Өнер • 21 Наурыз, 2024

Ұлттық дизайн шеберлері

214 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ұлттық киімді Ұлыс күні ғана еске алатын әдеттен жыл өткен сайын арылып келеміз. Қазір ел ішінде Наурыз мерекесін күтпей-ақ, қазақы киімді жарқырата киіп жүру үрдіске айналды. Кейбір білім ұяларында мұғалімдер мен тәрбиешілер де жыл он екі ай ұлттық киімді ұлықтап жүр. Қазақы нақышты киімге ғана емес, жеке мүлікке де бедерлеп жүргендер бар. Кейінгі уақытта көз арбайтын көлік ішіндегі орындық тысы мен ою-өрнекпен кестеленген смартфон қаптамасы көбейді. Сәнді сөмке, ұлттық сипаты басым қолсағаттар да сатылымға шығып жатыр.

Ұлттық дизайн шеберлері

Кепілдік іздеген кәсіпкер

Біздегі киім-кешектің басым бөлігі Түркия, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елінен келеді. Бұл салада елімізде ірі кәсіпорындар санаулы, дегенмен үйінен шағын цех ашып, тапсырыс орындап жүргендер баршылық. Тігін өнерін бірер айда меңгеріп, тапсырыс қабылдай береді. Сосын өнімін Instagram желісі арқылы жарнамалап, саудаға шығарады. Құрақ көрпе, тюрбан, тақия, қажекей сияқты тауарлар мен киімдер сөйтіп нарықты жаулап жатыр. Кейінгі жылдары ұлттық киім өндірушілерде үлкен серпіліс бар. Бұрын әлемдік байқауларда ғана назарға ілінетін ұлттық киімдерді отандық кәсіпкер-дизайнерлер күнделікті тұтынуға ыңғайлы етіп тіге бастады. Нарық көңіл күйін тап баса білген компаниялар ұлттық сипатта безендірілген киімді көшеде де, кеңсе де киіп жүре беруге болар­лықтай етіп ұсынуға көшті. Сапаны бәсеке ұштайды, сәйкесінше қазір ұлттық киім дүкендері көбейді. Әрбірі өзінше стилді ұстанады.

ррр

Кәсіп болған соң қайсыбір түйткіл қа­тар­­ласа жүреді. Тап осы бағытта бизнес бас­таймын дейтіндерге мемлекет тарапынан демеу бар. Бағдарлама жетерлік. Бірақ сол бағдарлама бо­йынша қаражат алуға міндетті түрде ке­піл­деме керек. Осы талапқа келгенде кәсібін жаңадан бас­тайтын кез келген кәсіпкер қиналады. Жеке кәсіп ашқан соң, шағын кәсіпорында міндетті түрде бухгалтерлік есеп жүр­гізуге тура келеді. Кәсіпкерлердің сауатты бух­гал­тері жоқ, оның қызметін өзі атқара алмайды. Есепшіге де қомақты айлық төлеуге тиіс. Ол болмаса жұмыс тағы тұ­ралайды. Салада кәсіп бастап, ісіңді дамыту үшін жаңа техника өте қажет. Бүгінде сапалы тігін машиналарының ең төменгі құны 150-200 мың теңгеден басталады екен. Жоқ дегенде кәсіпкерде бұлардың 4-5 түрі болуы керек. Оның бірі – түзу, бірі – зигзаг тігісін, бірі кес­телеу жүргізеді. Соның бәрін қамтып, жаңа кәсіпті аяғынан тұрғызу үшін қолда кемінде 10 миллион теңгеден аса қаражат болуы шарт. Осы 10 миллионды алуға кәсіпкер жоғарыда айтқандай, лайықты кепілдеме іздейді. Оның өзінде аудан не қала орталығындағы тұрғын үй немесе өзге ғимарат қана жарамды. Ауылдық жердегі үйлер қабылданбайды. Міне, кепілдік іздеген кәсіпкердің жеңіл өнеркәсіпте жаңа бизнес ашуға деген ынтасы осымен-ақ жоғалуы мүмкін.

