Аймақтар • 17 Наурыз, 2024

АҚШ елшісі ауылға келді

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуға АҚШ-тың Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм келді. Ол Көксу ауданына қарасты Жарлыөзек ауылдық округіндегі Мұқаншы ауылына барып, Наурыз мерекесіне қатысты. Елді мекендегі «Ochaq» тұрақты даму орталығының жай-күйімен танысып, жұмыс бағытына үңілді.

АҚШ елшісі ауылға келді

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісін жергілікті әже­лер ансамблі қарсы алып, делегация мүшелеріне әннен шашу шашты. Мұ­қан­шы ауылының тұрғындары қазақ халқының қонақжайлылығын көрсетіп, дәстүрге сай күтіп алды.

«Ochaq» тұрақты даму орталығы ба­лаларға ағылшын тілін үйрету мақ­са­тында америкалық грант бағдар­ла­масымен ашылған. Бүгінде орталыққа 80 бала тіркелген. Олар ағылшын тілі­нен бө­лек, мұнда бірнеше мәдени үйірмеге қатысып жүр. Жиында жас­тар елші­мен ағылшын тілінде еркін әңгімелесіп, сұрақтарын қойды.

Іс-шара аясында «Ochaq» тұрақты ­да­му орталығы» ҚБ басшысы, заң ғы­­лым­­­­дарының докторы, профессор Сар­қыт­бек Молдабай қонақтарды қоғам­дық бірлес­тіктің құрылу тарихымен таныстырды. Ғима­раттың құрылысы мен қызметіне шолу жасады. Ол 4-Н америкалық оқыту бағ­дарламасын іске асыруды жоспарлап отырғанын айтып, бұл мәселеде әдіс­темелік көмек алуға да­йын екенін жеткізді.

Айта кетейік, 4-H халықаралық бағ­­­­дарламасы 1902 жылдан бастап 50-ден астам елде жұмыс істейді. Жоба прак­тикалық оқыту арқылы жас­тар­дың аза­маттық, көшбасшылық, жауап­кер­ші­лік және өмірлік дағдыларын дамы­туды көздейді. Бұл бағдарлама ауыл­шаруашылық саласымен тығыз бай­ланыс­ты. Сонымен қатар саламат­ты өмір салтын насихаттауға, ғылымды, техни­каны және технологияны дамы­туға бағытталған.

Жалпы аталған орталықтың негізгі мақ­­­саты ауылдың экологиялық, эконо­ми­­ка­лық және әлеуметтік мәселелерді ше­­шуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ ауыл тұр­­ғын­дарын тұрақты даму мүдде­сін­­де ке­шенді қолдау көрсетуімен де маңыз­ды. Ұлттық мейрамның үстіне түскен амери­­калық қонақтар Жетісудың жай­саң жұр­­тына ризашылығын біл­діріп, тар­қады.

 

Жетісу облысы