Қыс кетіп, тоқсан шығып, көктемнің алғашқы хабаршысындай болып енген Көрісу күнін Мәртөк, Қарғалы, Байғанин, Ойыл аудандарының тұрғындары ерекше атап өтіп жатыр. Бұл күні Ақтөбе қаласы Жастар ресурстық орталығының қыз-жігіттері қаладағы «Шығыс» базарына келіп, тұрғындарды Амал күнімен құттықтап, ыстық бауырсақ үлестірді.
15 наурыздан бастап облыс аумағында игі істер марафоны ұйымдастырылады. Қазіргі кезде барлық аудан азаматтары осы күні атқарылатын іс-шаралар жобасын, мерекеге дайындық жұмыстарын пысықтау үстінде. «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ күнінде» Аналар кеңесінің кездесулері, келіндер байқауы, ұлттық педагогика және отбасы институтын нығайтуға бағытталған іс-шаралар жоспарланып отыр. Ұлттық киім күні қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға бағытталған сәнді киімдер көрсетілімі өтеді. Осы күні мәдениет қайраткерлері, әртістер, спортшылардың қатысуымен «Ұлттық киім күні» челленджі жоспарланған. «Жаңару күні» облыс аумағында жолдар, арықтар мен өткелдерді тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл күні Байғанин ауданының жастары елді мекендер жанындағы бұлақ көздерін тазартуға кіріседі. Қарауылкелді, Алтай батыр ауылдарының жігіттері бұлақ айналасын абаттандыруды мамыр айына дейін жалғастырмақшы. «Тазалық эстафетасы» аясында арықтар, аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіледі. «Ұлттық спорт күні» облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қазақ күресі, арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, асық ату, ләңгі тебу, қошқар көтеру бойынша сайыстар ұйымдастырады.
Жергілікті қолөнершілер жұмыстарының көрме-жәрмеңкесі «Dalida Center» сауда орталығында жоспарланған. Мұнда «Sheber Art Aktobe» қауымдастығының 30-дан аса қолөнер шебері бірегей бұйымдарын ұсынады. Жәрмеңкеде тұрмыстық заттар, ұлттық кәдесыйлар, этникалық стильдегі киімдер сатып алуға болады. Ақтөбе облысының тұрғындары осылайша биылғы наурызды тағылым аларлықтай өнегелі істермен атап өтуге кірісті.
Ақтөбе облысы