Аймақтар • 17 Наурыз, 2024

Тату отбасы тәлімі

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурызнаманың төртінші күні – Шаңырақ күніне орай Тараз қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Анаға тағзым» орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасы – ел тірегі» тақырыбында іс-шара өтті.

Тату отбасы тәлімі

Суретті түсірген – Алтынбек Қартабай

Отбасылық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық таным мен дәстүр мәселелері әңгімеге арқау болған іс-шараға отасқандарына 50 жылдан асқан ардагер журналист Жаңабай Миллионов пен жары Күлбағира Жақсыбаева, қаламгер, шаңырақ құрғандарына 40 жылдан асқан Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл мен зайыбы Айгүл Сәрсенбайқызы, 25 жыл бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан композитор, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров пен жары Лаура Сейіталиева қатысып, жас отбасылар тарапынан қойылған сан алуан сауалдарға шынайы жауап берді.

«Адам баласы бірінші кезекте жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеуі керек. Мұны ер-азаматтар көкейге то­қы­ғаны ләзім. Осы тұрғыдан келгенде мен – өте бақытты жандардың бірімін. Күлбағира екеуміз жарты ғасырдан аса уақыт бойы бір-бірімізді түсініп, тату-тәтті ғұ­мыр кешіп жатырмыз. Шығар­ма­шылық адамына өзін жан-жақты түсінетін, бағалайтын жар жолықса, одан асқан қандай бақыт керек? Сол үшін де Жаратқанға шүкір деймін. Ер-азамат бірінші кезекте әйел адамды құрметтеуі керек», деді Ж.Миллионов жас отбасылардың бірі қойған сауал­ға жауап беріп.

Ардагер журналист, Жазу­шы­лар одағының мүшесі Бекет Момынқұлдың айтуынша, бала әкесіне қарап бой түзейді, әкенің тәлімінен асқан тәрбие жоқ. Уақытында өзі де асқар тауының жүріс-тұрысына қарап, еліктеп өсіпті.

«Біз орыс ұлты көп шоғыр­лан­ған ауылда тұрдық. Қатарлас жігіттер мектепте жүріп-ақ шылым шегуді әдетке айналдырған еді. Ортаның да өз әсері бар ғой. Бір күні мен де бильярд ойнап жүріп, шылым тартып тұрғанмын. Әкем кіріп келгенде әлгі темекіні мыжып тастап, аузымды жауып тұрғаныммен, мұрнымнан түтін бұрқырап кетті. Мұны көрген әкем еш ұрысқан жоқ. Күліп шығып кетті. Осы әрекетінен-ақ менікі қате екенін түсіндім. Өйткені біздің отбасымызда ешкім шылым шекпейтін. Асқар тауымның айқайға баспай, күліп шығып кетуінің өзі маған қатемді ұқтырды. Жаман әдеттен бас тарттым», деді Б.Момынқұл өз ойымен бөлісіп.

Іс-шара барысында сөз алған Кенен Әзірбаев атын­дағы об­лыстық филармония дирек­то­рының орынбасары Жандос Омаров та отбасы құнды­лық­тары, ұрпақ тәрбиесі туралы өз ойларын ортаға салып, жас отбасыларға ақыл-кеңесін айтты.

Бұл күні жаңадан отау құрған Нығметовтер отбасының неке қию рәсімі ұйымдастырылды. Тараз қалалық АХАТ бөлімінің бас маманы Жансая Дүйсекова көп­шіліктің алдында жас отба­сы­ның некесін қиды. Үлкен­дер­дің атынан сөз алған ақсақал Сауранбек Жамалбеков ізгі тіле­гін айтып, ақ батасын берді.

Іс-шара соңында сөз алған Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай мен «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали отбасылық құндылықтар хақында ілкімді ойларын ортаға салған мей­мандарға ризашылығын жет­кізді. Әдемі әндермен әдіп­телген іс-шараға арнайы қатысқан қонақ­тар­ға бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Тараз