Тағзым • 19 Наурыз, 2024

Көке

173 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Көгілдір Жемнің бойында
Жарқамыс дейтін ауыл бар.
Мен өстім соның қойнында,
Мен сонда тудым, бауырлар...» –
деп Өтежан ақын жырлаған Байғанин топы­рағында қамысының өзі жарға бітетін, Жар мен Жарлы атауларын иеленген елді мекендер жеткілікті.

Көке

Біз де ес білгелі сол Байғанин ауданының Жарлы ауылында тұрдық. Сол ауылды өз қолдарымен құрып, аяғына тұрғызған тауға бергісіз небір тұлғалар өтке­нін көзімізбен көрдік.

«Қасында жүргеннен соң күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды...»

дегендей сол ағалардың қолымен ауыл мен ауданымыз гүлденді. Гүлденген аудандар мен облыстардың арқасында еліміз өркендеп, еркіндігіне қол жеткізді. Көз алдымызда елдің жүгін арқалай жүріп тұлғалық бейнелері сомдалған сол жұлдызды шоғырдың бірегейі Төлебаев Қалдыбай көкеміз еді.

Ағайын-туысты былай қойғанда ауылдас­тардың өзі түгелдей дерлік «Көке» деп кеткен ағаны алғаш танығанымда, жеті жаста едім. Ол кісі біздің ауылда «партком» қызметінде-тұғын.

Алғашында тікірейген бурыл шаштарына қарап мінезі тік адам ба деп ойлап қалғаным да рас. Тек амандасқан сәттен-ақ, «айналайынын» төге жөнелген, мейірімді жүзін көрген соң ойым өзгеріп сала берген-ді.

«Алыс пен жақынды ит пен бала бі­леді» демекші, сол күннен бастап өзім де қалай «көке» деп кеткенімді байқамай қалған­дай­мын. Ең қатты ашуланғанда ғана сәл-пәл зіл қосып «Әй, безобразие!» дегеннен бекер боқтығы жоқ, бала көңіл қарияны қан кешіп келген адам деп ешкім ойламайтын. Керісінше, ауылдың аңғал, ақ адал адамдары жайында әңгіме айтыла қалса, көкеміздің шопыры Батан ағай екеуі көліктерінің доң­ға­­лақтарын қалай қуғандығын айтып, сы­қылықтап күлетіндері бар-тын.

Бірде аудандағы кезекті жиналыстан қайт­қан көкеміз темекісінің тұқылын тастауға УАЗ көлігінің терезесін аша бере жандарынан зуылдап өтіп бара жатқан доңғалаққа көзі түседі. Содан шопырына бұрылып:

– Әй, Батан, мына бір жап-жаңа доңға­лақ сенің машинаңа шақ келетін сияқты, тоқтап салып ала қойшы, дейді емес пе?

Жандарынан зу ете қалған доңғалақты құлаған жеріне дейін қуып барып тежегішін басып қалғанда үш аяқпен зырғып келе жатқан машина да бір жағына қарай шоңқия қалыпты деседі. Түсіп қараса, қуалап жүргендері өз машиналарының доңғалағы екен. Екеуі ал кеп күлсін. Содан: «Біздің өз доңғалағымыз екен ғой», деген қыстырма әзіл де пайда болған кездер бар-тұғын...

Мен Қалдыбай көкемді жақсы тануымның үш себебі бар. Біріншісі және ең бастысы кенже ұлы Бекзатпен он жыл бір клас­та оқыдық. Екіншісі, әкелеріміз қызметтес болды. Үшіншісі, Бекзаттың анасын, Тәжен апамызды менің шешем Қосайдың қызы деп апа тұтты. Жеті баланың ортасындағы екі түйір ұл болған соң ба, Бекзат анасына қатты еркелейтін. Бала кезінде тіпті, «арқалап апармасаң мектепке бармаймын» деп бопсалайтын да кездері бар-тын. Бекзаттың бізден кішілігі болса да, сол еркеліктің ар­қасында мектепке бір жыл бұрын барды, қатар оқыдық. Дос болдық. Бірге ойнадық. Ол кездері бір-біріміздің үйімізге қонып қала салу деген де қалыпты жағдай еді.

Тәжен апамыз да өте бір мейірімді жан еді, жарықтық. Қырық жасында дүниеге әкелген сүт кенжесі Анарын «Сороковкам» деп еркелететін. Марқұм, өмірден ертерек кетті. Тәңірі сыйлаған он баланың үшеуі жас­тай шетінесе де, қалған жетеуінің жетілгенін көріп барып бақиға озды.