 

Маман тапшы

Қызылорда қаласындағы «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орталығының құрыл­тай­шысы, ұлттық құндылық жанашыры Аида Керімқұлованың айтуынша, қиындықты еңсеріп, жаңа деңгейге көте­ріл­ген кәсіптің дамуына тағы бір кедергі – кадр тапшылығы. Ол әуелі «Қолөнер» атауымен танылған орталық құрып, кейін бұған «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орта­лы­ғы деп атау берген еді.

– Күйеуім екеуміз ақылдасып, жоба­мыз­ды қорғап, 2016 жылы кепілдеме қо­йып, несие алдық. Несиенің 15 пайыз­дық үстемеақысының 7 пайызын – өзім, 8 пайызын «Даму» қоры төлеп беретін болды. Сол қаражатқа тігін машинасын ала бастадық, бірақ алдымыздан ма­ман тапшылығы деген мәселе шық­ты. Бір машинаны қосу үшін ІТ мамандар көп сома сұрайды. Сонымен біз облыстағы кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Аға сеньор» деген жоба бойынша жұмыс бастадық. Аталған жоба осы салада тәжірибесі бар азаматты шетелден жұмысқа тартуға негізделген. Осының арқасында Түркиядан арнайы маман шақырып, 20 күн бойы сабақ алдық. Кәсіпкерлер палатасы арқылы 1 500 долларға жуық еңбекақы төленді. Бірақ ойлана келе, 20 күннің өзі аз екенін бай­қадық. Әрі қарай өз қаражатымыз ар­қылы білім алдық. Айтпақшы, бұ­рын өрнекті де, тігінді де, кестені де қол­мен істейтінбіз. Қазір жұмысты авто­мат­тан­дырдық. Сондай-ақ оқу орындарымен «Дизайн» мамандығындағы студенттердің тәжірибесін бізде өткізуге келісім жүргіздік. Ең қызығы, өз еркімен бірде-бір студент практикаға келген жоқ. Сол салада оқып жүріп, өндіріске қызықпауы, үйренсем, білсем екен деген ниеттің болмауы мені қынжылтады. Кейін сол студенттердің не істеп жүр­ге­нін сұрастырсам, бірі – даяшы, бірі – үй қызметшісі, бірі хатшы болып жүр, – дейді «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орта­лы­ғының директоры.

 

Шикізат қайдан келеді?

Жоғарыда айтқанымыздай, шикі­зат­тың сырттан келуі жеңіл өнеркә­сіптің даму өрісін шектеп тұр. Шикізатының құны өтелмесе, шығынға ұшырайтынын жақсы білетін кәсіпкер үстеме құн қосуға мәжбүр болады. Миллиондаған данасын өндіріп, оны сату үшін өнім өндіруші алдынан маман тапшылығы, субсидия алу, кепілдеме табу секілді кедергілер қаптап шыға береді.

– Бүгінде жұмысты дамытуға облыс орта­лығында екі қабатты фабрика салып бітір­дік. Заманауи тігін машиналарын алдық. Бар мәселе – шикізатта. Мысалы, киімге қажет қасқыр, түлкі, құндыз тері­лерін Ресейдің Астрахан қаласынан ал­­дырамын. Расы керек, бізде бұлар дұрыс иленбейді. Ал маталар Бішкек пен Түркиядан келеді. Бір ғана мысал, жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша еліміз көршілес Өзбекстан, Қырғызстанның өзінен 15-20 жылға қалып қойған. Түркия сияқты елдердің деңгейі тіпті жоғары, – дейді Аида Керімқұлова.

 

Тоқыма қалаға айналсақ...

Қазір бағасынан гөрі сапасына жиі үңілетін тұтынушы көбейген. Киімнің тігу үлгісіне де жіті назар аударады. Ке­йінгі уақытта халық арасында елеулі сұра­нысқа ие болып жатқан «Tarbiya ulttuq kIim» сән үйі тіккен киімдер бұл үдеден шығып жүр. Белгілі этнодизайнер Тәрбия Айдымбаева жалғыз Астана ғана емес, еліміздің тағы 5 қаласында (Атырау, Ақтау, Алматы, Шымкент, Түркістан) ұлт­тық киім дүкенін ашқан. Киім бағасы 120-350 мың теңге аралығында екен.

