Әйелінен ресми түрде ажырасқандар баласының қажеттілігін қамтамасыз ете алмауына әртүрлі себеп айтады. Көпшілігінің тұрақты табысы жоқ, кейбірі басқа мемлекетке қоныс аударған немесе бірқатарының тұрғылықты мекенжайын анықтау мүмкін емес. Арасында із-түзсіз кеткендер де бар. Алимент төлемеуге қырық түрлі сылтау тапса да, «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес ажырасқан әке мен шеше баланы 18 жасқа дейін тәрбиелеп, өмірлік бағдар беруге міндетті. Ажырасу олардан негізгі жауапкершілікті алып тастамайды, балаларының санына қарай ай сайын алимент төлеп тұруға тиіс.
Қазіргі кезде Ақтөбе облысы сот орындаушыларының қолында алимент өндіріп алу туралы 10 мыңнан аса атқарушылық іс бар. Әділет министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2017 жылы бекітілген жұмыспен қамту органдары мен сот орындаушыларының өзара іс-қимылы туралы бірлескен бұйрығына сәйкес, борышкерлерге бос жұмыс орындары ұсынылады. Уәкілетті органдарда әртүрлі бос жұмыс орындары туралы барлық ақпарат бар және борышкерлердің кәсіби біліктілігі мен мамандығына сәйкес жұмыс түрлері ұсынылады.
Өкінішке қарай, көп жағдайда ажырасудың басты себептері – ер адамдардың маскүнемдігі мен есірткіге тәуелділігі, қарызға батуы. Әйелдер отбасын сақтап қалу мүмкін болмаған кезде ғана ажырасады. Алимент төлемей жүрген борышкерлердің бірсыпырасы – банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдында қарызға бату, лудоманияға шалдыққандар және қаржы пирамидасына кіріп қарызға белшесінен батқандар. Бір назар аударарлық жайт, некесі бұзылғандар арасында кейінгі кезде ойынқұмарлыққа шалдыққан әйелдер саны көбейген.
Ақтөбе облысы