Дәстүр • 22 Наурыз, 2024

Дала дәстүрін даралаған...

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың бағзыдан жалғасқан әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, өнері мен дәстүрі­нің тереңіне үңіліп, таразылап, талдау қашан да ұлттық сипатымызды арттыра түседі. Мәселен, қазақтың бір аты – қонақжайлылық дейміз. Дарқан даланың ен төсін жайлап өскен еркін халықтың бойында мұндай мәрт мінездің болмауы да мүмкін еместей.

Дала дәстүрін даралаған...

Фото: massaget.kz

Ұлтымыздың осы бір дәс­түрі хақында этнограф-архео­лог, тарих ғылымдарының док­­то­ры Халел Арғынбаев «Қазақ­тың от­басылық дәс­түр­лері» атты ғылыми-та­ным­­дық монография­сында: «Қазақ от­басына тән ерекше абзал қасиет­терінің бірі – ежел­ден бері келе жат­қан қонақ­жайлылығы. Қазақ үшін қонақ­тың таныс болуы, тең­дес болуы шарт емес, әрбір жолау­шы-қонақ қонған үйіне «бөлін­беген еншім бар» деп қонақа­сын талап етеді», деп жазады.

Тұрмыс-салтымыздағы ұлт­тық сипатқа, ұлттық нақыш­қа, тіпті ұлттық мінезге айналып үлгерген кей ерекшелігіне талай этнограф тереңнен тоқ­талып, зерттеу еңбекте­рін жазды. Осы орайда, жоғары­да атап өткен, еліміздегі этнографтар мектебінің негізін қалаушы Халел Арғынбаев­тың еңбектерін тілге тиек еткелі отырмыз.

1973 жылы ғалымның «Қа­зақ халқындағы семья мен не­ке» (тарихи-этнография­лық шолу) атты күрделі монографиясы жарық көрді. Ол 1996 жылы «Қайнар» баспасынан «Қазақ отбасы» деген атаумен екінші рет басылып шықты. Бұл – автордың ширек ғасыр бойы ел арасынан, этнографиялық экспедициялардан, мұрағаттар­дан, бұрын-соңды баспа жүзін көрген әдеби мұралардан жи­наған қыруар этнографиялық зерттеу еңбегі. Онда қазақ от­ба­сының өткені мен бүгіні, хал­қымыздың оған байланысты бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қаузалған. Кітапта халықтың ұмыты­лып бара жатқан озық дәстүр­лерін насихаттау, одан ғибрат алуға үндеу мақсат етіледі.

Сондай-ақ кейбір қызықты ғылыми тұжырымдар да кез­деседі: «Қазақ дәстүрінде бірге өскен құрдастар арасында­ғы қарым-қатынас та дамыған. Құрдастар бір-бірімен өте қатты қалжыңдасып, тіпті бірінің әйе­лін бірі «өз әйелім» деп әзілдеп отырады... Одан әрі тағы бір жерде «Неке құрудың ең бір көне түрінің, яғни, алғашқы қауымдық қо­ғамда болған топты некенің жұрнағы ретінде қазақ арасында әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) әдет-ғұрыптары бойынша үйлену тәртібі күні кешеге дейін сақталып келді. Бұл әдеттер тек қазақ халқы­на емес, соны­мен бірге көп­те­ген түркі тілдес халық­тар мен моң­ғол халықтарына да тән».

Халел Арғынбаев бұдан бө­лек «Қазақ халқының қолөне­рі», «Хозяйство казахов», «Қа­зақ шежіресі хақында», «Казахи. Историко-этнографическое ис-
­следование», «Қазақтың мал шаруашылығы жайында этно­графиялық очерк», «Мал ауруларын емдеудегі қазақтың халықтық тәжірибесі туралы этнографиялық очерк», басқа да толымды еңбектер жазды.

Қазақтың туысқандық жүйе­сін, халық шаруа­шы­лығының ерекшелігін, ұлт­тық мәнерін, күнделікті тұр­мыстағы әде­бін, қазақ қол­өнерінің біре­гейлігін зерт­теп, онысын үне­мі екі тілде жариялаған Х.Арғын­баев 1960-1970 жылдары ха­лық­ара­лық басқосуларға да жиі қатысып, әлемдік сахнада ғы­лыми баяндамалар оқыды. Қазақ этнографиясының же­тіс­­тіктерін жариялап, алыс-жақын шетелдермен, атап айтсақ, Ресей, Өзбекстан, Түрік­­­­менстан этнографтарымен  бірлесе жұмыс жүргізді.

Мәселен, этнограф-ғалым­ның қазақтың ат әбзелдеріне алғаш рет ғылыми тұрғыдан баға беріп, ондағы әрбір деталь мен ою-өрнекті талдап, олардың қолданысы жа­йында кеңірек сипаттаған. Қамшыны «мүйіз сапты қам­шы», «тобылғы сапты сарала қамшы», «ырғай сапты қамшы», «үш өрімді қамшы», «сабы елік сирағынан жасалған қамшы», «өрме сапты қамшы», «қамшы өрімін өзінен өру үшін жасалған қамшы» деп жетіге бөледі. Бұған қоса құйысқан, өмілдірік және тартпа түр­лерін де жіктеп берген.

Айта кетейік, биыл этно­граф Халел Арғынбаевтың туғанына 100 жыл толады. Мерейтой қарсаңындағы мін­дет – арда ғалымның мол мұ­расы зерттеліп, есімін жас ұрпақ­қа кеңінен таныту мақ­са­­тында жүйелі жұмыстар жүр­гізу керек екені сөзсіз.