е

Сән үйінде кеңседе киюге лайықталған шапан түрлерінен бастап, пальто орнына жүретін сырт киімдер бар. Ойлап қарасақ, біз шетелдік костюм-шалбар мен сыртқы киімдерді сол бағада сатып алып жүрміз. Ендеше, бұл баға «ұлттық киім – қымбат» деген түсінікті жоққа шығарса керек. Әрі мұндағы ерекшелік сапада жатыр. Қазір киім брендінің иесі сұранысқа сай, ең жоғарғы сападағы өнім дайындауға ден қойған. Осы мақсатта Тәрбия таза кашемир материалын елге алды­ру үшін Италия, Бразилия ел­де­рінің кәсіпкерлерімен келіссөз жүр­гізіп жатыр.

– Шикізатты шетелден алдырамыз. Көбі Дубай қаласынан келеді. Енді өнім сапа­сын одан әрі арттыруға Италия, Бра­зилия, Перу еліндегі өндірушілермен келіссөз бастадық. Lv, Dior, Prada сынды әлемдік танымал брендтер қолданатын материалмен ұлттық киім тігуді қолға алдық. Қазақ киімі жоғары сапаға лайық. Оның сапасын, әсіресе шетелдіктер жедел аңғарады. Бізге қазба байлықтардан басқа саладан қаржы табатын кез келді. Сондықтан сапалы ұлттық киім жасау арқылы экономиканы дамытуға ат­салысқым келеді. Шетелге көп сапарлай­мын. Сонда барған жердің тұрғын­дары біздің бабалар киген ұлттық киімдерге өте қатты қызығушылық танытады. Менің­ше, «осы да бола береді» деп өзің­ді тоқтатып қою – кәсіпкерлікке жат дүние. Әрдайым биікке ұмтылу керек. Алдағы уақытта жастарға, жыршы-күйшілерге, іскер әйелдерге бөлек топтама тігеміз. Тарихтың бір бөлшегі екенімізді ұмытпау керек. Бізге бабалар нақышы аманат болып жеткендей, біз жасаған бүгінгі бұйым да – келешекке мұра. Сондықтан ұлттық киім саласында тер төгіп жүрген әріптестерімді үнемі түс шығару, оюды орынды қолдану, авторлық құқықты таптамау ісіне мән беруге, тігіншілік өнерді трендке айналдыруда қажымай еңбек етуге шақырып жүремін, – дейді Тәрбия ханым.

Айтуынша, еліміздің бір қаласы жеңіл өнеркәсіпте тоқыма қалаға айналса, мемлекет те сыртқа мұқтаж болмас еді. Жалпы, киім тігу, оның өнімін көбейтуге Үкімет қолдауы анық керек.

– Көп мемлекеттің өзінде бір тоқыма қала бар. Мата мен тоқыма өндірісін дұрыс жолға қойған. Сол қалаға барсаң, әртүрлі өнімімен танылған фабрика мен цех жетерлік. Менің арманым да сол, біздің мемлекетіміздің де тігін фабрикалары мен киім шығаратын өндіріс ошақтары бір жерде шоғырланған қаласы болса ғой деймін, – дейді ол.

 

Бала шақтан басталған арман

Тәрбия ханым – отандық ұлттық киім брендін қалыптастыруда оюды моншақпен көмкерген, одан қала берді, заманауи ұлттық киім үлгілеріне ою-өрнекті принт арқылы басу ісін бастаған тұңғыш кәсіпкер.

кен

– Анамнан үйренген тігін өнері осы саладағы жоғары оқу орнын бітіруге септігін тигізді. Айтпақшы, 5-курста оқып жүргенде-ақ ұлттық киім тігу бойынша Гран-при иелендім. Диплом жұмысымды да осы тақырыпта қорғадым. 1997 жылы оқу бітірген соң Ақтауға келіп, ұлттық киім тігіп, оны насихаттауға құлшына кірістім. Ол кезеңде нарықта мата, ине-жіп, оймақтан басқа дүние болмады. Барлығы қолмен тігілді. Қазір түрлі тігін жабдығы шығып жатыр. Орайы келгенде айтып кетейін, ел бойынша алғаш болып оюға моншақты көмкеру, оюлы принт жасау – біздің бастамамыз. Жалпы, осы өнерде мені шабыттандырған бір себеп бар. Ол – рух. Иә, ұлттық киім рухты көтереді. Оған – күнделікті әр сатып алушы дәлел. Әсіресе шапанды киген ер-азаматтарымыздың бойы мен ойын түзеп, еңсесін тіктей шыққанын талай көрдім. Киімді киіп тұрып, кеудесі мақтанышқа толып, өзіне сондай ризашылықпен қараған жігіттердің қуанышына куә болып келеміз, – дейді Тәрбия Айдымбаева.

