Өнер • 21 Наурыз, 2024

Кестеге өрнектелген бейнелер

158 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Оюменен ой айтып, сүйгеніне көңілін кестемен жеткізген қазақ танымындағы киелі мағына жасырылған сан өрнектің құпиясы ілгерілеген кезеңдерге ілескенімен, ішке бүккен сырын жайып салуға асықпай келеді. Мың өрнекті дестелеген кесте өнерінің дәл қай дәуірде пайда болғаны белгісіз, бірақ тарихтың атасы Геродоттың дерегіне қарағанда, антикалық замандағы гректер мен римдіктерден де бұрын алтын жіппен зерленген өрнекті киім алғаш сақтардың жағасы мен өңірінен жалтылдап қылаң берген екен. Әр өрнегіне сыр тұнып, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан қолөнердің бұл түрі, рас, бүгінде әйелдердің ермегі болып есептеледі.

Кестеге өрнектелген бейнелер

Ою-өрнек түрінде дәріптеліп келе жатқан дәстүрлі кесте өнері бүгінгі уақыт көшіне ілескенде кәсіби сипат алып, жаңа талғам тұрғысынан дамитынын ол шақта ешкімнің болжай қоймағаны белгілі. Ең ғажабы, ер адамның кесте тіккенін де ел әлі естімеген еді. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік ұғымымен бірге талай жаңалық таңырқай қабылданатын тұста кешегі қалыптасқан түсініктің бәрі күл-талқан болып, заманауи ортаның өз талабы ентелей орнығып жатқанда, бейнелеу өнері мен кесте өнерін үйлесімді дамытуды қолға алып, жаңа бағыттың ізашары болып таныла бастаған Зейнелхан Мұхамеджанның кесте тігетін өнерін де атажұрт аңтарыла қабылдады.

впр

Зейнелхан Мұхамеджан Моңғолияда туып-өсті. Жастық шағы да сонда өтті. Көз майын сарқа тауысып, қолмен тіккен кесте өнерінің үлгілері кеңестің өндірісте тоқылған арзанқол бұйымдарымен алмасып, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап-ақ қазақ елінде қолданыстан қалып, көмескі тарта бастағаны есімізде. 2000 жылдардың басына дейін кесте өнері көзден біржола ғайып болды десек те, шындықтан ауытқымаймыз. Жоғалуға шақ қалған бұл өнердің небір ғажайып үлгілері қиыр жайлаған қандастар атамекенге қоныс аударғанда, шынайы шеберлермен бірге келді. Табиғи төлтума өнерді тұрмыстық қажеттілік ретінде күн­делікті тіршілікте қолданылатыны қа­ра­пайым бұйымдарының өзінен білініп тұратын. Шаруадан қолы босай қалғанда, жағалай отырып, әндетіп кесте тігетін анасы мен әпекелерінің жанында ойнап жүріп-ақ қызылды-жасылды жіптердің геометриялық пішін құрап, қалай өрнек салатынын Зейнелхан бала күнінен кө­ріп өсті. Мектеп бітіргеннен кейін де ол Ұланбатыр қаласындағы көркемсурет училищесінде арнайы білім алып, алдымен бейнелеу өнерінің теория­сын меңгеріп шықты. Кесте тігу өнерін кәсіби деңгейде меңгерудің барлық алғышарты сол кезеңде қалыптасып қойған болуы керек, кейінірек ден қойғанында көп қиындық тудырған жоқ.

апар

1986 жылы ол Моңғолия Суретші­лер одағының қолдауымен Баян-Өлгей ­айма­ғында суретші-безендіруші болып жұ­мысқа қабылданады. Осы жылы Моң­ғолия жас суретшілерінің респуб­ли­калық көрмесі өтіп, ұлттық натюрморт тақырыбындағы жұмысын көрмеге жібереді. Көрмеге қойылған туындыларды сараптаған орыстың белгілі өнер зерттеушісі Зейнелханның бұл туындысын «ерекше жұмыс» деп бағалап, Мәскеуден шығатын «Декоративное искусство» журналында мақтап, мақала жариялайды. Алғаш кестелеп тіккен сол картинасы қазір Моңғолияның ұлттық музейінде сақтаулы тұр. Мұндай биік бағалаудан кейін әр істі бір қолға алып, ізденіс жолында жүрген Зейнелхан басқа тірліктің бәрін тастап, «өз жолымды таптым» деп кесте өнерімен шындап шұғылдануды қолға алады. «Осыны кәсіп етіп көрсем қайтеді?» деген ойын келіншегіне айтқанда, Гүлжан да бұл ойын құп алып, іштей қадамының сәтті басталғанын тілеп, еріне түрлендіріп кес­те тігудің небір техникасын үйретеді. Ине ұстап үйренген әйелдің қолындай нәзік емес, алғашында күректей қолдың икемге келуі оңай болмады. Ақыры жа­рының жанында сағаттап отырып, түрлі түсті жіппен сиқыр жасаудың сырын меңгере бастағанда ғана санасында тұнып тұрған ой-қиялын дәл осы біз кес­те арқылы бейнелей алатынын, мұның өнерде өзіндік орын иеленетін жаңа бағыт болатынын толық түйсінді.

