Талбесік • 22 Наурыз, 2024

Жаңа жылдың жаршылары

165 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам дүниеге келгенде шыр етіп туатыны сияқты жер-дүниені жайнатып жететін көктемнің де хабаршылары бар. Олар – бұлақтың сыбдыры, құстардың шиқылы. Майдақоңыр самал ескен сайын даланың ғажайып қоңырауындай сайрауық құстар көктемнің келгенін жаршылап тұр. Осы орайда бізге Зоология институының ғылыми қызметкері, орнитолог Бекжан Бердіқұлов көктемде ұшып келетін жыл құстары туралы біраз мағлұмат берген-ді. Оның айтуынша, наурыз айынан бастап келе бастайтын құстар торғай тәрізділер, жыртқыш құстар мен су құстары болып бөлінеді. Еліміздегі 500-ден аса құстың 400-ге жуығы осы кезде ұя салады. Төменде солардың бірқатарына тоқталып өткенді жөн көрдік.

Жаңа жылдың жаршылары

Фото: massaget.kz; birdsoftheworld.org

Нәурізек

вн

Дене бітімі – жіңішке, мойны – қысқа, басы – дөңгелек, құйрығы – ұзын әрі көлемді. Олар құйрығын белсенді түрде жоғары-төмен шайқап отырады. Бұл – олардың бір-бірімен коммуникация не жыртқыштарды қорқыту тәсілі немесе аумақты белгілеу кезінде назар аударту әдісі болуы мүмкін. Жерде жүргенде басқа құстар сияқты секіріп емес, алға-артқа жүгіріп қозғалады. Сонымен қатар түріне байланысты қара немесе сары ерекше өрнекті қауырсындары болады. Қазақстанда 7 түрі бар.

Қорегі: Жәндіктермен, әсі­ресе ине­лік­термен қо­рек­тен­генді жақсы көреді. Қо­регін жерде де, әуе­де де аулай бере­ді. Тіп­ті ұсақ жеміс­термен де қоректеуі мүмкін.

Келетін уақыты: Оңтүстікте наурыздың ортасынан сәуірдің басына дейін, солтүстікте сәуірдің ортасынан мамырдың басына дейін.

 

Қарлығаш

пар

Айыр құй­рықты, үшкір қа­натты танымал құс. Қар­лығаш ежелден көптеген ха­лықтың мәдениетіне әсер етті. Біз үшін киелі құс болса, Қытайда отбасының бақыты саналады, ал африкалықтар үшін – тазалық символы. Бізде ұя салатын қарлығаштар сонау Африканың оңтүстігінен ұшып келеді. Олардың миграциялық жолы шамамен 71 мың шақырымды құрайды, бұл – жер шарын екі айналған сияқты қашықтық. Қарлығаштардың өзіне тән күрделі сөйлесу түрі бар, олардың есте сақтау қабілеті өте мықты. Ауада өте епті әрі тез ұшады. Қазақстанда 7 түрі кездеседі.

Қорегі: Шыбын-шіркей, маса, көбелек және басқа да ұшатын омыртқасыздар. Қорегін ұшып жүріп аулайды.

Келетін уақыты: Оңтүстікке наурыздың аяғы мен сәуірдің басында, солтүстік пен тау­лы жерлерге сәуірдің ортасы мен мамырдың басында ұшып келеді.

 

Бозторғай

апр

Шұбар қоңырқай қауырсынды торғайдан сәл үлкендеу құс. Түсі шөптер мен бұталар арасында жасырынуға керемет мүмкіндік береді. Кейбір түрінің басында айдары болады. Соған қарап, айдарлы бозторғайды кейбір аймақта молда торғай деп атап жатады. Айдары ән салғанда немесе агрессия білдіргенде тік тұрады. Бозторғайлар бірнеше минут бойы тоқтамай ән сала алады. Тағы бір ерекшелігі, олар биікте ұшып тұрып, өзін жерге бірден тастап жібереді. Бұл ұшу тактикасын қауіп төнген жағдайда, жыртқыштардан ізін жасыру үшін жасайды. Қазақстанда 13-14 түрі кездеседі.

Қорегі: Жазда қоңыз, өрмекшілер, ал күзде өсімдік тұқымдары мен дәнді дақылдар.

Келетін уақыты: Оңтүстікте ақпанның аяғы – наурыздың басы, солтүстікте наурыздың аяғы мен сәуірдің басы.

 

Құрқылтай

впв

Арқасы қызыл-қоңыр түсті, қара бет­пердесі бар кішкентай құс. Құрқылтай ұясының құрылымы өте ерекше. Аталықтары полигамды, яғни ұялау маусымында барынша көп ұя салып, көп ұрпақ қалдыруға тырысады. Олар аналықтарының назарын аудару үшін барынша әдемі, үлкен, қауіпсіз ұя салуға тырысады. Қазақ халқында құрқылтайдың ұясы бедеулікке ем деген сенім бар. Алайда ол ғылыми дәлелденбеген. Бүгінге дейін «Құрқылтай ұясына қайтып оралмайды» деп ұясын жинап, кәсіп көзі ететіндер бар. Бірақ ұялау маусымында кез келген құстың ұясын бұзуға болмайды.

Қорегі: Жәндіктер, өрмекшілер мен ұсақ омыртқасыздармен қоректенеді. Бұған қоса қоңыз, құмырсқа, шыбын сияқты басқа да ұсақ тіршілік иелерін жеуі мүмкін.

Келетін уақыты: Наурыздың ортасында пайда болады, мамырдың ортасында миграциясы аяқталады.

 

Көкек

апр

Көкекті көбіне түріне қарап емес, дау­сынан ажыратып жатады. Аталығының қанаты, басы, арқасы, мойны және жемсауы біркелкі сұр. Кеуде мен құрсағы ақ және көлденең сұр жолақтары бар. Аналығы ұқсас, бірақ мойны және жемсауы күреңдеу. Көкек ұясын өзі салмай, басқа құстардың ұясына жұмыртқаларын тастап кететіні көпке белгілі. Бұл эволюциялық бейімделудің бір себебі ретінде ұя салуға энергия жұмсамай, бір маусымда көбірек жұмыртқалауды көздейтіні айтылады. Дегенмен олар табиғи ортаның индикаторы рөлін атқарып, тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады.

Қорегі: Жәндіктер, жұлдызқұрт, өрмек­шілер, кейде басқа құстардың жұмыртқаларын жей алады. Жеміс-жидекпен де қоректенуі кездеседі.

Келетін уақыты: Сәуірдің ортасынан бас­тап келе бастайды.

 

Аражегіш

сми

Қауырсындары тығыз әрі жылтыр, денесінде көк, жасыл, сары түстері басым әдемі құстар. Қанаттары ұзын әрі өткір, тұмсығы ұзын әрі жіңішке, аяғы қысқа, жерде жақсы жүре алмайды. Ұшуы жылдам. Орманды жерден гөрі бұталы, ашық кеңістікті дұрыс көреді. Елімізде сарыалқым және жасыл аражегіш дейтін екі түрі бар. Соңғысы сирек кездеседі.

Қорегі: Шыбын-шіркей мен жәндіктерді, құмырсқаларды, әсіресе, бал ара, сона, түкті араны жақсы көреді. Оларды жемес бұрын, бізгегін жұлып алады. Құмырсқаларды да жейді.

Келетін уақыты: Сәуірдің екінші жартысы мен мамырдың ортасында келе бастайды.