Театр • 19 Наурыз, 2024

Қаллеки театры тынысы

26 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 27 наурыз – Халықаралық театр күні мерекесіне орай, наурыз айының 16–26-сы күндері аралығында «Қаллеки тынысы» атты спектакльдер шеруін ұсынады.

Қаллеки театры тынысы

Елорда көрермендерін Қаллеки театр өнерінің үздік үлгі­лерімен таныстыру мақ­сатында өтетін сахна мере­ке­сінде театр сарапшылары мен көрермен назарына 2022 жылдың наурыз айы мен 2024 жылдың наурызы аралығында жарық көрген премьералар ұсынылады. Атап айтқанда, Ғ.Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш», Э.Шмидтің «Хат», Қ.Жетпісбаевтың «Бала мерген», Е.Жуасбектің «Үйлену», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Д.Рамазанның «Жошы хан», Ж.Шайхисламұлы мен Ғ.Мүсі­реповтің «Қыз Жібек», Қ.Жиен­байдың «Патша көңілім, не дейсің?» және театрдың шығармашылық зертханасы дайын­даған «Кешкі...7» қойы­лым­дары көрерменін қуантады.

Шара барысында театр сарапшылары спектакльдердің толық талдауын жүзеге асырып, үздіктерді анықтайды. Сонымен қатар биыл көрер­мендер де жауапты сәтке атсалысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Театр фойесіндегі арнайы сауалнаманы толтырып дауыс беру арқылы олар да үздіктерге қолдау білдіре алады. Ал қатысушылар cарап­шылар шешімімен «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел рөлі», «Үздік спектакль», «Үздік режиссер», көрермен таңдауы бойынша «Үздік актер», «Үздік актриса» «Үздік спектакль» сынды аталымдарда арнайы сыйлық және дипломдармен марапатталады.

Кейінгі жылдары жарық көрген премьераларды кеңінен насихаттап, сахна мәртебесін жоғары деңгейге көтеру, театр­дың қоғамдағы орны мен адам­заттың рухани өсіп-өркен­деуіне тигізер ықпалын ұжым алдында зерттеу, соны­мен қатар актерлік өнердің кәсіби ше­бер­лік тұрғысынан шың­далуы, театр­ өнерінің түрлері мен жанр­ларындағы үздік жұ­мыс­тарды анықтау және қолдау, заманауи театр­ үрдісінің негізгі тен­денцияларын анықтау һәм театр­ өнерінің классикалық және заманауи мұралары ара­сын­дағы шығармашылық бай­ла­нысты нығайту; елорда көрер­мен­дерін Қаллеки театр өнерінің үздік үлгілерімен таныстыруды мұрат еткен айтулы өнер ду­ма­­­ны театрсүйер қауымды 10 күн бойы қуанышқа бөлейді. Спек­такльдер шеруінің салтанатты жабылуы 27 наурыз күні Қ.Қуа­ныш­баев атындағы ака­де­мия­лық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында өтеді.