Қоғам • 18 Наурыз, 2024

40 дәрігер үйлі болды

711 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының ең маңызды он бағытының ішінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бар. Әсіресе онда жас мамандарды жан-жақты қолдауға қатысты да мәселе көтерілген. Күні кеше Ұлыс күніне орай жас медицина мамандарына Бұқар жырау ауданының Доскей аулынан 40 пәтердің кілті берілуі – сөзімізге дәлел.

40 дәрігер үйлі болды

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Осы уақытқа дейін жас ма­ман­­дарға арналған бағдарлама аясында аймағы­мызда 600-ден аса баспана берілген. Кейінгі бес жылдықтың көрсеткіші осылай дейді. Денсаулық сақтау бас­қармасы жыл соңына дейін тағы 100 медицина маманын үймен қамтимыз деп отыр. Баспанамен қамтуды жоспарлап отырғанын баса айтты. Бұл жолғы пәтер кіл­­тін алған жас маман­дардың ба­сым бөлігі – №4 емхана, көп­са­лалы балалар ауруханасы мен көпсалалы №1 аурухана дәрі­герлері.

– Мереке қарсаңында үлкен қуаныш болып жатыр. Кез келген отба­сы, оның ішінде жастар үшін баспа­наның орны ерекше. «Ай-хай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп өскен қазақтың баласымыз ғой. Қуаныш құтты болсын! Жалпы, мемлекет тарапынан медицина саласының дамуына үлкен басымдық бері­ліп жатыр. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса ең алды­мен дәрігерге жүгінеміз. Ажал­дан арашалап қалатын, үзіл­ген үмітті қайта жалғайтын – дәрі­герлер қауымы. Сіздерге деген құрметіміз шексіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Бейсембайұлы.

Бейбітшілік көшесінің бо­йында бес қабатты екі үй қатар ор­наласқан. Оның біреуі – ден­сау­лық сақтау саласының қыз­­меткерлерінікі, екіншісі білім сала­сы­ның мамандарына бе­рілген. Кезінде қараусыз қалған үй демесеңіз, ірге­тасы – берік, қабырғалар – түп-түзу. Арнайы комиссия құрамының тек­се­рі­сінен соң «жарамды» деп танылған.

Содан соң күрделі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізуге шешім шы­ғып, тендер ойнатылып, «Град­СтройСервис» ЖШС ұтып ала­ды. Аталған мердігер қос үймен қоса, былтыр ауылдағы мектепке күрделі жөндеу жұмыс­тарын жасаған. Оқу жылына дейін ой­да­­ғыдай аяқтап, қолданысқа беріпті.

– Қараусыз қалған үйге толық күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізіп, орталық жылу және электр желісін тарттық. Су құбы­рын жүргізіп, үй ішіне су кіргіз­дік. Үйдің сыртын қаптап, шатырын қайта жасадық. Жөндеу жұмыс­тары барысында ешқан­дай қиындыққа тап болмадық. Білім саласында қызмет істей­тін мамандарға бе­рі­летін үйдің жөндеу жұ­мыстары да то­лық аяқталды. Ен­­ді сыртқы жұмыс­тары ғана қалып тұр. Алдағы 15 күнде аяқталады, – дейді «Град­СтройСервис» ЖШС өкілі Берікжан Төлегенов.

Пәтер кілтін алған №4 емха­на­ның жалпы практикалық дәрі­гері Жандос Кәріқұл – баспаналы болғандардың ішіндегі тәжі­рибесі жағынан ең жасы. Кезе­гін көп күтпеген. Оқуын тәмам­дай салысымен осы емха­на­ға жұмысқа қабылданған. Отбасы­мен екі жыл үй жалдап келген.

– Жастарды қолдау мақса­тында құрылған бағдарламалар қатары арта берсін дегім келеді. Себебі қолына дипломын алып, жұмысқа енді кірген жас маман үшін қиындық көп. Әсіресе бас­пана – басты мәселе. Кейін жас дәрігерлерге арналған бағдар­ламаның барын естіп, кезекке тұрдым. Міне, кезегімді алты ай күтіп, бүгін үйлі болып жатырмыз. Жыл біздің отбасымызға осын­дай көл-көсір қуанышымен келіп жатыр, – деген риясыз пейі­­лімен бөлісті Жандос Қуанышұлы.

Баспаналы болып, бақытқа кенеліп жатқандардың қатарында №4 емхананың ІІ санатты жалпы практикалық дәрігері Шахрух Ту­ламетов та бар. Түркістан облы­­­сының тумасы Шахрух оқуын тәмамдаған соң, әрі қарай­ғы ар­манын Қарағандыда жалғас­тыруды ұйғарыпты. Міне, еңбек жолын бастағалы бері жеті жыл өтіпті.

– 2009 жылы Қарағанды Мем­ле­кеттік медициналық уни­вер­ситетіне оқуға түсіп, оны ойым­дағыдай тәмам­дап, сосын осы жақта қалдым. Осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтердім. Екі баланың әкесімін. Бұған дейін үй жалдадық. Бүгін мереке қарсаңында үйлі болып, қуа­нышымыз еселеніп жатыр. Пәтер­ге толық жөндеу жұ­мыс­тары жасалыпты. Жап-жаңа жи­һаз­дары да бар. Біз секілді жас мамандарға бұл да – бір үл­кен көмек, – деп ризашылығын жет­кізді Шахрух Туламетов.

Бұл – Доскей ауылында ақ түйенің қарны жарылған күн. Ауыл жұрты да құшақтарын айқара ашқан, ел қосылды деп. Енді жас мамандардың шағын ауданы бар. Бір-ақ күнде көрші  болып шыға келген жас мамандар енді кезек-кезегімен қоныс­тойын дүбірлетеді. Осы­лай­ша, жаңа жыл жастарға айтар­лықтай жақсылығымен келді.

 

Қарағанды облысы