ег

Кестені бізбен және жай инемен әше­кейлеп тігу барлық халыққа ортақ өнер бол­ғанымен, қазақтың ұлттық кесте өне­рінің түрі де көп, әдісі де әр алуан. Біз кес­те, шым кесте, әредік кесте, айқас тігу, айқұш-ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу сияқты түрлі тәсілі байырғы заманнан бері бір жібі де қисаймастан, өз сән-келбетін сақтап келеді. З.Мұхамеджанның дамытып жүргені – дөңгелек немесе төртбұрыш­ты қалыптағы кергіш ағашқа керілген мата­ның бетіне салынған ою-өрнек су­ретті қуалап отырып, қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленетін біз кесте. Алғаш кесте өнерімен айналыса бастағанда, ол бағдар етіп үйренетін, көз салатын, тәжірибе толыстыратын ешнәрсе болмады. Қиналса да, бір жұмысын тәмамдап, екіншісін қолға алып, оны бастағанда алдыңғы жұмыста жіберген қателігін қайталамауға тырысып, жұмыс үстінде үйрене отырып, қалыптаса бастады. Суретшінің кәсіби айналысуының арқасында кестелеу өнерінің ұмытыла бастаған көне өрнектері қайта жаңғыр­ды. Кесте өнерін жетілдіруді қолға алғалы Қазақстан Қолөнершілер одағының демеуімен өзі де облыс орталықтарына барып, шеберлік сабағын ұйымдастырып, жүздеген шәкіртті осы өнерге баулып келеді. Ұлттық құндылықтар шөміш­тен қағылып, шетқақпай болған уақытта олардың бәрі кестеші болып кетпес, бірақ қағажу көрген өнердің қатарға қайта қосылып, шығармашылыққа бейім жастардың осы өнерге қызығуының өзі – Зейнелхан еңбегінің жемісі.

пр

Суретшінің қолы, қиялы және жү­регі бірге жұмыс істесе ғана тамаша дүние шығады. Бояу езгендей, түрлі жіп­ті қосып отырып, керекті түсті таң­дап шығару үшін шығармашылық сезім­талдық керек. Зейнелханның тігетін кес­тесі киіз үйдің ішінде ілулі тұратын тұс­киіздің өрнегінің аясында десек қате­лесеміз, бұл балаң өрнектерден ол бая­ғыда-ақ заманауи модерн стиліндегі мағынасы күрделі, бейнелеу өнерінің кең ауқымды полотноларын кестелеуге көшкен. Бейнеленген нақты персонажды былай ысырып қойып, арғы жағындағы таңдалған жіптер түсінің гаммасымен жиекке дейін көмкеріліп жатқан жалпы көріністің өзі жеке шығармашылық туынды секілді күшті әсер береді.

Кесте өнерінің қиындығы, адамның шыдамы мен сабыры шыңдалады. Жан дүниесімен беріліп, махаббатпен жасайтын өнер болғаннан кейін барлық қиындығына төзіп келеді. Сондай-ақ кесте тіккенде бояу мен түстің түпсіз терең сиқырына сүңги отырып, бір мезет жүрегінің шамын жағып, өз ішіне үңіліп, оңашадағы үнсіздік патшалығында өзімен-өзі сырласады. Идея кейде шабытпен, кейде қажеттіліктен келеді. Кей жұмыстың тақырыбы оқыстан туса, әлдекімнің қызықты әңгімесі де ойға түрткі болып, толғанысқа түсетін кезі жоқ емес. Сондайда сонау кеңістіктен бұлдыр-бұлдыр бір сюжеттің желісі елес беріп, уақыт өте келе айқындала түседі. Сол кезде қолына қарындаш алып, қиялындағы­ны қағазға түсіре бастайды. Суретші орташа картиналарын жазуға кемі екі-үш ай уақыт жұмсалса, ең үлкен туындысын бір жылға жуық тоқыған кезі болған. Асқан төзімділігінің арқасында осы уақытқа дейін ол 300-ге жуық туындының авторы атанды.

