Саясат • 19 Наурыз, 2024

Мұнай-газ саласындағы серіктестік

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Шелл плс» концернінің атқарушы вице-президенті Питер Костелломен кездесіп, мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысын талқылады.

Мұнай-газ саласындағы серіктестік

Фото: primeminister.kz

Қарашығанақты кеңейту жобасы бойынша мұнай мен конденсат өндіруді жылына кемінде 11 млн тонна деңгейін­де ұстап тұру – басым міндеттердің бірі. Осы мақсатта тараптар шикі газды кері айдаудың қосымша компрессорларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобаның толық­қанды қызметін қамтамасыз ету мақ­сатында акционерлердің есебінен Қарашығанақтағы қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Қашаған кен орнының тұрақты жұмысына ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұнай өндіру 18,77 млн тонна, газ өндіру 11,86 млрд м3, газды қабатқа кері айдау 5,83 млрд м3 құрады. Кен орнын толық игеру үшін Қашағанда газ өңдеу зауытын салу мәселесі пысықтау сатысында тұр.

Үкімет басшысы жобаларды іске асыру аясында, оның ішінде Қазақстан аумағында жоқ өндірістерді оқшаулау арқылы қазақстандық қамтуды арт­тырудың басымдығын атап өтті.

«Бүгінде жоба операторларының жұмысындағы жергілікті қамту үлесі қолайлы деңгейде, ал тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесі әлі де өте төмен. Бұл өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынасты қажет етеді», деп атап өтті О.Бектенов.

Кездесу қорытындысында қа­ты­су­­шылар ұзақмерзімді ынтымақтас­тық­ты одан әрі дамыту ниетін растады. Сондай-ақ талқылау нәтижесінде жақын арада ішкі нарықта тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ұлғайту мақсатында жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасы қайта қаралады.

Сонымен қатар кездесуге қатысу­шылар «Шелл» компаниясының Қазақ­стандағы әлеуметтік және білім беру жобаларының оң әсерін атап өтті.