Жалпы, Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды. Әсіресе жаңару мен жаңғыру кезеңінде өтіп жатқан басқосуда елдің дамуы жолында жаңа міндеттер жүктеліп, жаңа мақсаттар айқындалатыны анық.
Құрылтай жиынында Мемлекет басшысы ел тұтастығы зиялы қауым бірлігінен басталатынын айтты. «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ көрнекті тұлғалар бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түсетінін жеткізді. Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс екенін атап өтті. Ата-бабасын ұлықтауды сұрап ұжымдық хат жазуды әдетке айналдырып жүргендер жайында да сөз етті.
«Кейінгі кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», деді Президент.
Расында, әрбір адам үшін ата-бабасын құрметтеу – парыз. Рухына тағзым етіп, ас берсін. Бірақ бұл мәселені саясиландырып жіберуге болмайды.
Ұлттық құрылтай жиынында сөз болған ел болашағына бағытталған және бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған өзге де мәселелер оңтайлы шешім табады деп сенемін.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты