Ауыл • 14 Наурыз, 2024

Ауылға қамқор азамат

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арқа жері атымтай жомарт азаматтарға бай. Ондай алтын жүректілер ауылды сақтап тұр. Соның бірі Нұрлан Қалтаев Қарқаралыдағы Қоянды аулының ажарын ашып жүр.

Ауылға қамқор азамат

Фото: vk.com/koianda

Нұрлан Айтмұхамбетұлы – бүгінде белді кәсіпкер. «Abadan» спорт клу­бы­ның басшысы. Қара­ған­ды қала­сында «Ба­ракят» мейрамханасы, құрылыс са­ла­сына ма­манданған серіктестігі де бар.

Атымтай азамат ауылынан аянып қалған емес. Қарқаралы ауда­нының Қоян­­ды ауылында жүз адам сыятын ме­шіт тұрғызып, ха­лық игілігіне ұсын­ғалы бірнеше жыл болды. Ауылдың балала­рына арнап шағын футбол алаңы мен «Бо­лашақ» балалар ойын алаңын тарту етті.

Жетімін жылатпаған елміз ғой. Осы­ны қатаң қағидат санаған ол Қоянды ауы­лында он бөлмелі, тұр­мыстық қажет­тіліктерімен қамта­масыз етілген баспана салып, балалар үйінен сегіз бала асырап алды.

Қ.Ғалым.

– Жыл сайын «Ауыл күнін» өткізуді дәстүрге айналдырдық. Қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан Қоянды бұдан да зор құрметке лайық деп ойлаймын, – дейді Нұрланның өзі.

Ол осы шаруаның бәрін Қара­ғандыда жүріп-ақ тындырып жүр.

– Бұл шаруаларды елден мақтау есту үшін жасамаймын. Бар мақсатым – туған еліме аз да болса, пайдамды тигізу. Бала­лардың тәрбиесі мен күнкөрісіне, оқуға түсуіне, отбасын құруына, бас­паналы болуына қолымнан келгенше көмек көрсетемін. Ең бастысы – туған ауылымның іргесі сөгілмей, берекесі арта берсе болғаны, – дейді Н.Қалтаев.

Бұған қоса кәсіпкер Қазақ ханды­ғының 550 жылдық тойына орайластырып, 130 түп алма ағашын отырғызып, бау-бақшаның қақ ортасынан субұрқақ орнатып берген.

Нұрлан Айтмұхамбет­ұлы­ның есім-сойын ел-жұрт «Abadan» клубының негізін қалаушы ретінде жақсы таниды. «Қазақ қасқыр әуегінің көсемін абадан дейді екен. Көкжал секілді топ­тың алдында болайық деп осы атау­ды таңдадық», дейді. Бұл – жекпе-жек спортының жат­тығу залы. Клубта UFC жекпе-жегін өткізетін шаршы алаң, жаттығуға қажетті спорт жаб­дықта­рының түр-түрі бар. Кәсіп­кер осы арқылы қазақ бала­ларынан болашақ чемпиондарды даярлап жүр.

Ауылға қамқорлық – елге қам­қор­лық. Ұлтқа осындай қыз­мет етіп жүр­ген Қалтаевтың бұл біз білетін қайы­рымды ісі ғана.

 

 

Қарағанды облысы