Соғыстың зардабы ма, көкеміз папирос­ты өте көп тартатын. Бір шайдың үстінде төрт-бесеуін шегіп, төбесі аласалау келетін тоқал тамның ішін көк түтін қылып отыратын. Апамыз: «екеуміз шай ішіп отырған сәтте үйге біреу-міреу келе қалса көк түтіннен еш­кім көрінбегесін «Кім бар-оу?!» деп дыбыстаса, көкелерің «еңкейсеңші» деп жауап беретін» деп күлдіретін.

Ол кезде ауылдарда от кешіп келген «тентек шалдар» аз емес. Бір қызығы, бұл кісі оларға мүлдем ұқсамайды. Омырауы толған ағаның соғысқа қатысып келгенін мереке күндері ғана орден мен медальдарынан ажы­ратқандай болып аңқиятынымыздың да себебі сол еді.

1942 жылы туған ауылы Қаражарда мектеп директоры болып жүрген 18 жастағы бозбала өз еркімен соғысқа аттанады. Содан Солтүстік-Батыс майданындағы 235-ат­қыштар дивизиясының құрамында взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарған сержант 1943 жылы Кенигсберг түбіндегі шайқаста иығынан ауыр жарақат алып, гос­питальда емделіп шыққан соң сапқа қайта тұрады.

1945 жылы атышулы Курляндия майданында жаудың үлкен калибрлі пулеметінің оғынан аяғынан ауыр жараланып тағы да госпитальға түседі де, 1946 жылы елге мүге­дек болып оралады. Келген соң да неше жыл жарасының орны жазылмай, қаны шылқып сыртына шығып жүретінін көзімен көргендер жыр ғып айтатын. Алматыдан қыс пен жазға арнайы тапсырыспен жасалынып келетін түрлі протездерін балалықпен қораға алып шығып қызықтайтынымыз да есімде.

Екі мәрте «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Совет одағының маршалы Г.К.Жуков», «За отвагу» тағы басқа көптеген медальмен марапатталған.

Соғыстан соң Мәскеуде Жоғары партия мектебін («партшкол») тәмамдап, ел экономикасын көтеру жолында түрлі шаруашылық жұмыстармен қатар «Социалистік ауыл» және «Жаңа өмір» аудандық газеттерінің редакторы ретінде журналистік, шығармашылық қабілеті мол қажырлы қаламгерлігін дәлелдеп, журналистика саласында да біраз қызмет атқарды. Сол себепті де 1959 жылдан КСРО Журналистер одағының, кейіннен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болған ауданымызда алғашқылардың бірі еді.

Соғыстан кейін әбден тұралаған ел экономикасын көтеру соғыстың өзінен жеңіл болған жоқ. Бұл тұста да от пен суға шыңдалған «партия жауынгері» шаруашылықтың қай саласына салса да өзін көрсете білді. Адал еңбек етті. Еңбегі елеусіз де қалған жоқ. Көкеміз 1986 жылы еңбек демалысына шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық өмірінен қол үзбеді. Байғанин аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Байғанин аудандық Мүгедектер қоғамының төрағасы қызметтерін атқарды. Аудандық партия комитетінің мүшесі, аудан­дық кеңестің депутаты болып бірнеше мәрте сайланды.

Бейбіт майдандағы ерен еңбегі де ес­керіліп, ауыл шаруашылығын, оның ішінде астық өндірісін дамытудағы еңбегі бағаланып «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, «Комсомол ардагері» белгісімен, «Еңбек арда­гері» медалімен, тәуелсіз еліміздің жоғары наградаларын алғашқы алғандардың қатарында «Ерен еңбегі үшін» медаліне де ие болды. Бүкілодақтық социалистік жарыста жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін, Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Бұғанасы бекімей жатып еңбекке араласып, елінің ертеңі үшін ештеңеден тартынбаған жан соғыстан қалған жарқыншағымен алысып, жартылай жансыз аяғын 54 жыл бойы сүйрете жүріп, «Жарлы» кеңшарын құру­шылардың бірі болды. Адамның ала жібін ат­тамады. Артында осындай өнегелі із қал­­дырып, Қал­дыбай көкеміз 1999 жылы дүние­ден озды.

Ол кездері отбасымызбен бірге Алматыға қоныс аударып, сонда орнығып та алған болатынбыз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары көре алмадым. Тек преферанс ойнағанда жұрт дауласып жатса, көк ала түтіннің ортасында «Беломорын» тістелеген қалпы күлімдеп отыратын көкеміздің бала көңіл бейнесі жадымда осылай сақталыпты.

«Жақсының аты өлмейді» деуші еді бұрын­ғылар. Қалдекеңнің де аты ұмытылмасы сөзсіз.

 

Жарлы БАЙҒАНИН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі