Аймақтар • 26 Наурыз, 2024

Қардың еруі қарқынды

32 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда су тасқынына қарсы жұмыс­тар күшейтілді. Себебі күні кеше ауа тем­пературасының күрт көтерілуі және қардың қарқынды еруі салдарынан 12 су басу фактісі тіркелді. Қазір су басу қаупі бар 31 елді мекенде арнайы шара­лар жүргізіліп жатыр. Былтырғы жағдай қай­таланбас үшін барлық техника түрі жұмылдырылған.

Қардың еруі қарқынды

Фото: gov.kz

Алакөл ауданының Қабанбай, Ақтүбек, Бескөл стансасы, Көктұма ауылдары және Кербұлақ ауданы Қайнарлы ауылы бойынша 30 жеке тұрғын үй ауласын су басты. Абырой болғанда тұрғын үйлердің ішіне су кірмеген. Бұған қоса екі автожолдың үстінен еріген қар суы өтті. Атап айтсақ, бұл – Кербұлақ ауданының Жоламан ауылы мен Жоламан стансасы және Малайсары ауылы мен Малайсары стансасы жергілікті маңызы бар автожолдар. Сондай-ақ Ақсу ауданына қарасты Қопа ауылында су бұру каналында су деңгейі көтерілді. Облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков айтуынша, тұрғындардың барынша сақтанып жүргені абзал.

«Бүгінде Ескелді ауданының Абай және Ешкіөлмес ауылдары бойынша тиісті жұмыстар басталды. Сондай-ақ Панфилов ауданының Көктал-Арасан ауылы және Текелі қаласы бойын­ша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Ал Кербұлақ ауда­нының Малайсары және Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Қаратал ауданы Үштөбе қаласы және Кербұлақ ауданының Архарлы ауылдары бойынша су тасқынына қарсы жұмыстар демеушілік қаражат есебінен жүргізіледі», дейді Р.Тазабеков.

Оның айтуынша, оқыс оқиғалар кезінде департамент мамандары жедел түрде құтқару жұмыстарын жүргізуге дайын. Зардап шеккендер жоқ, ғимараттар да бүтін. Департамент және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе су тасқынына бейім елді мекендерді ерекше бақылауға алды.

«Жалпы, су тасқыны жағдайының күрделенуі кезеңіне 95 тонна жанар-жағармай қоры, 2,6 мың тонна инертті материалдар, 49 мың қап дайындалды. Бұған қоса 1 056 жеке құрам, 264 техника бірлігі, 141 мотопомпалар, 165 қорғаныс киімдері және 7 жүзу құралдары бар. Зардап шеккен халықты уақытша орналастыру мақсатында білім беру және Мәдениет үйлері ғимараттарында 175 пункт бекітілді», дейді Р.Тазабеков.

Бүгінде су тасқыны жағдайын бақылау үшін облыс бойынша 57 гидропост қойылған. Мамандар су тасқыны қаупі бар екі елді мекенде 1,2 км су бұру арнасына жөндеу және 4,6 км өзен арналарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы аясында 92 км арық желілері, 66 км каналдар және 1 728 су өткізгіш құбырыстары қар мен мұздан тазартылған. Су басу қаупі бар елді мекендерден 17 мың текше метрден аса қар шығарылған.

Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда 141 бірлік су сорғыш мотопомпалар мен 264 бірлік техника әзір тұр.

 

Жетісу облысы