нуе

Зейнелхан Мұхамеджанның өнерге келгендегі асыл мұраты – Тәңірінің қала­уымен түркі жұртына мирасқа қалған ұлы даланың тарихын жырлау. Өзі де тарихи Отанынан жырақта, жүрегі сағыныш пен мұңға толып, ішкі толғанысын таби­ғаттың күй-сырымен үйлесімде ұстау­ды үйренген Зейнелхан суретшіге көш­пелілер өмірінен қол үзбеген дала тынысы жақын. Даланың төсін солқылдата шапқан сәйгүліктермен бірге байтақты кезіп, жауыны, бораны болып қайта оралады. Дәстүр мен тарихты байланыстырған бұл сарын суретшінің «Күлтегін», «Ту ұстаушы», «Қобыз – аңыз», «Дала дүбірі», «Атамекен», «Бүркітші», «Ұлы дала» секілді туындыларында тұ­нып тұр. Суретші өз шығармашылығында қазақ­тың дәстүрлі танымы мен аңыз-әпса­наға көбірек орын бергенді жөн көреді. «Бақ­сы», «Ғашықтар», «Муза», «Саяхат» сын­ды картиналары бұрынғы бабалар өмі­рімен жалғасқан рухани сабақтастықты бей­нелейді. Темір бізімен түрлі түсті жіп­ті сүйреп әкеп, сүйріктей етіп сюжет жасайтын автор түр мен түс, кескін мен пі­шін, адам мен ғалам, уақыт пен мәңгіліктің мәнін өзінше түсіндіруге тырысады.

Қолөнер – ешқашан өлмейтін дүние. Өнер әрі кәсіп көзіне айналған кес­телі картиналарға сұраныс қашан да жо­ғары. Мақсат үшін тер төккен адамға кеңістіктің жаңа жиектері ашыла бере­ді. Мемлекетаралық мәдениет күндері, мәдени өнер алмасу, суретшілердің бірік­кен және жеке көрмесі, халық­аралық өнер фестивальдары, бай­қау­ларға қатысу – әр суретшінің арманы. З.Мұхамед­­жан да танымды кеңейтіп, білімін арттыратын, өзгенің жетістігімен танысып, өз мүмкіндігін саралайтын көрмелердің бел ортасында көп жүрді. Зейнелханның бірта­лай туын­­дысы биік өнердің баға­сын білетін жеке коллекционерлердің қымбат қазынасына айналып, әлем мем­лекеттеріне тарап кетті. Ең қымбат картинасы Лондондағы көрмеде сатылды. Кейде туындылары сатылып кеткен соң, іші қуыс тартып босап қалғандай, көңіліне алаң кіріп, қиналатыны бар. Қайталап жасағысы келіп оқталғанымен, ол бекер тірлік. Ал кейде абстракция кар­тиналардың нағыз алушысы табылып, шығармасы шын өнердің парқын білетін парасатты адамның қолына өтсе, қызын жақсы жерге ұзатып, көңілі жай тапқан әкенің күйін кешкендей, жаны байыз тауып, жүрегіне тыныштық орнап, олқы тартып қалған кеудесін жаңа идеялармен толтырудың қамына кіріседі.

Зейнелхан Мұхамеджанның есімі «Қазақстанның Рекордтар кітабына» енді, ол – «Мастер класс – 2000» халықаралық өнер фестивалінің лауреаты, Ташкентте өткен «Биеналле – 2001» халықаралық өнер фестивалінің дипломаты, ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» сертификатының иегері. Ол Қазақстаннан өзге Германия, Швеция, Франция, Англия секілді алыс шетелдер мен Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан бастаған посткеңестік елдерде жеке көрмелерін өткізді. Ілгеріде жарық көрген «Қазақ кесте өнерінің тарихы» атты шағын кітапшасы алдағы уақытта мазмұны байытылып, үлкен альбом болып баспадан шыққалы жатқаны да көңіліне қуаныш ұялатады. Қырық жылға жуық серік етіп келе жатқан сиректеу өнер қызы Ботагөздің де бойына дарып, әке жолын жалғағаны тұқым-тектің заңдылығынан болар. Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясындағы сәндік-қол­данбалы өнер факультетінің түлегі Ботагөз Зейнелханқызы тыр­нақалды туындыларымен-ақ келешегінен зор үміт күттіретін кесте өнерінің нағыз майталманы болатынын дәлелдеп жүр. Халық­аралық «Шабыт» фестивалінде лауреат атанып, Кореяда жеке көрмесін өткізіп, басқа байқаулардан да жүлделі орын иеленіп жүргені әкесінің төбесін көкке жеткізіп, көңілін марқайтады.

Мәңгіліктің мәніне үңілген кесте өне­рінің әлі де ашылмаған мүм­кіндігі көп. Көркемдік кеңістігі өзге еш­кімге ұқса­майтын суретшінің біре­гей мазмұн­ды шығар­маларының та­қырыбы жыл өткен сайын құнар­ланып, ал күміс түстес біз салған сим­воликалық бейнелер уақыт күт­кен ең өткір сөзді толғап келеді. З.Мұха­мед­жанның әр туындысы – әлемді нә­зік әрі терең түсінетін шығармашылық ада­мы­ның санасында тайталасатын ой дүмпуінің жемісі.

 

АЛМАТЫ