Энергетика • 15 Наурыз, 2024

Жасыл энергия үлесі ұлғайып келеді

182 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһан жұрты жаңартылған энергия көздерін дамыту мәселесіне айрықша назар аударып отырғаны анық. Дерекке жүгінсек, ширек ғасырдан кейін әлем бойынша энергетикалық теңгерімдегі жаңартылған энергияның үлес салмағы 35 пайызға жетуі ықтимал.

Жасыл энергия үлесі ұлғайып келеді

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

«Жасыл энергияға» деген тәуелділік түптің түбінде үстемдік құратынына талас жоқ. Содан да болса керек, өңірде жаңартылған энергия көздерін ұлғайту бағытында ұзақ жылдардан бері іргелі іс-шаралар атқарылып жатыр. Облыстың бірнеше ауданында «жасыл энергияға» көшу бойынша нақты жобалар көріне бастады. Өңірде күн, жел және су электр стансаларын орнатуға барлық жағдай қарастырылған. Бұл инвесторлар үшін де тиімді екенін жергілікті атқарушы билік жақсы түсінеді. Содан да болса керек, қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатыр. Қазір аймақта жалпы қуаты 451,3 мегаватты құрайтын жиырма шақты нысан бар. Соның ішінде күн электр стансаларының салмағы басым екен. Алты стансаның жалпы қуаты 251,25 мегаватты құрап отыр. Өңірдегі ең ірі күн электр стансасы Жуалы ауда­нында орналасқан. «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) Орталық Азиядағы ең ірі нысан саналады.

Жаңартылған энергия көздерін өркен­де­ту мәселесіне Мемлекет бас­шысы айрықша назар аударып отыр­ға­ны белгілі. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да «жасыл экономиканы» әрі қарай дамыту жұмыстары жалғасатынын айтты.

Жаһандық сарапшылар әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылған энер­гия жобаларының еншісіне бұйы­ра­тынын айтып отыр. Кейінгі 5 жылда жаңартылған энергияның елімізде өндірілетін көлемінің жалпы үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қа­рай тағы 1,4 гигаваттық қуат көзі іске қосылмақ. Жуалы ауданында да осы ба­ғытта қолға алынған жобалар өз же­місін беріп жатыр. Аудандағы бірін­ші күн электр стансасы 2015 жылы пай­да­ла­нуға берілсе, екіншісі 2018 жылы іске қосылды.

Жергілікті билік келтірген дерек бо­йынша «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы бірнеше жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп тұр. Стансаның бірінші бөлігі 2015 жылы пайдалануға берілген. Жалпы құны – 23,5 миллиард теңге. Стан­саға қажетті құрал-жабдықтар, фо­то­электрлі панельдер құрылыс алаңы­на Германиядан жеткізіліп орна­лас­­тырылған. Жалпы алаңы 150 гектар алқап­ты алып жатқан «Burnoe Solar-1» күн электр стансасының қуаттылығы – 50 мегаватт.

Бірнеше жыл бұрын «Burnoe Solar-2» күн электр стансасының екінші кезеңі басталып, оған бірінші стансаның тұсынан 151,8 гектар жер телімі берілген. Қарастырылған қаражат көлемі 25 млрд теңгені құрады. Аталған жобаның инвесторы – «Самұрық Қазына-Юнайтед Грин» ЖШС, ал қаржыландыру көзі – Еуропалық қайта құру және даму банкі. Бұл кешен аумағында «JinkoSolar» компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі және «Sungrow» өндірісінің 16 инверторлық стансасы жұмыс істеп тұр. Стансаның екінші кезеңі тоқтаусыз жұмыс істей алатынын бірнеше жыл бойы дәлелдеп келеді.

Күн электр стансасындағы электр энергиясының қуаты сағатына 78,2 млн киловатқа жетеді екен. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы көрсеткіш. Жоба қазір толық қуаттылығында жұ­мыс істеп, күн сәулесінен электр энергиясын өндіруге үлес қосып жатыр. Күн электр стансасының табысы бүгінде тұрақты түрде артқан. Қазіргі кезде әлеуеті 100 мегаватты құрайтын станса күніне 660-680 мың киловатт шамасында қуат өндіруге шамасы жетеді. Аудандағы екі электр стансасының жалпы жобалық құны 48 млрд теңгені құрайды. Екеуінің әлеуетін қоса есептесек, 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ететін мүмкіндік бар екен.

Серіктестік бас директоры Нұрлан Қапенов біршама уақыт бұрын күн электр стансасының электр өндіру қуаты жыл өткен сайын еселенгенін айтып қалған еді. Дерекке сенсек, бірнеше жыл бұрын Еуропалық қайта құру және даму банкі «EMEA Finance» тарапынан «Burnoe Solar-1» жобасы «Күн энергиясы саласындағы үздік мәміле» аталымы бойынша марапат та алыпты.

Жергілікті билік келтірген мәлімет бойынша, Жуалы ауданында су электр стансаларын салу жұмыстары да мық­­тап қолға алына бастаған. Мәселен, Көксай каналы бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стан­са­ларының құрылыс жұмысын жүргізуге ауданның жер қорынан 1,71 гектар жер учаскесі 10 жылға жалға беріліпті. Бұл да бір ауқымды жоба екені анық.

Көксайда «ҚазГидро Оперейтинг» ЖШС су электр стансасын салу мақса­тын­да нақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Жалпы, бұл маңда алдағы уақытта қуат­тылығы тəулігіне 18 мегаватты құ­райтын төрт электр стансасы салынуы керек. Жобаның жалпы құны 13,2 млн долларды құрап отыр.

Көксайдан бөлек, Ақсай каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын жүргізу жоспарланған. Аудан әкімдігінің №655 қаулысына сәй­кес, су электр стансаларының құ­ры­лысын жүргізу құқығы берілген. Ин­весторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС екен. Ол жобаның жалпы құны 21 млн доллар көрінеді. Әйткенмен, бұл жобалар әзірге нақты жүзеге асқан жоқ. Алдағы бірнеше жылдың бедерінде су электр стансалары да толық қуатында жұмыс істейді деген үміт бар.

 

Жамбыл облысы