Жұрттың жақсылықты, жылылық пен сұлулықты сағынғаны сезіледі. Барлық ұйым, барша ұжымда көктем мерекелерін айта жүрерліктей атап өтуге деген ұмтылыс бар. Жаңадан үрдіске ене бастаған әрбір атаулы күнге мән сыйлауға деген әдемі құлшыныс бар.
Дегенмен осылардың ішіндегі ең үлкен сый – дүниеге мейрам күндері келіп жатқан сәбилер. Мысалы, Алматыдағы №4 қалалық перзентханада Шаңырақ күні он бала дүниеге келсе, оның төртеуі – ұл, ал алтауы қыз екен.
Отбасылық құндылықтарды ұлықтауға арналған мерекеде перзентхана ұжымы да қарап қалмай, қол-аяғын енді бауырына жинаған аналарды сәбилі болуымен құттықтап, «Наурыз – базар» естелік сыйлықтарын тапсырды. Сыйлықтарға қоса, перзентхана ұжымы жас аналарға өнерден шашу шашып, дастарқан жайып, дәстүрлі ұлттық тағамдарын ортаға қойды.
Осынау ерекше сәтке БАҚ өкілдері де қосылып, нәрестелерін мейірлене, құшағына құшырлана басқан аналармен дидарласып, әсерлі сәттеріне куә болды.
Айтқандай, Шаңырақ күнінде шаңырағына төртінші баласымен оралғалы отырған 31 жастағы Эрика: «Бұл мерекеде үлкен мән, нышан бар. Наурыз қарсаңында босанып, әсіресе қызымның дүниеге келуі отбасылық құндылықтар күнімен тұспа-тұс келгенін жақсы ырымға баладым. Қазір қандай қуанышқа кенеліп отырғанымды сөзбен жеткізу қиын. Ана болу – үлкен бақыт. Бізді елден ерекше, салтанатты түрде құттықтап, сый-сияпат ұсынған перзентхана ұжымы қуантты. Барша отандастарымызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын және баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік, өркендеу, әр үйге амандық пен отбасының татулығын тілеймін!», деді.
АЛМАТЫ