Жанар ЖЕҢІС – органометалды және өсімдік химиясы бойынша PhD, профессор, 7 тіл білетін полиглот, 6 бірдей патенттің, 7 кітаптың авторы, 5 республикалық, 7 халықаралық ғылыми жобаның жетекшісі.
Ғылымға келу жолын толғаныспен еске алған кейіпкеріміз оны бакалавриаттан бастағанын айтады. Әдетте адамдар университетті бір дипломмен бітіріп шығады ғой. Ал кейіпкеріміз Қытайдағы Синцзян университетінің бакалавриатын 25 дипломмен бітіріп шығыпты! Өйткені үнемі ізденіспен жүріп, өз оқуынан бөлек компьютер үйрену, ағылшын тілін оқу секілді түрлі курстарды қоса бітірген екен.
– Синцзян университетінде үздік студенттерге сыйақы төленіп, түрлі курстарға жолдамалар мен білім алуға септесетін заманауи құрылғылар берілетін. Сондай мүмкіндіктің бәрі көп ізденуге, оның соңы ғылымға жетеледі. Бакалавриатты бітірерде енді шығып жатқан наноматериал бойынша батарея жасадым. Наноматериалды сынайтын жоғары сапалы құрылғы Жапонияда болғандықтан, сол елде осы жұмысымыз зерттеліп, жақсы нәтиже алып, ғылыми мақала жарияланған. Қытайда батарея жасауда маған Ануар мұғалім ғылыми жетекші болды. Сол кісінің жетекшілігімен уақытымыздың көбі зертханада өтетін. Тіпті кейбір зертханалық жұмысты таң ата бітірген кезіміз де кездесті. Онда ғылымды қалай жасау керегін, ғылымнан нәтижені қалай алуға болатынын үйрендім, – деді қолданбалы химиямен бакалавриатта-ақ айналысқан Ж.Жеңіс.
Кейін анар жемісінің қабығынан түрлі пайдалы қосылыстар алған Ташкенттегі ең беделді Өсімдіктер химиясы ғылыми-зерттеу институтының ғалымымен танысып, бірге зерттеулер жүргізіпті. Осыдан соң кейіпкеріміз өсімдіктердің пайдалы қасиеттерін ғылыми тұрғыда дәлелдеу бағытына ден қойыпты. Бәлкім бұл оның алуан түрлі өсімдіктердің әлемі бар Байөлкеде туғанынан, табиғаттың шипалы туындыларының қасиеттері мен қазақша атауларын үнемі айтып отыратын әкесінің әңгімесі санаға сіңгенінен де болар. Ғалым органикалық қосылыстардың технологиясы бойынша магистратураны және өсімдік химиясы бағытында докторантураны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінде, фармакогнозия бойынша постдокторантураны Жапонияның Токио қаласындағы Хоши университетінде оқып бітірді. Токиода 2 жыл бойы Фармакогнозия факультетінде өсімдіктен органикалық пайдалы, биологиялық белсенді қосылыстарды бөліп алғаннан бастап, қайтадан олардың құрылымын анықтау, биологиялық белсенділігін зерттеуге дейін біртұтас жұмысты дербес атқарды. Кейін Оңтүстік Кореяның Кионсан ұлттық университетінің Өмір туралы қолданбалы ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері болды. Мұнда да әртүрлі ауруларға, диабетке, тұмауға қарсы табиғи қосылыстарды зерттеді. Содан соң Қытай ғылым академиясына қарасты Химия және физика институтының «Жоғары талантты ғалым» деген аталымы бойынша арнайы шақыртуымен обырға қарсы өсімдіктердің қасиеттеріне зерттеулер жүргізіп, толымды еңбек етті. Сөйтіп, халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, елге, атамекеніне оралды. Қазір Әл-Фараби университетіндегі Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығына жетекшілік етеді.
