Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында біз отандық ғылымды ұйымдастырудың заманауи жүйесін құра алмадық. Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар жұмысының негізгі қағидаты жылдам жеңістерге және жоғары жаққа табысты есеп беру үшін тез нәтижелерге қол жеткізу болды. Мемлекеттің басты басымдықтарынан тысқары қалған отандық ғылым мұндай жағдайда, әрине, тиісті түрде дами алмады.
Қоғамда «Қазіргі заманның Сәтбаевтары, Марғұландары, Есеновтері қайда?» деген сауал туындап отыр. Егер қажетті технологияларды шетелден сатып аламыз деп, жылдар бойы өз ғалымдарымызды мойындамасақ, егер бізде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10, 20 және 30 есе аз болса, олар қайдан пайда болмақ?
Кейінгі уақытта ғана ғалымдарға тиісті назар аударыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп келеді. Енді біз ғылымды дамыту стратегиясын дұрыс құруымыз керек. Ол басқа елдердегідей экономиканы дамытуға бағытталған шын мәнінде прагматикалық болуға тиіс.
Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясына ерекше рөл беріледі. Ол ғалымдардың үстінен қарайтын тағы бір әкімшілікке айналмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар, ол – тәуелсіз ұсыныстарын беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру.
Ең алдымен ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын дұрыс анықтау қажет. Өкінішке қарай, біздің дамыған елдерден айырмашылығымыз басым бағыттар көбіне елдің қажеттілігіне емес, ғалымдардың мүмкіндігіне негізделген. Осыған байланысты академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізіледі.
Екіншіден, конкурстық негізде қаржыландырудың үшжылдық кезеңімен ғылымның барлық бағытына қолданылатын шаблондық тәсіл ғылымда, әсіресе іргелі зерттеулер саласында нәтиженің төмендеуіне әкеліп соқты. Осы уақытқа дейін Қазақстанда заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің тиімділігін арттыруға негіз болатын, елдің зияткерлік әлеуетін тұрақты түрде қамтамасыз ететін іргелі (фундаменталды) ғылым үшін тиісті жағдай жасалмады. Сондықтан біз іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматын түбегейлі өзгертуіміз қажет.
Сонымен қатар академия жетекші ғалымдармен бірлесіп, іргелі негіздерді қалыптастырудан бастап практикалық қолдануға дейінгі барлық аспектіні қамтитын, тігінен интеграцияланған нысанда құрылатын заманауи цифрлық және геномдық технологияларды пайдалана отырып, ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған ірі пәнаралық мегажобаларды іске асыруға ұсыныстар енгізеді.
Қазір біз осындай бес стратегиялық маңызды бағдарламаны әзірлеуді бастадық. Мәселен, әлемге танымал ғалым, академияның вице-президенті Дос Сарбасовтың жетекшілігімен елімізде ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту жөніндегі жобаны дайындау басталды. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, ауқымды аумағы бар елімізде экономиканы теңгерімді түрде дамыту үшін өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды. Технологиялық дамыған елдер табысының құпиясы неде? Мысалы, АҚШ-тың әр штатында дерлік ірі зерттеу университеттері бар, олар сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы» болып саналады. Бұл жұмысты тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады.
Ал бізде жағдай мүлдем басқа. Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндігінен хабарсыз. Тіпті көп әкімдікте ғылыми салаға жауапты мамандар да жоқ.
Бұл мәселені шешу үшін академия өңірлік университеттер мен ғылыми зерттеу институттарын жан-жақты қолдайды. Қажет болған жағдайда академия мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірлер үшін ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл жұмысты өңірлік университеттер базасында облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі кеңесті құрудан бастауды ұсынамыз. Кеңес құрамына жетекші ғалымдар, академиктер, қоғамдық ұйымдардың, ірі кәсіпорындар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді. Кеңестер өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешудің қолайлы параметрлерін ұсынады.
Өңірде ғылымды дамыту жөніндегі жұмыс көрсеткіштерін әкімдердің рейтингіне қосу қажет. Бұл жобаны өзара іс-қимылға дайын әкімдермен, 2–3 облыс мысалында қанатқақты режімде бастауды ұсынамыз.
Академияның бұл «Өңірлік ғылым – өңірлер үшін» атты бастамасы – ғылым саласындағы прагматикалық тәсілдің мысалы. Бұл ғылыми, ғылыми-техникалық саясаттағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды практикаға және нақты өндіріске жақындатып, осылайша елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайта отырып, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік береді. Жұмыстың тағы бір ерекшелігі, біз өзгерістерді әдеттегідей жоғарыдан төменге емес, төменнен, яғни дұрыс бастап отырмыз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
ҰҒА басқарма президенті