Кәсіпкер тігін саласындағы мамандарды табу қиынға соғатынын растайды. Бүгінде ол 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мамандары – бесаспап. Барлығы арнайы курстан өткен. Көп қиындықтан шыңдалып, жетістікке жеткен бизнесмен талапты жастарға тәжірибемді бөлісуге қарсы емеспін дейді.

 

Көлік ішін көркемдеген

Бүгінде жастардың талғамы бөлек. Әсіресе жаз күндері жеңіл киімге қазақы нақышта немесе өзге үлгіде болсын, ою-өрнек салдырып жатады. Жейдесін, күнқағарын әсемдеп алуға бейім жастар қатары артып келеді. Кә­сіп­кер Сәкен Дайрабайға осы тектес тапсырыстар жиі түседі. Сырт киім мен жаздық жейдеге ұлттық нақышта өрнек салу, жазу жазудан бөлек, көп уақыттан бері өз шеберханасында көлік ішіндегі орындық тысын жаңартып, қажетті төсеніштерді дайындап жүр. Жоспарын нақты құрған Сәкен өз қаржысына сүйеніп, кәсібін бас­тапты. Осылайша, талапты жігіт тындырымды істің жолына түскен.

лл

– Әкем – механик, анам – тігінші. Жеке көлік жөндеу шеберханамыз бар. Ол шаруамен ағам Хасен тұрақты айналысады. Сондай-ақ жөндеуден бөлек, көлік салонын жаңартамыз. Әу баста ағамның қасында жүріп, көлік ішін әсемдеуге қызығушылығым оянды. 2018 жылдан бастап автотігін цехын ашып, көліктің ескірген салоны мен орындықтарын әдемі мата немесе былғарымен қаптап, тігуді бастадым. Жаңа қызметке деген сұраныс бірден көбейіп шыға келді. Ең алғашқы өнімді қиындықпен тіккенім есімде. Кейін қолым әбден дағдыланды. Қазір көлік жүргізушілердің сұранысы ерекше. Бірі атын жаздырып, келесісі ұлттық ою-өрнек таңбаланғанын қалайды. Бәрінің көңілін тауып, сапа жағына ерекше мән беріп, жұмыс істеп жатырмыз, – дейді.

Кәсіпкердің еңбекқорлығы мұнымен тоқтамаған. Сүйікті кәсібін кеңейтіп, көлік ішіне арналған және жолға арналған жүк сөмкелерін де дайындауға кірісіпті. Көлік ішін көркемдеп, табыс тауып жүрген Сәкен кейін «Даму» арқылы 8 пайызбен несие алып, кәсіп аясын кеңейткен.

«Несие қаржысы кәсіпті ұлғайтуыма көп көмегін тигізді. Цех ашып, арнайы тігін құралын алдырдым. Тапсырыс же­те­р­лік. Адам баласының жауы – жал­қаулық. Бір кездері әртүрлі жұмыс іс­теп, біршама істің басын шалдық. Ең соңында сүйікті ісіме оралдым. Осы шаруамды әлі де жандандыра бермекпін. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған мем­ле­кет­тік бағдарламаларды зерттеп көрдім. Шын мәнінде, мемлекеттік жобалар өзін осы салаға арнағандарға көп көмек бе­ре­ді. Әрі бәсекелестікті де күшейтеді, із­де­нісіңді арттырады. Жақын арада мемлекет ұсынған тиімді бағдарламаларға қатысып, жолымыз болса, жаңа жобаларды қолға алу жоспарда тұр», деді шағын бизнеспен шаруасын дөңгелеткен Сәкен.

Кәсіпкерлігі дамыған елде жұмыспен қамтылатын халық саны артады. Жұмыс көзі табылып тұрса, ел жағдайы жақсы болары ақиқат емес пе?