Өндіріс • 14 Наурыз, 2024

Сұранысқа ие салқындатқыш

108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көлікке салқындату үшін құятын антифризді алыстан тасымалдаудың қажеті жоқ. Қарағандыда «Азия-СМ» ЖШС кәсіпорны «Proteс» атауымен өнімдерін сәтті саудалап отыр. Тіпті экспортқа да шығарылып жатыр. Іргеміздегі Өзбекстан мен Ресейден сұраныстың түсуі өнім сапасының жоғары екенін айқындайды.

Сұранысқа ие салқындатқыш

Суретті түсірген – Александр МАРЧЕНКО

Бірден айтайық, өндіріске қа­жетті шикізатты шетелден сатып алады. Арнайы қоспаны «Hyundai», «Kia» көліктері үшін Нидерланд пен Оңтүстік Кореядан әкеледі. Олардың өкілі кәсіпорында жарты жылда бір болып тұрады. Сапасын салыстырады, сынамаларды тексереді. Шетелдік сарапшылар кей жағдайда кейбір сынама түрін Оңтүстік Кореяға жібереді. Қысқасы, сапаға қатты көңіл бөлінеді.

Зауыттағы «Hyundai», «Kia» маркалы су жаңа көліктерге «Protec» брендінің антифризін құяды. Мұнымен қоса, Сарандағы «QazTehna» зауытынан шығатын YUTONG автобустарына осы сұйықтық қолданылады. Қостанайдағы көлік құрастыратын «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-мен де серіктес.

аг

«Біз көбіне тендерге қатысамыз. «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» секілді іргелі ұйымдармен жұмыс істейміз. Қазір қытайлық «CNPC» компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы өнімді оларға да жеткізіп қалуымыз мүмкін. Өйткені өнімдеріміздің сапасын жоғары бағалап отыр. Жалпы, антифризі­міз шетелдік көліктерде тұрақты қолданылып келеді. Біз ISO 9001:2015 сапа менеджменті жүйесін енгіздік», дейді кәсіпорын директоры Светлана Сороколетова.

Қарағандыдан шығатын антифриздер былтырдан бастап Өзбекстан мен Ресейге экспортталады. Ендігі жоспар – Қытай нарығы.

Кәсіпорында сапаны бақылайтын зертхана мен ғылыми-зерттеу орталығы бар. Онда шикізат та, дайын өнім де зерттеледі. Антифриз суының сынамасы айына бір рет зертханадан өтеді. «Біздің химик-технолог, былтыр докторантураны бітірді. Оңтүстік Кореяға барып, тәжірибе алмасып келді», дейді кәсіпорын басшысы.

апо

Кәсіпорыннан жеңіл кө­лік­терге, жүк және ауыл шаруа­шылығы техникала­ры­на арналған 12 түрлі өнім шығады. Антифриз 200 литрлік бөшке мен түрлі көлем­дегі құтыларға құйы­лып сатылады. Өнімнің сыр­тында QR код бар. Сол ар­қы­лы кәсіпорынның сайтына өтіп, көлігіңіздің маркасын таңдасаңыз, қандай антифриз құю қажеттігі жөнінде кеңес аласыз.

Зауыт жабдығының көп бөлігі – отандық өнімдер. Еуропа мен Ресейден тек арнайы сор­ғы­лар алынған. Бағдарламалық жүйе де со­лар­­дікі. Бүгінде кәсіпорын­ның айына 160 тонна өнім шығаратын қуаты бар. На­рық­ты жаулай бастаған Қа­ра­ғандының антифризіне сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Сол себепті, кәсіпорынды модернизация­лау қолға алына бастады. Енді төрт тонналық кон­тей­­нер­­лер келеді. Зауытты жаңа құрылғы, жаб­дық­тар­мен жаңарту жұмыстары жолға қо­йылып жатыр.

– Түнгі ауысыммен жұ­мыс істеуге болады. Бірақ ол қиын, қателесіп кетуі мүм­кін. Сондықтан дұрысы – жұ­мыскер санын артыру. Онда бір ауысымда 12 тоннаға дейін өнім өндіреміз. Кә­сіпорын біртіндеп автомат­тан­дырылып келе жатыр. Жұмыстың көп бөлігін компьютер арқылы атқарамыз. Қандай қоспа қосу керек, қанша мөлшерде, оның бәрі бағ­дарламалық жүйемен жүзеге асады, – дейді директор.

Аталған кәсіпорын алғаш­қыда «Роснефть» кәсіп­ор­нының өнімдерін сатқан. Кейін өздері шығаруды ойластырады. Ол кезде Hyundai және Kia көліктеріне құятын елімізде антифриз жоқ еді. Сол себепті, зауыт бас­шы­лығы Ко­рей өндіру­ші­леріне шығып, келісім алған. Кәсіпорын «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры­ның көмегімен зауыт құрыл­ғы­ларын жаңар­тып қойыпты.

Қазір онда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Өскемен мен Алматы қаласында филиалдары бар. Астанадан да ашуды жоспарлап жүр. Ендігі ойлары – шетелден қоспа тасығанша, оның да өндірісіне кірісу. Бұл шаруаға да білек сыбана кірісіп кетті. Жақын арада өздері әзірлеген қоспа арқылы екі өнімді шығарып көрмек. Алғашқысы сынақтан сәтті өтіпті.

Кәсіпорынның антифриз сұйықтығын нарыққа шығарғанына биыл бес жыл толды. Ішкі қажеттілікті де қамтып, сыртқы тұтыну­шы­лардың да сұранысына ие болып жатыр. Көлік иелері сапасына да, бағасына да риза. Кәсіпорынның о бастан көздегені де осы еді.

 

Қарағанды облысы