Фото: aimak.com.kz
Олай дейтініміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт тағдырына қатысты келелі мәселелерді ұлы даланың киелі мекендеріне барып көтеруінде болып тұр. Мемлекет басшысының ел тізгінін қолына алғаннан кейін өткізген Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы киелі мекен Ұлытау төрінде ұлы тұлғаларды дәріптеуден басталса, қасиетті Түркістанда өткен екінші отырысында төл тарихымыз бен рухани құндылықтарымыз кеңінен таразыланған еді. Ал Ұлттық құрылтайдың Сарайшық өңірінде өткен кезекті отырысында еліміздің жарқын болашағына жол ашатын бастамалар талқыға түсті.
Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы: «Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Біз болашаққа сеніммен басу үшін Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері ретінде мәдени мұраларымызды сақтап, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Оның бірден-бір көрінісі – әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсуімізден байқалуға тиіс», деген еді.
Мемлекет басшысы айтып отырған көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар еліміздің жоғары оқу орындарында түрлі білім бағдарламалары бойынша жоғары білім алып жүр. Яғни жоғары оқу орындары – жастарды үлкен өмірге дайындайтын парасат мектебі. Осы тұрғыда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің тікелей жетекшілігімен отандық ЖОО ректорлары, проректорларының басқосуын өткізу дәстүрге айналды. Басқосуларда жоғары оқу орнындағы жалынды өскелең жастар сапынан еліміздің жарқын болашағына қызмет ететін тұлғаларды тәрбиелеу мәселелері талқыға түседі. Министрлік тарапынан бекітілген жоғары оқу орындарындағы өскелең жастарды өркениетке жетелеудің 2029 жылға дейінгі стратегиялық тұжырымдамасы жоғары оқу орындарының жұмыс тәжірибесінде жүзеге асып келеді.
Президенттің әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыту туралы ұстанымына орай Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық жоғары оқу орындарында Ұлыстың ұлы күні мерекесін тойлаудың онкүндігін жоғары деңгейде өткізуді қолға алды. Көрісу күнінен бастау алған рухани танымы терең мерекеміз Қайырымдылық күні, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, Шаңырақ күні, Ұлттық киім күні, Жаңару күні, Ұлттық спорт күні, Ынтымақ күні, Жыл басы – әз Наурыз мерекелерімен астасып, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің рухани тұрғыда кемелденуіне зор ықпал етіп отыр. Осы бастаманы риясыз шын ықыласпен қабылдаған Жұмабек Тәшенов университетінің қызметкерлері мен білім алушы жастары ұлттық рухымыздың оянуына өз үлесін қосып жүр. Ал университетіміздің басты ұстанымы – жастардың ғылым, спорт, өнерге қызығушылығын арттыру арқылы олардың тұлғалық қабілетін жан-жақты дамыту, стратегиялық шешімдер қабылдауға баулу.
Ғалымжан БИТҰРСЫН,
Ж.Тәшенов университетінің проректоры