– Ғылыми орталығымызда еңбек етіп жүрген зерттеу тобымның негізгі тақырыбы – жусан және жусанның дәрілік қасиеттері. Жусан – әртүрлі аурулардың алдын алуда қолданылатын дәрілік өсімдік. Көбіне белгілі, жусанды зерттеу жұмысына Нобель сыйлығы да берілген. Осы өсімдікті қазақ халқы ертеден түрлі мақсатта қолданып келді, бірақ оны ғылыми негіздеуге жеткізбеген. Бір ғана Қазақстанда 81 түрлі жусан өседі, соның 19-ы – эндемик, яғни тек біздің елде ғана бар. Қазір біз осы жусанның түрлерін, оның обырға, тұмауға, диабетке, басқа да ауруларға қарсы белсенділігін зерттеп жатырмыз. Жақында зерттеу тобымызбен эндемик жусанның түрлерінен жаңа қосылыстарды бөліп алып, оның обырға қарсы белсенділігін зерттегенде өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Біз бөліп алған қосылыстар иммунитет арқылы қатерлі ісік ауруларын емдеу әдістерінде жоғары дәрежеде белсенділік көрсетті. Енді осы қосылыстардың обырға қарсы белсенділігін дәлелдеу жолында тер төгіп жатырмыз. Былтыр елімізде өсетін жусандардың диабетке және тұмауға қарсы белсенділігін зерттеуге гранттық қаржыландыру алдық. Жусанды жан-жақты зерттеуіміздің үшінші бағыты етіп қазақ даласында ғана өсетін осы бір дәрілік өсімдік түрлерінің тері ауруларына қарсы белсенділігін де сынақтан өткерудеміз. Осыншама зерттеудің нәтижесінде біз жусанның 6 түрінен, яғни жусан экстрактілерін, антиаксидантты белсенділігін пайдаланып, иісмай мен жақпамай алдық. Өйткені зерттеулер барысында жусанда теріге сіңу қасиетінің жоғары екенін анықтадық. Осы зерттеу бойынша жазылған ғылыми мақаламызды халықаралық беделді журналға жариялауды жоспарлап отырмыз, – деді профессор Жанар Жеңіс.
Кейіпкеріміздің бір топ ғалыммен бірге жусанға қатысты зерттеудің қорытындысы бойынша жазған көлемді ғылыми материалымен танысып шықтық. Халықаралық «Molecules» журналына шығарған «Traditional Use, Phytochemical Profiles and Pharmacological Properties of Artemisia Genus from Central Asia», тура тәржімелесек, «Орталық Азиядағы артемизия (жусанның ғылыми атауы) тұқымының дәстүрлі қолданылуы, фитохимиялық профильдері және фармакологиялық қасиеттері» деген тақырыптағы еңбекте мынадай сөйлем бар: «Зерттеу деректері Қазақстанның жусан тұқымдас эфир майының бактерияға, зеңге және вирусқа қарсы белсенділігі бар екенін көрсетеді». Осыдан-ақ ғылымда жусанның біз білмейтін қасиеттерін анықтау, дәлелдеу жолында үлкен іс атқарылып жатқанын ұғуға болады. Осыншама еңбек етіп жүрген ғалым жас зерттеушілерді ғылымға жетектеумен, баулумен ғана емес, олардан еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыра алатын буын қалыптастыруға үлес қосып келеді.
– Студенттерге әрдайым өздерінен «Бұл өмірге не үшін келдім? Берілген өмірді қалай өткізуді көздеймін, өмірлік мақсатым тек ішіп-жеу, қыдырып, тойлау ма, әлде туған жерге, Отанға немесе адамдарға көмектесу, қоршаған ортаны қорғау ма? Мемлекет, қоғамды айтпағанда, өзім өмір сүріп жатқан жер шарына қандай оң әсер ете аламын?» деп сұрау керегін еске салып отырамын. Олардың өміріндегі мәнін осыдан аңғаруға болады. Жастардың көбі оқыған мамандығымен жұмыс істемей, адасып кетеді. Ізденушілерді үнемі қолымнан келгенше таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарауға, өз кәсібіне адал болуға, сол арқылы тұлға болып қалыптасуға шақырамын. Осыған қоса тіл білуге үгіттеймін, шет тілдерін білген – өте маңызды, халықаралық деңгейге шығуымыз дәл осы мәселеге келіп тіреледі. Отандық ғылымды дамыту үшін ғылымға жастардың көбірек келуі керек. Жастар ғылымға бет бұруы үшін оларға табандылық қажет. Мұндай балаларды отбасынан, балабақшадан, мектептен бастап баули аламыз, бұл үшін оларды кішкентай кезінен ғылымға бағыттаған абзал, – деп түйіндеді кейіпкеріміз.
Иә, тәрбие де, Отан да, тіпті таным-түсінік те отбасынан басталады. Осы ойға жетелеген Жанар Жеңіс – өзі де зиялы отбасынан шығып, бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана, сүйікті жар, енесімен бірге кітап оқитын сүйкімді келін, ізінен ерген ізашарларға үлгілі жан.