылықтары бар. Өйткені кәсіби команда әзірленген заң жобаларын талқылау мен келісудің барлық кезеңінде қол қойылғанға дейін сүйемелдейді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, Заңның қолданылуының құқықтық мониторингіне қатысады және ең бастысы – жұмысына, оның ішінде материалдық жауапкершілікті өз мойнына алады.
Мемлекет басшысы 2020 жылы шамадан тыс заңнамалық регламенттеу мәселесін көтеріп, заңдар мен қаулылардың егжей-тегжей нормалары мемлекеттік аппараттың жұмысын тежеп қана қоймай, Парламенттің жұмысын, шешім қабылдау үдерісін тежейтініне назар аударды. Осыған орай институт кешенді зерттеу жұмысын жүргізді. Парламенттің кейінгі бес сессиясында қаралған 543 заң жобасының 168-інде мемлекеттік органдардың құзыретін кеңейтетін 2 473 норма болды.
Институт ұсынған негізгі мәселенің бірі парламенттік бақылау функциясын толыққанды іске асыруға қатысты. Бұл ретте біз «парламенттік тергеп-тексерулер туралы емес, тек заңдардың орындалуын бақылау туралы» (Конституциясың 57-бабының 6-тармағы) айтып отырмыз. Парламенттік, депутаттық қызметтің бұл бағыты жандандырылуға тиіс. Институт осы бағытта атқарушы билік, мемлекеттік органдар және заңдардың орындалуына жауапты лауазымды тұлғаларды, оның ішінде жеке тұлғаларды бақылауды жүзеге асыратын нақты тетіктерді әзірлеуге ниетті. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерінің заңдарды орындауы нормативтік актілерді қабылдаудан және қабылданған заңнаманы мониторингілеуден тұратын негізгі міндеттер мен шараларды орындауды ғана қамтымайды. Бұл қызмет заңда көзделген нақты мақсаттар мен көрсеткіштерге қол жеткізуде құқық нормаларын іске асыруды, сондай-ақ олардың тиімділігін бағалауды қамтуға тиіс. Алайда нәтижелерге қол жеткізуге және олардың тиімділігін бағалауға бағытталған заңдардың орындалуын ұйымдастыру мәселелері көбіне заң шығарушы органдардың бақылауынан тыс қалады. Салдарынан, жыл сайын қабылданатын заңдардың санына қарамастан, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға әсері шектеулі болып қала береді.
Парламенттік бақылау функциясын толыққанды іске асыру цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект жүйелерін пайдалануды талап ететінін атап өткен жөн. Жалпы парламенттік бақылау функциясын толыққанды іске асыру заңнамалық реттеуді қажет етеді.
– Президент «Цифрлық Қазақстанды» құру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Осы бағытта институттың қол жеткізген жетістіктері мен алдағы жоспары туралы айтсаңыз.
– Парламент қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында институт жасанды интеллект элементтерін заң шығару үдерісіне енгізуге ерекше мән беріп отыр. Бұл заң шығару сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Халықаралық тәжірибе, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның бірқатар ел парламенттерінің заңнамалық қызметінің табысты тәжірибесі заң шығару үдерісінде ақпараттық технологиялардың негізгі рөлін көрсетеді. Аталған технологияларды енгізу заңнамалық үдерістерді жеңілдетіп, субъективті тәсілді жоюға, заңдардың орындалуын бақылау және цифрлық мониторингтеуді оңтайландыруға жол ашады.
Осы мақсатта институт Еуропалық парламенттік кеңістіктегі негізгі ойыншы – грек «Hellenic OCRTeam» командасымен ынтымақтастық орнатты. ЕО ашықтық тізіліміне енгізілген команда Парламенттермен өзара іс-қимылдың халықаралық желісімен тығыз байланысты. Жұмыстың осы бағытын іске асыруға құқықтық болжау, оның ішінде техникалық бейін – «Victory Technologies» саласындағы отандық сарапшылар да тартылған.
Практикалық тұрғыдан институт заң шығару үдерісіне 3 нақты құрал – құқықтық сараптаманы, заң мәтіндерін жазу мен құқықтық болжауды әзірлеуді және енгізуді жоспарлап отыр. Жасанды интеллект технологияларын толыққанды енгізу заң шығару үдерісін бюрократиядан арылтуға, бюджет қаражатын оңтайландыруға, Парламент депутаттарын күнделікті жұмыстан босатып, қоғамдағы мәселелерге барынша тиімді әсер ететін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жәрдемдесетін оңтайлы заңнамалық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»