Жәдігер • 19 Наурыз, 2024

Құнды құжаттар табылды

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Ұлыбританиядағы ғылыми-зерттеу экспедициясы аясында Лондон, Оксфорд, Манчестер қалаларындағы кітапханалар мен архивтерге, ғылыми орталықтарға барды. Зерттеу барысында мамандар 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алды.

Құнды құжаттар табылды

«Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбаларды, сирек кітаптар мен көне құжаттарды анықтап, олардың көшір­мелерін алу жұмыстары еліміздің Ұлттық архив қорын толықтыруға бағыт­талған. Ғылыми іссапарды жоғары деңгей­де ұйымдастыруға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан­ның Ұлы­британиядағы елшілігі қолдау көр­сетті. Ғылыми іссапарды ұйымдастыру жұмыс­тары екі айға созылды. Дайындық барысында шетелдік әріптестермен бірнеше кездесу өткізілді. Біз тарихи құжаттардың көшірмелерін алдық», деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.

Манчестер қаласынан табылған құнды қолжазбалардың бірі – шамамен, X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы. Түркі тіліндегі аудармасы Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» тіліне өте жақын. Кітаптың түркі-ислам мәдениеті үшін маңызы зор.

Сондай-ақ маңызды қолжазбалардың бірі – араб тілінде библиографиялық бағытта жазылған ортағасырлық еңбек. «Китәб мақалаат әр-Рафииъа фии усул ъилм ат-табииъа» («Табиғат ғылымының негіз­дері туралы жоғары мақалалар кіта­бы») кітабында әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны мен қолжазбалары жайында мәліметтер бар. Еуропалық зерттеуші Карл Броккельман өз еңбегінде қолжазбаның әл-Фарабиге тиесілі екенін атап көрсеткен.

Әсіресе, мамандарды Оксфордтың Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид Абд-әл-Хайи-Гардизидің «Зейн әл-ахбар» еңбегі ерекше қызықтырған. Қолжазба 1049-1053 жылдар аралығында жазылған. Еңбекте 1032 жылға дейінгі парсы (исламға дейінгі) патшалардың, Мұхаммед пен халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған. Үндістан, Азияның түркі тайпалары, орыстар, гректер арасындағы ғылым, дін, мерекелер туралы тараулар бар. Аталған қолжазбаның үзінділерін В.В.Бартольд «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» және «1893-1894 жылдардағы Орта Азияға сапар туралы есеп» еңбектерінде қолданыпты.

Ұлттық орталықтың қызметкерлері мен шетелдік ғалымдар қолжазбалар мен басқа да еңбектерге бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.