Таным • 19 Наурыз, 2024

«Наурызнама»

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаратылыстану ғылымдарының сан саласын игеріп, жоғары дәрежедегі ғалым санатына көтерілсе де, Омар Хайям көпшілікке шығыстың жеті жұлдызының бірі, атақты шайыр ретінде кеңінен танымал. Ал енді осы ұлы шайырдың шығыс әлемінде алғашқылардың бірі болып «Наурызнама» рисаласын (трактат) жазған. Онда Наурыз мейрамына қатысты ғалымның этнографиялық зерттеулері жинақталған.

«Наурызнама»

Заманында селжұқ сұлтаны Мәлік шах пен уәзірі Низам-ул-мүлік Омар Хайям бастаған бірқатар ғалымды ға­рыш­хана, яки обсерватория салуға және медреселерде астрономия пәнін терең оқы­туға шақырады. Жобаны іске асы­­руға қазынадан қаржы бөліп, ға­лымдардың жағдайын жасайды. Өкі­нішке қарай, құрылыс әлгі екеуінің мез­гілсіз қазасына байланысты тоқ­тап қалады. Басталған істің аяқ­талуы үшін, Мәлік шахтын ата­ғын ғарышхана жұ­мысына пайдалану ниетінде әрі ғы­лым жолына жасаған қи­сапсыз шара­патын кейінгіге өнеге қыл­мақ үшін Омар Хайям «Наурызнама» рисаласын жазып шағады.

Аталған еңбекте наурыздың шығу тарихы, тойлануы және осыған байланысты пайда болған аңыз-әпсаналар, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы жа­зылған. Сонымен қатар ғарышхана құ­рылысы кезінде Омар Хайям өзінің жаңа күнтізбесін дайындайды. Маман­дар­дың айтуынша, бұл тізбе қазіргі григориан күнтізбесіне қара­ғанда әлдеқайда дәл әрі анық. Онда парсы патшаларының Наурыз мейрамын қалай белгілегенін және қай мезгілде өткізгендерін тарихи дәлел-дәлдікпен сипаттайды. Сонымен қатар мерекенің діни-мифологиялық қабатына да терең зерттеу жүргізеді. Бірін оқып көрейік:

«Изид тағала (Алланың исламға дейінгі қадым заман атауы ) күнді нұр­дан жаратып, аспан мен жерді соның себе­бінен жарықтандырады. Дү­ние хал­қы на­зарында күн – Изид тағаладан та­раған нұр іспетті. Оны құдірет тұтып, тағ­зым етіп табынатынымыздың себебі, күнді жаратарда Изид тағаланың оған деген ықылас-мейірі өзгелерге қарағанда, көберек болғанға ұқсайды. Бұған мынадай мысал келтірейік: бір ұлы патша өз халифаларының біріне айрықша ізет-үр­мет көрсетсе, оны басқалар да осылай қа­дір тұтады, сол арқылы патшаның өзін құрметтейтін болады», деп жазады Омар Хайям.

Тек этнограф қана емес, ғалым бұл еңбегінде тарихшы, шипа­гер ре­тінде та­ныла түседі. Ол адам ағза­сының уа­қыт ағынында қандай өз­герістерге ұшы­райты­нын, ұрпақ­тан-ұрпаққа ауысатын гене­тика ерекшелігін оқыр­ман назарына ұсынады. Соны­мен қатар денсаулыққа аса қажетті емдік шараларды да атап көр­сетеді. Мәселен, басқаны былай қойып, бір ғана арпаның мың түрлі дертке дауа екенін дәлелдейді.

Наурызға қайта оралайық. Омар Хайям бұл күнді мерекелеудегі мән-мақ­­сатты былайша сипаттайды. «Пат­ша­лардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақ­сы­­лыққа бағыштап, әрі жыл есебін бел­гілеп алу, ты­ныштық өмір үшін бар­шаға қатысты діни жиындар өт­кізу­лері ләзім. Кім­де-кім нау­рызды мере­ке­леп, тойлап, қуанышты, көңілді жүр­се, келесі наурызға дейін тыныш, ба­қуат ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күн­ді ғалымдар белгілеп бер­ген» дей келе, автор жыл маусымда­рына сипат­та­ма береді. «Фарвардин айы» – бұл айда өсім­­дік­тер жандана бастайды, яғни Амал айы­на қатысты. Демек айдың басынан күн (аптап) осы айда болады. Келесі «ур­ди­бихшит» айы – бұл айда дүние өзінің жәннат кейпіне енеді. Күн бұл айда өзінің айналып қозғалуына орай көкек айында бо­лады. Бұл ай көктемнің бел ортасы болып есеп­теледі. Хурдад айы (біздіңше тамыз) – адамдарды бидай, арпа және жеміс-жи­дек­термен бағады», деп түсініктеме береді.

Шайыр рисаласын «бұл кітап – оны жазу үшін де, оны оқитын адам үшін де қайырлы болсын деп өз мақсатына жетті. Алланың жәрдемі мен оның ға­жайып қайырымдылығы арқасында аяқ­талды. Жаратқан Ием, сауап, бақыт, сау-саламат­тықпен ақырын бергейсің» деп аяқ­т­айды. Ра­сында да, бұл шайырдың қала­мынан туған – қайырлы да қазыналы білім.